Мұғалімнің еңбегі қағазбен ғана бағалана ма?

1 4 Білім

Әрине, білім саласында жаңалықтар көп. Ол айтылып та, жазылып та жатыр, мен оларға тоқталғым келмейді. Бұл жолы мектеп жұмысындағы олқылықтарды атап өтсем деймін.

1

Оқу жылының ең алғашқы күнінен бастап соңғы күніне шейін кестесіне сай толыққанды сабақтар өтуі тиіс болса, соның алғашқы күнінен бастап оқу режимі бұзылады. Айтпағымыз, бірінші қоңырау мен соңғы қоңырау салтанаттарын сабақтан тыс уақытта өткізсе болмай ма? Соның өзінде 1 сыныптан 11 сыныпқа дейінгі балаларды шақырайған күннің астында бір сағат бойы тапжылмай тұруға мәжбүрлеу бала құқығына қол сұққандық емес пе? Ендеше, бұл салтанаттарды өткізу уақыты мен ұйымдастыру формасын өзгерту керек-ақ!

Оқу тоқсанының аяқталуынан бір апта бұрын көпшілік пәндерден тоқсандық бағалар шығарылып қойылады. Оқу тоқсанының қалған күндерінде сабақтарға дайындалмақ түгілі, бірқатар оқушылар үшін мектепке барудың өзі қажетті болудан қалады. Бұл келеңсіздіктің орын алуы – тоқсандық, жылдық есептерді каникул кезінде тапсыратын болғандықтан, аудандық, қалалық білім бөлімдерінде белгіленген кесте бар. Бұдан туындайтын қорытынды – тоқсандық, жылдық бағалар сабақ жоспарлары толық орындалғаннан кейін ғана шығарылуы тиіс.

«2» ДЕГЕН БАҒАНЫ ҚОЙМАЙТЫН БОЛДЫҚ

Педагогикалық оқулар, түрлі тақырыптарға арналған семинарлар, кәсіби сайыстар мен шараларға мұғалімдердің апталап дайындалуларына тура келеді де, сол тұста өзінің күнделікті төл ісіне елеулі нұқсан келеді. Бұл сайыстар өткізілетін мектептер де едәуір әбігерге түседі.

«Тыңдаушысы ықыласты болса, сөйлеуші шешен болады» деген бар. Бұл тұрғыда оқушының білуге деген ынтасын қалай оятуға болады, білімге деген құштарлығын қайтіп көтеруге болады? Оқу үдерісіне қаншама әдіс-тәсілдер мен технологиялар енгізіліп жатыр. Соның бәрі күткендей нәтиже берер болса, осы күні оқушылардың білім сапасы 100% болар еді ғой. Мұның бір себебі білім беруде мәжбүрлеу әдісінің қолданыстан мүлдем шығып қалуында деп білеміз. Сабақ білмеген оқушыға «1», «2» бағалары қойылмайды. Тоқсандық, жылдық «2» бағасы мүлдем шығарылмайды. Оны бала жақсы біледі.

ҰБТ жөнінде де қаншама келеңсіз жайлар айтылып та, жазылып та жүр, бірақ, «баяғы жартас бір жартас». Бұрынғы күзгі сынға қалдыру, келесі сыныпқа көшірмеу тәжірибесі қайда қалды? Бір сыныпта екі, үш жыл отыратын балалар болатын еді ғой.

«Алтын белгіге» үміткерлерді дайындауға ерекше жағдайлар жасалып келді. Олар үшін күнделікті сабақтарға қатыспай-ақ ҰБТ-ға кіретін пәндерге облыс орталығында дайындалуға жазылмаған тәртіппен бейресми рұқсат етілді. Оның салдары білім туралы заң талаптарын бұзуға, мұғалімдер қауымын жалған сөйлеуге, жалған бағалар қоюға әкеліп ұрындырды.

Сондықтан басқа оқушыларға да төрт пәннен басқаларын оқу-оқымау өз мәнін жойып алды. Міне, осы бір келеңсіздіктен арылу үшін Білім және ғылым министрлігі келесі оқу жылынан бастап ҰБТ-ға тағы бір жаңалық енгізгелі отыр. Енді оқушы ҰБТ-ға енетін бір пәнді өзі таңдау құқығынан айырылады. Оны емтихандар жақындағанда министрлік өзі белгілейтін болыпты. Сөз жоқ, бұл оқушы үшін тосын болары анық. Алдын-ала белгілі төрт пәнге екі жыл бойы дайындалатын бала үшін төртінші пән соңғы сәтке дейін жұмбақ болса, ол емтиханға қалай дайындалмақ? Мұның өзі бала құқығын бұзу болып табылмай ма? Алдын-ала дайындалатындай ол үш пәнге неге артықшылық (немесе сол пәндердің мұғалімдеріне) беріледі? Соңғы сәтте ғана белгілі болған пәннің емтихан нәтижелері нашар болса, оған оқушының кінәсі қандай болмақ, мұғалімнің еңбегі қалай бағаланбақ?

Тақырып бойынша сөз еткелі отырғанымыз – мұғалімдердің кәсіби шеберлігі. Институт бітіріп келген жоғары білімді мұғалімді жоғары білікті маман деп айта алмай жатамыз. Педагог кадрларын даярлайтын жоғарғы оқу орындарының мектептермен байланысы жоқ. Оқу жоспарлары мен бағдарламалары біржақты теориялық білім беруге негізделген. Материалдық базаның деңгейі де көңіл тоярлықтай емес.

Қолындағы оқу бағдарламасына сай тестілер қорын жасақтауға мұғалімдердің не өресі жетпей, не мойны жар бермей жатады. Ізденімпаз мұғалімдер сирек, ал, барларының еңбегін бағалау, ынталандыру жайы мәз емес. Мұғалімнің жетістігін қағазбен ғана бағалау тәжірибесі кейінге қалуға тиіс. Бұл жөнінде ештеңе жасалмай жатыр деуге болмас. Дегенмен, тарифтік кестеден басқа да материалдық ынталандыру және ол тек оқу жылының қорытындысы емес, тоқсан сайын болса ше?

Осы жерде қалалық мұғалім мен ауыл мұғалімінің еңбекақыларын теңестіретін кез келді деп айтсақ әділ болар еді.

МЕКТЕПТЕ ДҰРЫС БАЗА ЖОҚ

Келесі мәселе материалдық база жөнінде. Мектептердің материалдық базасы өте жұпыны. Ең қарапайым көрнекіліктердің өзі (схемалар, кестелер, плакаттар, карталар, муляждар және басқалары) жоқтың қасы. Технология, дене тәрбиесі пәндерінің материалдық базасы мүлдем сын көтермейді. Жаңадан салынған мектептерде еңбек пәнінің шеберханасына станоктар, басқа да жабдықтар қойылады. Алайда, оқушылар пайдаланатын құрал-саймандар жетіспейді.

Пән кабинеттерін жасақтау, безендіру – мұғалімнің қалтасын қағатын жұмыс. Сондықтан кабинет меңгерушісін кабинет жұмысын жүргізуге құлықсыздығы үшін кінәлауға да ауыз бармайды. Оның үстіне пән кабинеті мен сынып бөлмесінің айырмашылығын түсінбейтін мұғалімдер, оған мән бермейтін басшылық қай деңгейде де бар.

КОНКУРСТАРДАН КӨЗ АШПАЙМЫЗ

Осы жерде айтарымыз, оқу жылы ішінде жоғарыдан жедел шаралар ұйымдастыру (конкурстар, шаралар, шығарма, диктант жазу, түрлі оқулар, интеллектуалдық ақылы сайыстар) жөнінде нұсқаулар келіп жатады. Оның бірқатары «шұғыл», «өте шұғыл» деген белгілермен келетіні бар. Мұндай тапсырмалар педагогикалық кеңес бекіткен жылдық жоспарда көзделмегендіктен мектептің жоспарлы жұмыс ырғағын бұзады. Тіпті кейбір кездері сондай тапсырмаларды өкшелеп телефонмен жұмыс аяғына дейін, ертеңнен қалмай орындау керектігі талап етілетіні бар. Ал, ол шындығында берілген мерзімде орындала қоятын жұмыс болмай жатады. Қайтпек керек? Сондықтан сол кездерге келіп тұрған жоспарлы жұмыстардың бірқатарын кейінге ысыра тұрып, біраз адам жаңағы тапсырманы орындауға (қағаз жүзінде) жұмылады.

Тағы бір айтарлық мәселе–мектептерді қаржыландыру жайы. Еліміз егемендік алған жылдары білім саласындағы күрделенген мәселелерді шешуде жасалған жұмыстар ұшан-теңіз! Десек те, әлі де жасалар жұмыстар одан кем де болмас. Мектептерді қаржыландырудың қазіргі жай-күйі оның материалдық базасын толықтыру, жаңғырту немесе оқу-тәрбие жұмыстарының қажеттілігін өтеу емес, қазіргі барының өзін сақтап тұруға қалт-құлт жетіп жатады. Бұл айтқандарды қамтамасыз ету үшін кейбір мектептер орайын келтіріп демеушілер тартып жатады. Мемлекеттік қаржыландыруда тұрған оқу орнының сырттан демеуші іздеуге мәжбүр болу фактісінің өзі қаржыландыру деңгейінің қандай күйде екенінен хабар беріп-ақ тұр! Бір баланы оқыту шығынының нормативін жасақтап, мектептерді соған сай қаржыландыру жөнінде пікірімізді бұдан бұрын да жазғанбыз. Мектептер норматив негізінде қаржыландырылмағасын (маман даярлау жөнінде де осылай айтар едік) бұл істе алалық та болып жатады.

НЕ ІСТЕУІМІЗ КЕРЕК?

Біржақты сынаушы ретінде ғана көрінбей, сол аталған кемшіліктерді жою жобасын да ұсынуды жөн көрдім.

Бірінші: қандай мақсатқа болса да, сабақ кестесін бұзуды дереу тыю, яғни, оқу жылының алғашқы күнінен бастап ең соңғы күніне дейін оқу ісінің сабақтар кестесіне сай жүруін қамтамасыз ету;

Екінші: оқу орындарының бір оқушыны оқытуға қажетті қаржыландыру нормативін батыл енгізу. Мектепті қаржыландыру жоспарына көрнекіліктер, оқу-құрал жабдықтарын алуға арналған арнайы ерекшелік (специфика) енгізу;

Үшіншіден: жыл ішінде ұйымдастырылуға тиіс жоғарыдан түсетін барлық шаралар мектептерге оқу жылы басталмас бұрын жеткізілуі тиіс;

Төртіншіден: ҰБТ-ға енбейтін басқа пәндердің мәнін көтеру үшін мектеп бітіру аттестатындағы жиынтық баллды сертификатқа ҰБТ-да алған баллдарына қосып жазу;

Бесіншіден: оқулықтар жазуға аузы дуалы, ойын жүйелі жаза алатын, жазуға бейімі бар, көрген-білгенін талдауға қабілетті, тәжірибелі мектеп мұғалімдерін тарту және сөз саптау, сөйлем құрау жөнінде мұғалімге жетекші рөл беру.

Алтыншы: толық емес орта білім мен жалпы орта білімді үш жақты келісім-шарт негізінде оқыту. Онда мектеп, оқушы, ата-ананың міндеті, құқығы және жауапкершілігі көрсетілген осы үшеудің қарым-қатынасында туындауы мүмкін барлық жағдайлар қамтылуы тиіс.

Нығметолла ҚҰРМАШЕВ, ардагер мұғалім

Махамбет ауданы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз