ҰЛТТЫҚ МҰРАНЫҢ ОРНЫ МУЗЕЙДЕ

Ашылғанына бір жыл толып отырған Астанадағы Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясымен және тікелей қолдауымен іске асқан жоба. Ұлттық музейдің жалпы көлемі 74 мың шаршы метр аумақты алып жатыр. Ол архитектуралық сәулеті жөнінен әлемнің үздік 10 музейінің қатарына енеді. Қазір мұндағы жиналған жәдігерлер саны 200 мыңға жуықтады. Ұлттық музей қордағы жәдігерлерді келушілерге ұсынумен ғана шектеліп отырған жоқ. Музей болашақта бүкіл халыққа рухани азық беретін ірі орталық болып қалыптасуды  мақсат етіп отыр.

 

Қазіргі таңда осы мақсат жолында аянбай жұмыс атқарып жатқандары да рас. Бір ғана мысал, 18 мамыр – Халықаралық музейлер күніне орай Ұлттық музей ұйымдастырған «Музейдегі түн» акциясына айналасы 4-5 сағаттың шамасында 23 мың адам келген болатын. Сонымен қатар, музейде халықаралық және отандық деңгейдегі ғылыми конференциялар, «дөңгелек үстел», акциялар жиі ұйымдастырылады. 

Сондай ірі іс-шаралардың бірі – «Ұлттық музейге сый тарту» акциясы. Акция 2015 жылдың наурыз айында басталған. Ашылу салтанатына Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаев бастаған лауазымды тұлғалармен бірге ұлт зиялылары қатысқан. Акцияның басты мақсаты – ұлтымыздың ұлы тұлғаларының өмірі мен шығармашылығына байланысты құнды жәдігерлерді музей қорына қабылдау. Акция қазіргі уақытқа дейін Астана және Алматы қалаларында ұйымдастырылды. Нәтижесінде 700-ге жуық құнды жәдігер Ұлттық музейдің экспонаттар қатарына қосылды.

Ұлттық музей бұл шараны еліміздің барлық өңірлерінде ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Елге еңбегі сіңген тұлғалардың өмірі мен шығармашылығына қатысты жәдігерлер сіздің үйіңізде де сақталып келген болуы мүмкін. Немесе, ата-бабаңыздан бері көненің көзі ретінде мұраға қалған құнды дүние болса, оны ұлт тарихының бір бөлшегі ретінде түсініп, Ұлттық музейге сыйға тартуыңызға болады. Тәуелсіз Қазақстанның әрбір азаматы өз ұлтының тарихы мен мәдениетіне жанашырлықпен қараса, ол елдігіміздің нығая түсуіне кепіл болар игі істің бастамасы. Тарихымызды түгендеп, мұрамызды жинауға атсалысайық ағайын!

Құрметті оқырман, «Ұлттық музейге сый тарту» республикалық акциясына қатысып, ұлтымыз үшін маңызды шараға атсалысам десеңіз, Ұлттық музей қызметкерлеріне хабарласуларыңызға болады. Тел.: 8(7172) 91-90-35. (ішкі 335, 400). Мекен-жайы: Астана қаласы, Тәуелсіздік даңғылы 54.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз