Жарнама
Жаңалықтар

Күркіреп күндей өтті ғой соғыс…

Дүние жүзін тітіренткен, көк пен жерді дүр сілкінткен, күндей күркіреген Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына 80 жыл! Ол уақытта 7-8 жасар балалар қазір 90-ға жақындаған ақсақал болды. Ұлы Отан соғысына Қазақстаннан барғандардың жартысына жуығы соғыстан оралмаған. Сол майдан даласында қалғандардың ішінде 1924 жылы туған Зейнолла Томарғалиев деген менің ағам да бар. 1942 жылы соғысқа алынып, «Сталинград майданына кіргелі тұрмыз» деген үшбұрышты хаты келген, содан кейін хат тоқтады.

Әкем Томарғали Ниетқалиев балықшы еді, броньмен елде қалды. Ол кезде балықшыларды соғысқа алған жоқ, себебі қызыл армияға тамақ керек, балық керек. Анам Жібек Сүндетқызы таңның атысы, күннің батысы колхоздың егінінде бел жазбай еңбек етті. Егін жұмыстары аяқталған кезде мал фермасында сауыншы болды. Қолы қалт еткенде қызыл армияға қойдың жүнінен қолғап, шұлық тоқитын. Түнімен шам жарығымен тоқып, колхоз басшылығына тапсыратын. Шамасы, «менің де балам соғыста, далада тоңып жүр ғой, балама жіберер» деп ойлайтын болуы керек.

Зейнолла ағамнан кіші 1927 жылы туған Сапиолла Томарғалиев деген ағам Гурьев пен Астраханның ортасында теміржол табанын төсеуге қатысты. Жол қатынасындағы жұмыс өте ауыр болып, ауруға шалдықты. Кейін қызыл әскер қатарына алынып, елге сырқатына байланысты қайтарылды. Сол науқастан 1953 жылы қайтыс болды.

Әкем мен анам күні-түні колхоз жұмысында, менің 5-7 жастағы кезім. Ол кезде жазда жайлауға шығады. Үлкен кісілердің «немістер адамдарды самолетпен қуып жүріп өлтіреді екен» деген сөздері есімде қалыпты. Жаз кезі. Бір күні колхоздың бұзауын бағып жүріп, жуа теріп, алысқа ұзап кетіппін. Бір күркіреген дауыс шығады төбемнен. Қарасам, үлкен қарақұс сияқты самолет батыс жақтан ұшып келеді екен. Шамасы, жаудың шолғышы болса керек. Әлгі үлкендер айтқан сөз есіме түсіп кетіп, бағып жүрген бұзауларды тастап, бақырып, ауылға қарай қаштым. Үйге жақындағанда, Жұпар деген апам үйде еді, сол кісі менің дауысымды естіп, алдымнан жүгіріп шықты. «Әне, немістің самолеті, ұшып келеді, енді бізді өлтіреді ме?!» деп жылаймын. Жұпар апам «қорықпа, неміс самолеті емес, немістер бізге қайдан келсін, әскерлер қорғап жатыр ғой» деп жұбатты.

Жұпар апам Қибатолла Сүндетұлы деген нағашымның жолдасы еді. Нағашым қайтыс болғасын, анам біздің үйге шақырып, екеуі түнде құшақтасып, бірін-бірі жұбатып отыратын еді. Жұпар апам – менің екінші анамдай болған адам.

Мен баламын ғой, бірақ анамның сауыншы болғаны, өзімнің бұзау баққаным есімде мәңгіге қалды. Соғыс аяқталды. Боздақтардың көбі соғыстан оралмады. Ұлы Отан соғысының кезінде, 50-ші жылдары елде ұры-қары көбейіп, бала-шағаның сүтін сауып, ішіп күн көріп отырған бірлі-жарым малдарын ұрылар ұрлап кеткен кездер де болды. Адамдар ірілі-ұсақты малдарын ауыз-үйге қамап, сиырдың мүйізіне арқан тағып, оны аяғына, беліне байлап жатқан күндерді көзіммен көрдім.

Елде, қыр жақта соғыстан қашқан қалмақ та жүргенін айтатын. Қарумен қорқытып, біреудің әйелін күштеп ертіп кеткенін де естідік. Соңғы кезде ол қашқын қалмақ туралы жазылды. Біртуар талант, қазақтың классик жазушысы Рахымжан Отарбаев өз әңгімесіне кейіпкер етті. Ақын, тілші Есмұхан Жанизин де елден естіген әңгімелерді анықтап жазып жүр.

Елде түрлі себептермен соғысқа бармай қалған шолақ белсенділер әйел, бала-шағаға көзөттік жасап, бірен-саран түйе-жылқы малдарын жол қатынас жұмысын сылтау етіп, бала-шағасын жылатып алып кеткені де болды.

Қырдағы Андреев колхозының басқармасы Қасантай деген адам да халыққа тынымсыз болған. Қызыл әскерлердің отбасында қалған жас келіншектерге қырғидай тиген. Қасантай басқарманың моральға жат қылықтары жөнінде Теңіз аудандық партия комитетіне дейін арыз жазылып, ол бюрода қаралған. Аудан басшылары Қасантайды ауданға әкеліп, тәртібін қарау керек деп аудандық ішкі істер бөліміне тапсырма береді. Аудандық ішкі істер бөлімі Қасантайды әкелуге кімді жібереміз дегенде, соғыстан оралған майдангер, елдегі ұры-қарыны ұстаған, дүкен, үй тонаушыларға тұсау салған Батырғали Мұқашевқа таңдау түседі.

Қасантай балуан денелі, өзі тентек, қарулы адам екен. Көп адамдар одан тайсақтап, қорқып жүретін болса керек. Сөйтіп, Батырғали Мұқашев атпен қырдағы Андреев колхозына аттанады. Ол кезде елде трактор, автомашина жоқ, Батырғали Мұқашев атпен аз жүре ме, көп жүре ме, әйтеуір Андреев колхозына жетіп, колхоз кеңсесіне әскери киімімен кіріп келген кезде, Қасантай орнынан ұшып түрегеліпті. Бір-екі адымдап, Батырғали Мұқашевқа қарай жүріпті, сонда «Қозғалмаңыз, енді жүрсеңіз, атамын!» деп тапаншасына қол салыпты ол кісі. Сол кезде Қасантай лажсыз орнына отыра кетіпті. Аудандық ішкі істер бөлімінің өзін тұтқындау туралы бұйрығын көрсетіп, қолына кісен салып, Қасантай басқарманы Батырғали Мұқашев ауданға жалғыз өзі жеткізгенін өз аузынан естіген едім.

Батырғали аға – соғыстан кейінгі кезде де қиын-қыстау күндерде ұры-қарыны ұстап, шолақ белсенділерді, елге қиянат жасаған жандарды сабасына түсіруде еңбегі көп сіңген адам. Ұлы Отан соғысында қан кешкен майдангер, бірнеше орден, медальдардың иегері, ішкі істер бөлімінің ардагері Батырғали Мұқашевтің есімін есте қалдыру үшін аудан орталығының көрікті жерінен көше атын берсе, мектеп, балабақшаға есімін берсе, ержүрек  ағаны есте қалдыру үшін жасалған, жастарға патриоттық тәрбие берудің үлгісі болар еді.

Ұлы Отан соғысы кезінде колхоз басшылары елге зәбір жасап, неше түрлі қиянат көрсетті. Гурьев–Астрахан арасындағы темір жол табанын салуға әйел, жасы кәмелетке толмаған бозбалалар мен бойжеткендер күштеп апарылды. Ауыр жұмыста қабырғалары қайысып, омыртқалары майысып, көбі науқасқа ұшырады, біреулері ауырып, қайтыс болды. Жол қатынасында жасаған жасөспірімдер «ауырып тұрмын» десе, «сен өтірік айтып тұрсың, үкіметке қарсы жаусың» деп, соттатып та жіберген. Мысалы, менің нағашы апам Зібайда Жұмағалиеваны осылай істі қылған. Ал Көбен деген ауылдас ағамыздың мұрнынан қан кетіп, ол тоқтамай, ауруханаға апарып, айлап жатқан. Осының бәрін бүгінде айтпай кетуге болмайды. Ол – біздің тарихымыз. Шежіре осылай құралады.

«Осы уақытқа дейін ескерілмей келген қаһармандарға көше аттары, мектеп, село, ауыл аттары беріледі. Қазір тізімде 500 қаһарман бар» деп жақында Қазақстан Ұлттық арнасында хабарлады. Осыған байланысты Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Көптоғай ауылдық округінде екі қолын Курск иініндегі алапат шайқаста майдан даласында қалдырған Ермағамбетов Қадірәліні, майданда көрсеткен ерлігі үшін жауынгерлік «Қызыл Ту», «Қызыл Жұлдыз» орденінің иегері Рахметов Сиражды, Сталинград шайқасына қатысқан, Курск доғасындағы шешуші шайқаста хабарсыз кеткен Томарғалиев Зейнолланы, милитаристік Жапонияға қарсы соғысқа қатысқан майдангер, ұстаз Хайырмеденов Төлегенді, ҚСР-ның Жоғарғы советінің 1936 жылғы 1-ші шақырылымының ең алғашқы депутаты Елеусінова Сапураны, тылда егінде бел жазбай еңбек еткен, сауыншы болған, ұлдары Ұлы Отан соғысынан оралмаған Жібек Сүндетқызын, соғыс кезінде балық колхозын басқарып, зор жетістікке жетіп, Бас қолбасшы Сталиннен Алғыс хат алған, еңбегі елге аңыз болған Баянов Қалыбайды, Ниетқалиев Томарғалиды ұсынамын. Осылар сияқты ерлігі мен еңбегі елеусіз қалған жандар еленсе екен.

Рахмет НИЕТҚАЛИЕВ,

ардагер ұстаз

Құрманғазы ауданы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button