Көрнекті ақын Аманқос Ершуов өмірден озды

Ershuov Жаңалықтар

Atr.kz/22 тамыз, 2019 жыл. Осыдан жарты ғасырдай уақыт бұрын оқырманға осылай төгілген жыр шумақтарымен танылған, кейін қазақ әдебиетінде қара сөздің зергері атанған академик жазушы Зейнолла Қабдоловтан «Қасыммен жырын қайраған ақын» деп әділ бағасын алған көрнекті ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Республикаға еңбегі сіңген мұғалім Аманқос Ершуов 76 жасында дүниеден озды.

Аманқос ЕРШУОВ:

«Ақ бұлттар, қара бұлттар, ала бұлттар,

Байқасақ, аспанда да алалық бар.

Біреуде жас та болса, даналық бар,

Біреуде қарт та болса, шалалық бар».

    Аманқос Назарұлы Ершуов 1943 жылы 18 тамызда Атырау облысы, Ембі (Жылыой) ауданының Ақкиізтоғай ауылында дүниеге келген. Орта мектепті жақсы тәмамдаған ол 1966 жылы Гурьев педагогикалық институтының тіл-әдебиет факультетін бітірді. Өзінің алғашқы еңбек жолын  Гурьев  облыстық «Коммунистік еңбек» газетінде әдеби қызметкер болып бастады. Бір жылдан соң өзінің туып өскен ауылындағы Амангелді атындағы орта мектепке педагогикалық қызметке ауысып, шәкірттерге қазақ тілі мен әдебиетінен дәріс берді. Ол 1970-1980 жылдары мектеп жанындағы интернаттың  директоры қызметін абыройлы атқарды.

    Ұстаздық қызметте жүріп шығармашылықпен айналысты. Өлеңдері облыстық, республикалық басылымдарда жиі жарияланып тұрды. Ақынның қаламынан туған жырлары «Жас керуен», «Алтынтау», «Көңілді тоқсан», «Жолдас комсомол», «Революция жырлары», «Өмір өрнегі», «Бір нәзік сәуле», «Сенің өмірің — сиқырлы әлем» атты авторлық жинақтарға енді. Алғашқы өлеңдер жинағы оқырманға 1970 жылы «Ойсылқара» деген атпен тараса, кейін «Жалын», «Жазушы», «Өлке» баспаларынан «Көкжиегім – келешегім» (1974), «Шопан баласы», «Шырқау» (1978), «Алтын босаға» (1982), «Жылқышының ұлы» (1983), «Шұғылалы шақтар» (1988) туындылары мен «Жаралы жылдар», «Асалы мен Көкетай» драмаларын жарыққа шығарды.

    Аманқос Ершуов – «Құрмет белгісі» орденінің иегері. Ол «Халық ағарту ісінің үздік қызметкері» төсбелгісімен, «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. 1994 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері», «Жылыой ауданының Құрметті азаматы» атақтары берілді. Ақын Қазақстан Жазушылар Одағының,  Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінің жабық конкурсының екі мәрте лауреаты атанды.

    Аманқос Назарұлының қайтыс болуына байланысты марқұмның отбасына, ағайын-туыстарына көңіл айтамыз. Қазаның ақыры қайырлы,топырағы торқа болсын. Иман байлығын берсін!

«Атырау-Ақпарат» ЖШС мен

облыстық «Атырау» газеті редакциясының ұжымдары

Поэзияға адалдықтың үлгісі

Аманқос Ершуов ағамыздың өлеңдерін жас кезімізден оқып, есіміне қанық болып өскен ұрпақпыз. Жалпы, әдебиетке өзінің өр мінезді өлеңдерімен келіп, поэзияға адалдық танытқан ақындардың бірі ретінде бағалаймыз. Аманқос ағаның қазақ әдебиеті тарихында қалған бір өлеңінің шумағы жадымда жүреді. Аманқос ағаның бір шығармасы ғана емес, кітаптары қазақ поэзиясына қосылған зор үлес саналады. Атыраудың бір ауданында сондай ақынның тұрып жатқаны көңілге медеу еді. Дүниеден өтті деп естігенде әдебиетіміздің үлкен қазаға тап болғанын сездік. Өзі өмірден өткенімен, өлмейтін, өміршең өлеңдері қалды. Маржандай ақын қызды асылдың сынығындай қылып, әдебиетке қалдырып кетті. Отбасына, туған-туыстарына, қызы Маржанға қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын. Аманқос ағаның жарқын бейнесі жүрегімізде әркез сақталады. Енді оның өлмейтін екінші өмірі басталды.

Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ,

ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының басқарма төрағасы

Шашасына шаң тимес арғымақ ең!

Ақын ағамыз Аманқос Ершуов – Әбіш Кекілбаев, Фариза Оңғарсынова, Меңдекеш Сатыбалдиев сынды көрнекті қайраткерлермен қазақ әдебиеті әлеміне қатар келген тұлға. Оның ертеректе жазылған бұлт туралы өлеңі кезінде қазақ әдебиетін дүр сілкіндірген еді. Ондағы жаңа иірімдер Әбу Сәрсенбаевтан бастап талай мықты ақын ағаларымыздың аузына ілігіп, лайықты бағасын алған еді. Сол уақыттан бері қазақ әдебиетіне, соның ішінде қазақ поэзиясына түйдек-түйдек туындыларын алып келді, ерекше еңбек сіңірді. Керемет өлеңдері, тамаша кітаптары жарық көрді. Соңғы кездері тарихи дастандарды да көп жазды. Бір ғажабы, соңғы сәтіне дейін туған топырағынан ажырамады. Өзі туып-өскен Ақкиізтоғайда балаларға дәріс беріп, әдебиет туралы әдемі ойларымен бөліскен адам еді. Қолынан қаламы түспеген Аманқос ағаның соңында қазақ әдебиетінің алтын қорына өтетін талай-талай жаңашыл шығармалар жатқанына күмән келтірмеймін. Ағаның артында қалған алтын мұраларын жарыққа шығарып, халыққа сыйлау – кейінгі ұрпаққа міндет. Көрнекті ақын Аманқос Ершуовтың қызы Маржан қарындасымыз да – бүгінде әке жолымен әдебиетке еңбек сіңіріп жүрген ақын қыздарымыздың бірі. Мұның өзі тектілік. Ағаның ізінен ерген інілері қайғырып көңіл айтамыз. Тау тұлғаның шығармалары көкейімізден еш өшпек емес. Жатқан жерің жарық, иманың жолдас болғай, ардақты аға!

Мереке ҚҰЛКЕНОВ,

Қазақстан Жазушылар Одағы басқарма төрағасының орынбасары

Ақша бұлттан сыр түйген…

Елден, Жемнен қайғылы xабар жетті. Ұстазым, қазақ жырының жайсаң жүйріктерінің бірі Аманқос Ершуов дүниеден өтіпті. 60-шы жылдардың соңында қуатты да шуақты жырларымен жұртын жалт қаратқан айдынды ақын туған жерінде жүріп-ақ туған еліне тамаша туындыларын сыйлап еді. Кезінде Қасым жыры өртке тиген дауылдай болып қазақ жүрегіне өрлік пен мәрттіктің туын тіксе, Аманқос ақын сол дауылдан өзіне алау алып, оқырманның жан сарайына сәуле сыйлаған болатын. Бұлттар дидактикасын патетикалық-философиялық деңгейге шығарып, аспан мен адам арасының руxани байланысын көркемдік-мазмұндық жағынан көтерген ақынның мәңгілік ғұмыры басталды. Ұстазымның жарқын бейнесі жадымнан шықпайды. Алдыңнан жарылқасын Алаштың ардакүрең ақыны!

Өтеген ОРАЛБАЙҰЛЫ,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

Өлеңіңді айтып, келерсің қайтып…

Аманқос ақын Ершуов кешегі кереметтеріміздің (Әбіш аға мен Фариза апаны айтамын) келісті жолымен келе жатқан жыр-жампоздарының бірі еді.Кеше келіп, бүгін кетіп, дүниені тәрк етіп, мәңгілік мекеніне қарай жөнелді.Меніңше өзі келмеске кеткенмен, өлеңі өлмеске кетті. Қазақ жырының мәңгілік тұғырына көтерілді. Көңілге сол медет.

Жыр-Жамбыл ұлы Абайдың баласы Әбіш дүниеден өткенде: Сәлем айт барсаң, Абайға, Ақылы кеткен талайға, Ауырды көрген қара жер, Сабырлық қылсын қалайда – деген екен. Қазақ жырына көңіл айтамыз.Туысқандарына сабырлық тілейміз.

Мына өлеңді Әбекемнің 70 жылдығында жазып едім:

Бәйтерек ақын

Аманқос аға, әзелден бері маған дос Аға, Таусылмас талантты берген саған осы ара. Ала бұлттарды ақша бұлттарға айналдырып жіберген, Алтын дейтұғын асыл да адал босаға. Бұлғындай жайнап, бұлбұлдай сайрап бұл жалған, Арманын айтар ақырын болса тыңдар жан.

Ақиық ақын осындай кезде ой тастап, Ағыл да тегіл төгеді екен жыр маржан! Жыр маржан деген жүректен енген енші ғой, Тірлік болса ірілік болады деп жүр ой. Бір үйден екі атақты ақын шығарған, Кереметтердің мекені екен ғой Кең Жылой! Перизат- жырға пендешілігін жеңдіріп, Қошемет-құрмет жасайды Сізге Ел тұрып. Тоқсан тоғызды аямай сыйлар мынау жұрт, Сексеніңізде әуелі сөйлесек дейді желпініп!

Аманқос Аға, әзелден маған дос Аға, Таусылмас талантты берген саған осы ара. Бәйтерек тамырың тереңге тартсын жайқалып, Шайқалғаның байқалып ешбір босама!

× × ×

Деп жазған екем тойыңда сенің, Әбекем,

Өмір дегенің уақытша ғана ән екен…

… Өлеңіңді айтып, келерсің қайтып халқыңа,

Ақша бұлттармен, алтын араймен, таңертең…

Қойшығұл ЖЫЛҚЫШИЕВ,

ақын,

Қазақстан Жазушылар Одағы Атырау филиалының директоры

Бақұл бол, дос!

Аманқос Ершуовпен жолымыз алпысыншы жылдардың басында жоғары оқу орнында түйісті. Ол да мен сияқты филолог болуды қалапты. Алғашқы семестрдегі емтиханда оқытушымыз, ғалым Қабиболла Сыдиықов қазақ әдебиеті пәнінен екеумізге де өте жақсы баға қойып, мерейімізді өсіргені бар. Шәкірт тәрбиелеуде де, ақындықта да атағы аспандады. Қазір оның бірнеше шәкірті – елдің алдыңғы қатарлы қаламгерлері.

Өзі жиырмаға тарта жыр жинағын шығарды. Оның өнегесінің тағы бір шырқау биігі – қызы Маржан Ершуованың республикаға танымал ақын, ғалым болып қалыптасуы. Аманқос – оқырманын жауһар жырларымен сусындатқан алдаспан ақын. Ол поэзияға да, педагогика саласына да адал қызмет істеді. Демек, оның мұрасы да, аты да мәңгі жасай беретін болады. Жаның жәннатта болғай, жыр жампозы Аманқос дос!

Төлеген ЖАҢАБАЙҰЛЫ,

Қазақстанның Құрметті журналисі

Ардақты ақын, асыл азамат

Қазақ елі тағы бір көрнекті ақынын, асыл азаматын жер қойнауына тапсырды. Қайғыларыңызға ортақтасып, көңіл айтамын. Денсаулығыма байланысты қаралы қазада орталарыңызда бола алмадым.

            Аманқос өмірден өтті деген суық хабарды естігенде жан дүнием алай-дүлей күй кешті, әлі күнге көңіл сене алар емес.

            Ұлы ақындардың асыл мұрасымен жасынан сусындап, оны көтеріп-біліп, тыңдап өскен Аманқос ел мен жер тарихын, ауыл тұрмысын жырға қосқан айтулы сөз шебері болатын.

Ақынның сүйсіне жырлайтын тақырыбы ел мен жердің жетістігі, әсіресе, ауылдастарының қажырлы еңбегі еді. Сөйткен ардақты ақын бүгін қара орман қазағын, жерлестері мен отбасын қайғыға батырып, бақи дүниеге сапар шекті.

Жатқан жерің жұмсақ, жәннат төрің болсын, Аманқос. Отбасына, ұрпағына сабыр, қалған жерде амандық тілеймін.

Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА,

ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз