maxresdefault 2

*Конкурсқа! Инновация игілігі

Білім Жаңалықтар СарапTime Экономика

Atr.kz/10 шілде, 2020 жыл. Керуен ғұмыр алға жылжып, өшпес естеліктер артта қалады. Байырғы мұнайшыларды қазір жас буын алмастырды. Бұрынғы қол күшімен атқарылатын жұмыстарды заманауи құрал-жабдықтар біраз жеңілдетуде. Қазір озық отыз елдің қатарынан табылу өте маңызды. Межеге жетудің бір ғана жолы бар, ол – еңбек өнімділігін ұлғайтып, өнеркәсіптік орындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру.

Таңдай қақтырар технология

Бұл үшін өндіріске инновациялық технологияларды көбірек енгізу қажет. Яғни, өндіріс нысандарын жаңғыртып, инновациялық белсенділікті арттырған жөн. Ел экономикасы қазір қиын кезеңді бастан кешіріп жатыр. Сондықтан білікті мамандар шоғырын қалыптастыру маңызды. Бүгінде әлем экономикасында АҚШ, Франция, Германия және Жапония мемлекеттері көш бастап тұр. Неге? Өйткені, бұл елдерде еңбек өнімділігі өте жоғары. Ал, бізде бұл көрсеткіш анағұрлым төмендеу.

Неге бұлай? Өнімділік деңгейін жоғарылатудың жолы жоқ па? Сарапшылардың бағалауынша, отандық өндіріс орындарындағы бұл проблеманың туындау себебі – негізгі қорлардың тозуы. Демек, әлі де болса жаңа технологияларды енгізу мен пайдалануға келгенде қабілетсіз екенімізді мойындауымыз керек. Еңбек өнімділігін арттыру үшін отандық кәсіпорындардың өндірістік қондырғыларын жаңғыртқан дұрыс-ақ. Модернизация арқылы бәсекеге қабілеттілік артады, жаңа өндіріс орындары ашылады.

Келешек кілті кімдерде?

Сонымен, біз бұған дейін мұнайлы мекендегі «қара алтын» өндірісі мен өңделісін сөз етіп келдік. Сондай-ақ, геология саласындағы мәселелер де аз көтерілген жоқ. Ал, осының бәрінің басында білім беру жүйесі жатқанын білеміз бе? Біз бүгін буыны қатпаған балаға қандай білім берсек, ертең сондай маман аламыз ғой. Ендеше, бұл теорема мұнай-газ саласына да тікелей қатысты. Осы орайда, әңгімеміздің әлқиссасын дайын өндіріс пен өнеркәсіпті өсіп-өркендетер жас толқын тақырыбына бұрсақ…

Осы орайда, патент мәселесіне аз-мұз тоқатлып өтсек. Бұрынғыдай емес, қазір оны кім көрінген оп-оңай иеленіп жатыр. Бірақ енгізілген ғылыми жаңалықтардың өндірісте кәдеге асып жатқанын көрмейміз. Неліктен? Бұл мәселе көбінесе жас ғалымдарға қатысты. Егер ұмытпасақ, 2011 жылы жергілікті жоғары оқу орнында ғалымдардың ғылыми жетістіктері мен жаңалықтары «Инновациялық жобалар» атты каталогта жинақталған еді. Мұнда химия, экология, мұнай тасымалдау, өндіру, бұрғылау, табиғи энергия көздері туралы қырыққа жуық патент таныстырылды. Тек «біздің ғалымдарымыздың бар жинағы осы ма?» деп ойлап қалмаңыздар. Қоңыр портфельдерін қойнына қысып жүрген ақбас академиктеріміздің ашқан әр жаңалығы жеті атанға жүк болатындай маңызға ие.

Иә, біздің ғалымдар бұрғының ұшы тереңге жіберілмес бұрын мұнай мен газ қабаттарының бар-жоғын жобалайтын геофизикалық әдіс ойлап тапты. Мұның өзі түрлі геологиялық-техникалық сәтсіздіктер мен апаттардан сақтаған болар еді. Осы жаңалық үшін бірнеше патент алынды. Алайда, өнертапқыштардың еңбегі тек қағаз жүзінде ғана қалып қоятыны қынжылтады.        

«Ақылды» кен орны

Айтпақшы, «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамына қарасты «Қайнармұнайгаз» өндіру басқармасының Уаз кенішінде еліміздегі ең алғашқы «Интеллектуалды кен орны» жобасы өндіріске қосылғанын айтпай кетуге болмас. Ондағы мақсат – инновациялық әдістер арқылы кен орнын бір орталықтан басқару. Нәтижесінде, қосымша мұнай өнімі бірнеше пайызға артты. Жыл сайын жөнделетін ұңғылар саны да азайды. Оларды қалпына келтіру мерзімі біраз қысқарды. Электр қуатын үнемдеу 35 пайызға өсті. Сонымен бірге, басқару орталығында отырып-ақ, әр ұңғының жұмысын мен тынысын монитордан бақылап отыруға мүмкіндік туды.

Сөйтіп, ескі кен орындарының екінші тынысы ашылды. Бұл – инновациялық технологиялардан түскен таза табыс үлесі. Біз мұның бәрін не үшін айтып отырмыз? Көрсеткіміз келгені, мұнай-газ өндірісінде тың технологиялық әдістер тауып, инновациялық жаңалық ашатын жастарға қолдауды аямау қажет.

Үш сауал

Ендігі кезекті «үш сауал» айдарына берсек. Сонымен…

Мұнай-газ саласын жаңа деңгейге жеткізу үшін не істеу керек?

1.Автоматизация;

1.Роботизация;

3.Шикізат қорын шектеу;

4.Экологизация;

5.Жұмысшылардың жаңа буыны;

6.Тұтыну құрылымын қайта құру.

Мұнай-газ саласындағы еңбек нарығы қалай қалыптасады?

1.Қызметкерлер саны азайып, қол күшін техника алмастырады;

2.Геологтар мен кен орны басшылары жан-жақты машықтанады (data-science);

3. Аутстаффинг негізінде мамандар тартылмақ;

4.Кәсіпорын ішінде қызметкерлер білімдерін толықтырады;

5.Қашықтықтан жұмыс жасайтын қызметкерлер қатары артады.

Мұнай-газ саласындағы жаңа мамандықтар қандай?

1.Digital-геолог;

2.Digital-технолог;

3.Smart-field жүйесін жасақтаушы;

4.Мұнай қайтарымын көбейтуші инженер;

5.HR-геймификатор;

6. AR/VR оқыту маманы;

7.Кен орындарын барлау операторы;

8.жедел басқару оратлығының операторы;

9.Модульді бұрғылау стансаларын үйлестіруші.

Амандық АБДОЛ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған