КОЛЛЕДЖДЕН – КӘСІПОРЫНҒА!

Саламат Мұқашев атындағы Атырау политехникалық колледжінде «Жас өркен-2015» бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Бұл шараға жергілікті мұнай компаниялары мен өндірістік кәсіпорындардың, сондай-ақ облыстық, қалалық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының өкілдері қатысты.

Бұл білім ошағында биыл 11 мамандық бойынша 497 шәкірт оқу бітіреді. «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы шеңберінде өткізіліп отырған бұл жәрмеңке колледж түлектерін жұмысқа орналастыру және жас маманның еңбек нарығында бәсекелестікке қабілетін арттыру мақсатында ұйымдастырылып отыр.

Соңғы кезде колледжде жыл сайын екі рет жәрмеңке өткізу дәстүрге айналып келеді. Жұмыс берушілерге ұсынылған түлектер туралы мәліметтерде олардың әлеуметтік жағдайлары да (жетім, аз қамтылған немесе көп балалы отбасылардың балалары) ескеріледі. Сондай-ақ, кәсіпорындар түлектерді тек жұмыспен қамтып қана қоймай, әлеуметтік көмекке мұқтаж студенттердің оқу ақысын төлеп, оларға қаржылық қолдау білдіріп отырады.

Біз жәрмеңкеге қатысқан мекемелердің өкілдеріне түйіндемелерін өткізіп жүрген колледж түлектерінің алдына қойған арман-мақсаттарымен танысып көрдік. Осы оқу орнының биылғы түлектерінің бірі Ғалым Сағидолла «Мұнай және кен орындарын пайдалану» мамандығы бойынша диплом алады. «Мұндай жәрмеңкенің өткізілуі жас маманға деген сұраныстың бар екенін білдіреді. Біздің колледж «Заман Энерго» ЖШС, «ҚазМұнайГаз Бұрғылау» СБК ЖШС, «ҚазТрансОйл» АҚ сияқты ірі кәсіпорындармен тығыз байланыс орнатқан. Осы кәсіпорындарда өндірістік тәжірибеден өтіп, көп нәрселерді үйрендік. Келешекте мұнайлы өлкеміздің экономикасын дамытуға үлес қосқым келеді», – дейді Ғалым. Жас түлек диплом алғасын Исатай ауданындағы «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасына жұмысқа орналасқысы келеді. Сонымен қатар, сырттай оқып, жоғары білім алуды да қолға алмақшы.

«Автоматтандыру және бас-қару» мамандығының IV курс студенті Ақжан Смағұлов «ЕмбімұнайАвтоматика» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде өндірістік тәжірибеден өткен. Енді алғашқы еңбек жолын да осы мекемеден бастағысы келеді. Кейін Астана қаласында білімін жалғастырмақшы.

Колледжде өткен жәрмеңкеге қатысуға 44 мекеме өкілі шақырылды. Олардың қатарында «ЖігерМұнайСервис» ЖШС, «Каспиймұнайгаз» ҒЗИ» ЖШС, «Ембі-мұнайгаз» АҚ, «АМӨЗ» ЖШС сияқты көптеген ірі компаниялар бар.

Бағила САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз