Көлік кептелісі қайтсе азаяды?

Өткен жылмен салыстырғанда, орын алған жол апаты 37,8 пайызға, қаза тапқандар 59,3 пайызға, жарақат алғандар саны 34,3 пайызға төмендеп отыр. Бірақ, көлік кептелісі проблемасы түбегейлі шешілмейінше, жол апатының анағұрлым азаюын күту әбестік. Әсіресе, Атыраудың Азаттық, Махамбет даңғылында сағаттап созылатын кептелістер шұғыл шараларды қажет етеді. Облыстық мәслихаттың кезекті сессиясына өз сызбасын ала келген Атырау облысы ішкі істер департаментінің әкімшілік полиция басқармасы басшысы Руслан Әділов Махамбет – Датов даңғылынан Азаттық – Әуезов көшесіне қарай жолды үш жолақты етіп кеңейтуді ұсынды.

«Темір жол вокзалынан Елшібек ауылы арқылы бұрын вагондар жеткізілетін. Осы жолтабан бүгінде пайдаланусыз тұр. Егер, аталған жол алынып, орнына автомобиль үшін асфальт төселетін болса, қаланың Бұқар жақ бетіндегі жол қатынасы реттелер еді. Азаттық – Сырым Датов – Абай Құнанбаев көшесі қаланы көпір арқылы байланыстырушы негізгі жол болғандықтан, бұл жер де көлік кептелісінен арыла алмай отыр. Оған себеп – автомобильдердің көбеюі. Қаланың өзінде жылына 10 мыңға дейін жаңа көлік тіркелуде» деген ол Азаттық даңғылымен қатарлас салынған темір жолды қала сыртына ауыстырып, орнына автомобиль жолын төсеуді ұсынды.

Осы ретте Атырау қаласының әкімі Нұрлыбек Ожаев темір жолдардың қажеттілігін анықтау мәселесінің қаралып жатқанын мәлімдеді. Миллиардтаған қаражатты қажет ететін полиция ұсынысы біраз талқыға түскеннен кейін депутаттар бейнекамера, бағдаршам, жол белгілерін нақты органның балансына беру қажеттігін де атап өтті. Жан-жақты талқылаудан кейін мәселені кезекті сессияда қарауға шешім қабылданды.

Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Аманбек Жұмыров балалардың, колледж және жоғары оқу орындары студенттерінің арасында туберкулезбен ауру деңгейінің күшейіп тұрғанына алаңдаулы. Одан әрі базар нүктелерінде жұмыс істейтін мигранттардың ғана тексеруден өткендігін айтқан бас дәрігер барлық кәсіпорын басшыларын сырттан келген еңбек күшінің тізімін беруге шақырды.

Сессия жұмысына арнайы қатысқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев ел бірлігін, ішкі ынтымақты сақтаудың маңыздылығына тоқтала келе, тіпті 1 миллиметр жердің де сатылмайтындығын, мемлекет меншігінің заңмен қорғалғандығын атап өтіп, депутаттар корпусына, қала және аудан басшыларына қоғамдық деңгейде талқыланып жатқан жер мәселесіне байланысты түсінік жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз