ҚОЛДАУ ЖЕҢІСКЕ БАСТАЙДЫ

Футболдан Премьер лига командалары арасында Ел біріншілігі қыза түсті. Ел чемпионы атағы үшін таласта он екі команда бақ сынасуда. Жергілікті «Атырау» футбол командасы биылғы маусымда өткен он төрт ойында жеті рет жеңіске жетіп, бес рет қарсыласпен тең түсті және екі рет жол берді. 

 

Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов кеше атыраулық команданың бас бапкері Владимир Никитенко мен «Атырау» футбол клубының директоры Асылбек Жүнтербаевты қабылдады.

– Атырауда спорт саласы қарқынды дамуда. Соның негізінде, жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастырып, спортқа бейімделген жастар қатары көбейіп келеді. Ал, футбол ойыны спорт түрлерінің ішіндегі ең маңыздысы болып қала береді. Өзім «Атырау» командасының ойынын үзбей бақылап отырамын. Соңғы кездері ол жақсы ойын өрнегін көрсетуде. Жергілікті жерден ойыншылардың да негізгі құрамға тартылуы қуантады, – деп аймақ басшысы Бақтықожа Салахатдинұлы алдағы кездесулерде командаға сәттілік тіледі.

– Біздің қазіргі мақсатымыз, – деді команданың бас бапкері Владимир Никитенко, – үздік алтылық қатарына ілігу. Жыл сайын командалардың деңгейі өсуде, сондықтан, барлығы біздің басты бәсекелестеріміз болып табылады. Маусымның алғашқы кезінде қиындықтар да болды. Бірақ, кейін намысты қолға жиып, қатарынан алты ойын ұттық. Бүгінгі күні команда турнирлік кестеде үшінші орында келеді. Осы алған бағытымыздан таймауға тырысамыз. Ең бастысы ойыншылар облыс басшылары тарапынан қолдауды сезінеді.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз