mmmmmmmmmmmmmmmmmmmmmmmmmmmm

КӨК ТҮТІН, КҮЛІМСІ ИІСтің себебі белгілі болды

Жаңалықтар Нысана СарапTime Экология

Atr.kz/16 қазан, 2020 жыл. «…Тағы қамыс өртенді ме? Мынау не түтін? Кім біледі?»

Әлеуметтік желілерде Атырауда түсірілген, айналаны көк түтін басқан көрініс кеңінен тарап жатыр. Осының жауабындай ватсап чаттарында Атырау облысы бойынша экология департаментінің «қоқыс полигонында медициналық қалдықтардың заңсыз өртенгені» туралы ақпараты жарияланды. Алайда, қаланы түтінге тұншықтырған негізгі себеп ол емес еді…

Сонымен, атыраулықтар неге алаңдаулы? Мәселенің мәнісі неде?

Бұл жай бұрынғыдан өзгерек…

…Қамыс өртінің бұл жолғы себебі бұрынғыдан өзгерек болып шықты. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің і шкі және сыртқы коммуникациялар тобы өкілдерінің хабарлауынша, 10 қазанда CALL орталығына жеңіл көлік пен резеңке қайықтың өртеніп жатқандығы туралы хабарлама түседі. Соған байланысты шұғыл шаралар алынады. Дегенмен, оқиға орнына барғанда техниканың жануы Каспийдің батпақты жағалауындағы қамыстың өртенуіне себепші болғаны анықталады. Ал, Атырау қаласының Кеңөзек ауылдық округі – Тасқала ауылынан 43 шақырым қашықтықта. Осы себепті барлық күш осы өртті сөндіруге жұмылдырылады.

– Сағат 19:30-да қараңғы түсуіне байланысты, өрт сөндіру жұмыстары тоқтатылғанымен, «тілсіз жаудың» орын алған аумағы анықталған жоқ. 11 қазан күні таңертең өртті сөндіруге 5 техникамен 22 қызметкер жіберілді. Сағат 10:35-те әуе барлауын жүргізу үшін облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, полковник Р.Блялов бастаған 5 қызметкер «Қазавиақұтқару» АҚ «МИ-171» тікұшағымен (ВСУ-3 су төгу құрылғысымен) әуеге көтерілгенде, ұзындығы шамамен 5 шақырым болатын алаңның өртеніп жатқаны анықталды. Отқа шалынған аумақтың жалпы ауданы шамамен 750 гектарды құрайды. Сағат 19:09-да қараңғы түскендіктен, өртті сөндіру шаралары тоқтатылды, – деді департаменттің баспасөз қызметінің өкілдері.

Келесі күні бұл жұмысқа 33 қызметкер, 6 техника, 4 жүзу құралы және 4 мотопомпа, сондай-ақ, «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватынан 25 қызметкер мен 6 техника қоса жұмылдырылды. Өрт орнында командалық штаб құрылып, департаментте де арнайы штаб жасақталды. Бұл күні 950 шаршы метрді құрайтын 4 бөлек ошақ сөндірілді. Алайда, Каспий теңізінің жағалауы батпақты болуына байланысты өртті тұтас сөндіру мүмкін болмады. Қазір сала қызметкерлерінің қатысуымен өртті ауыздықтау жұмыстары жалғасуда. Департаменттің батпақты жердегі жалынды дер кезінде ауыздықтауға шамасы жетпегендіктен, Атырау аспанында қара түтін бірнеше күн бойы сейіле қоймады.

 Ауа сынамасы: нәтиже қандай?

Тұрғындар аспанды қара бұлттай торлаған түтінді суретке түсіріп, әлеуметтік желілерге жүктеп әлек болды. Соған қарамастан, үшінші күн дегенде ахуал бұрынғыдан да қиындай түсті. Оған жел бағыты өзгеріп, оңтүстік-шығыстан соғуы себепші болды. Соған сәйкес, түтін қаланы басып, күйік иісі шыға бастады. Бұл күні шаһардың әр тұсын аралаған Атырау облысы бойынша экология департаментінің өкілдері жылжымалы зертханасымен жолға шығып, ауадан сынама алды.

…«Балауса» шағынауданының көшелерін аралап келеміз. Айналадағы көк түтін көзді ашытып, өткір иісі қолқаны қабады. Осыған наразы болған жұрт экология департаментінің өкілдеріне өздерінің өкпе-назын айтып жатты.

– Мен «Балауса» шағынауданының байырғы тұрғынымын. Үш күннен бері көкжиекті басқан түтін бәріміз үшін үрей туғызды. Ал, оның мүңкіген иісі есік-терезені жапсақ та үйге кіріп жатыр. Біз бұл көрініске алаңдаулымыз. Алайда, қалыптасқан жағдайды түсіндіріп, мәселенің мән-жайын айтып жатқан ешкім жоқ, – деді өзін Қанат Құбайұлы деп таныстырған азамат.

– Алаңдамаңыз, аға. Біз ауадан сынама алып жатырмыз. Барлық жағдайды анықтаймыз, – деді Атырау облысы бойынша экология департаментінің зертханалық-талдамалы бақылау бөлімінің бас маманы Әділбек Екпін.

– Сынама нәтижесі оң болғанымен, түтіннің денсаулыққа тигізетін залалы бізге білініп жатыр. Мен жоғары қан қысымымен дәрігерлік тіркеуде тұрған адаммын. Күн райының бұлтты күндері қан қысымым көтерілуші еді. Осы жолы түтіннің кесірінен құлағым шуылдап, басым айналып тұр. Сондықтан, бұл алаңдатарлық мәселе деп санаймын. Жағдай осылай жалғаса берсе, атыраулықтардың саулығына, өміріне қауіп төнеді, – деді көпшіліктің ортақ ойын жеткізген тұрғын.

Экологтардың арнайы газталдағыш құрал арқылы ауа сапасына жүргізген сынама жұмыстары Тасқала, Көкарна елді мекендерінде де жалғасты. Оның нәтижесінде, ауадағы лас қалдықтардың шоғырлану көрсеткіші 1,3-1,4 мг/м3-ді көрсетті.

– Егер шекті көрсеткіш 5 мг/м3-ден жоғары болса, тұрғындар үшін қауіпті жағдай болып есептеледі. Біздің құрылғы мен «Қазгидрометтің» арнайы жабдығының шығарған қорытындысы бірдей. Экологиялық ахуал қалыпты жағдайда. Дегенмен, жағдай экологтардың тұрақты бақылауында болады, – деді Ә.Екпін.

Уақыт күттірмейтін мәселе

Арнайы топпен бірге біз «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватына ат басын тіредік. Бұл аумақты да өрт шалыпты. Қураған қамыс әлі бықсып жанып жатыр. Көк түтін мен күлімсі иіс көз алдыңа қорқынышты көрініс әкеледі.

– Өрт түрлі жағдайда орын алады. Найзағайдың салдарынан да қамыстың өртенген кезі болды. Аң аулау маусымы кезінде, шаруашылықтардың шөп шабу науқанында да өрт туындайды. Сондықтан, бұл жерде әр адам өзіне «табиғат жанашырымын» деп қарап, қоршаған ортаны қорғаудағы жауапкершілігін нығайтуы маңызды. Каспий теңізінің батпақты жағалауындағы осы мәселенің шешілуі, тиісті құрылымның қажетті техникамен жабдықталуы уақыт күттірмей қолға алынуы қажет. Жалпы, жыл сайын осы аумақта орын алатын қамыстың жануының алдын алу жолдары жуырда жергілікті әкімдікте кеңінен талқыланады, – деді «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты директорының орынбасары Асхат Қарабалиев.

 P.S.

Онсыз да мұнай-газ кәсіпорындарының ауаға лас шығарындыларынан қоршаған ортаның бүлініп жатқаны анық. Көшеде түтіні будақтаған ескі көліктердің зияны да шаш- етектен. Енді қамыстың қайтадан өртенуі проблеманы қоюлата түсті. Ашық даладағы жел күшейсе, қамыс түбіндегі қоламтаны үрлеп, тұтандыра берері сөзсіз. Ал, күн райы желсіз, тымық болса, шаһар тұтасымен қара түтінге оранып, ауа сынамасының көрсеткіші айтарлықтай артуы ықтимал. Сондықтан, мәселенің шешімі уақыт күттірмейтінін естен шығармаған жөн-ақ.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған