КІМДЕР БАЙҚАУШЫ БОЛА АЛАДЫ?

Кезектен тыс Президент сайлауына орай, «Сайлауды бақылау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссия» бірлестігі құрылды. Ондағы мақсат – еріктілер тобынан байқаушылар жасақтау, дауыс берушілерге сайлау заңдылықтарын түсіндіру, ашық әрі жариялы сайлау өткізуге атсалысу. Бұл туралы «Атырау-Ақпарат» ЖШС-не қарасты Атырау коммуникациялар қызметі базасында өткен брифинг барысында белгілі болды.

«Сайлауды бақылау жөнін-дегі республикалық қоғамдық комиссия» бірлестігінің Атырау облыстық филиалының төрайымы Шынаргүл Қайырова кез-келген азаматтың байқаушы бола алатынын айтты. «Комиссия құрамында үкіметтік емес ұйымдар басшылары, заңгерлер, мұғалімдер бар. Ал, еріктілердің арасында зиялы қауым өкілдері, магистранттар, студенттер бар. Олар арнайы оқыту-семинарларынан өтеді. Күні бүгінде еріктілер қатарынан жасақталатын байқаушыларға әдістемелік құралдар, сайлаушыларға арналған жадынамалар, қолданыстағы заңнама бойынша материалдар  дайындалуда» дейді ол.

Айта кетерлігі, құқық қорғау органдарының қызметкерлері ғана байқаушы бола алмайды. Жалпы облыс көлемінде 232 учаскелік сайлау комиссиясы болса, Атырау қаласының өзінде осындай 90 учаске жасақталған. Маңызды саяси науқан күні аталмыш бірлестік тарапынан жасақталған байқаушылар тиісті куәлігін көрсетіп, сайлауды бақылай алады.

 

Баян АТАЙМАНҚЫЗЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз