
Киік еті сатылып жатыр
Атырауда «Аламан» және Ескі базарда киік еті сатылып жатыр. Мұнда киік терісі сыпырылып, жуылып, содан кейін ғана базарға шығарылады. Киік еті Атырауға қыркүйек айынан бастап жеткізілді.
Екі тасымалдаушының бірі Батыс Қазақстаннан дайын күйінде әкелсе, енді бірі жұмысты «Охотзоопром ӨБ» РМҚК-ның инспекторларымен бірге атқарып жатыр. Кәсіпкер мен инспекторлар бірігіп, тасымалдауды ұйымдастырды.
– Ескі базарда киік еті сенбі-жексенбі күндері сатылады. Инспекция мамандары мониторинг жасауға барып, құжаттарын тексерді. Құжаттары түгел, ветеринар мамандардың қорытындысы, рұқсат қағазы бар. Сонымен бірге Атырауда «Батыс KZ 25» ЖШС де «Охотзоопром ӨБ» РМҚК-мен келісімшартқа отырып, киік етін қабылдап жатыр. Инспекторлар тасымалдауды ұйымдастырады. Ет «Аламан» базарында сатылады, — деді облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы бөлімінің басшысы Эльмира Құрманғалиева.
Атырау қаласында киік етінің келісі 1800 және 2000 теңге. Екі базардағы баға екі түрлі. «Аламан» базарында киік ұшасының келісі 1800 теңге және бұл баға қараша айына дейін сол күйі қалады.
– Ет комбинаты Атырау қаласынан 5 шақырым қашықтықтағы Береке ауылында орналасқан. Осы жерде киікті сойып, тазалап, тоңазытқышқа саламыз. «Охотзоопром ӨБ» РМҚК-ның инспекторлары өлшеп, мүйізін кесіп алып, тіркеу жұмысын жүргізеді. Ет комбинатынан оларға арнайы бөлме берілді. Екі инспектор жұмысын 30 қарашаға дейін жалғастырады. Ветеринар мамандар анықтамасын берген соң «Аламан» базарына жеткізіп жатырмыз. Бағасы – 1800 теңге. Сату жұмыстарының басталғанына екі аптадан асты. Өтімі жақсы, — деді «Батыс KZ 25» ЖШС-нің басшысы Серік Қапар.
Оның айтуынша, бір тасымалдағанда Батыс Қазақстаннан 9 тоннасын әкеледі. Киікті сойып, таза салмағын өлшегенде 6 тонна ет шығады.
Азамат БАЗАРБАЕВ



