e7f9c5860e40a3a5b962abaa8c77078b

КИЕЛІ ЖЕРлер географиясы: ОТАНДЫҚ туризмді қалай түлетеміз?

Жаңалықтар Рухани жаңғыру Ұлы даланың жеті қыры

Atr.kz/31 шілде, 2019 жыл. Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы қазақстандықтарға Тәуелсіз Қазақстанның жаһандану дәуіріндегі рухани кеңістігінің жаңа бастауына айқын бағытты көрсетті.

Президент рухани жаңғырудың негізгі қызметі мен ерекшеліктеріне ой жүгіртіп, жаңғырудың маңыздылығын «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет.

Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды. Сонымен бірге, рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыстырып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды» деп, рухани жаңғырудың ел болашағы үшін маңыздылығын ерекше атап өтеді. 

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Қазақстанның киелі жерлері географиясы» арнайы жобасы аясында Атырау өңірінің 7 нысаны республикалық деңгейдегі киелі жерлер санатына кірді.

Олар – Сарайшық ортағасырлық қалашығы, М.Өтемісұлы кесенесі, Құлшан ата қорымы, Ақмешіт некрополі, Ұшқан ата кешені, Аралтөбе тарихи-археологиялық кешені, Иманқара кешені.

Күні бүгіннің өзінде ерекше қызығушылық туғызып отырған киелі орындардың республикалық деңгейге ие болуы – атыраулықтар үшін үлкен мақтаныш. Демек, бұл орындар сонау Түркістандағы қасиетті орындар тәрізді еліміздің ғана емес, алыс, жақын шетелдер халқының қызығушылығын туғызатыны сөзсіз.

Ең бастысы оларға жол салынып, халықтың рухани сусындауына мүмкіндік берілетіні қуантады. Бүгінгі күннің өзінде аталған нысандарға  деген қызығушылық өте жоғары. Туризм – ел мен жерді таныстыру, Отаныңды ұлықтау дейтін болсақ «Қазақстанның киелі жерлері географиясы» арнайы жобасы облысымыздағы туризмнің дамуына кең мүмкіндік беріп отыр.

2017 жылы Атырау облысы әкімдігі ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен көне Сарайшық қаласын сақтап қалу, зерттеу және өзен жағасын бекіту бойынша ауқымды жоба жүзеге асырылды.

Бағдарлама аясында облыстың өлкетанушылары Мәскеу, Санкт-Петербург, Астрахань, Орынбор қалалары мен Татарстан, Башқұртстан республикаларының мемлекеттік архивтерінегі тың деректерге қол жеткізді.

«XX ғасырдың жиырмасыншы жылдарындағы фото-құжаттардағы «Каспий қазақтарының мәдениеті мен тұрмысы» атты кітап-альбомы жарық көрді.

Бұл басылымда ХХ ғасырдың 20-шы жылдарында Ресей Федерациясының Ғылыми мұрағат академиясының Санкт-Петербург филиалында Каспий қазақтары  этнографиясына қатысты 200-ден астам бірегей мұрағаттық фотоматериалдар жарияланған. Құнды кітаптың дүниеге келуінде Атырау облыстық тарихи-мәдени  ескерткіштерді қорғау инспекциясының басшысы М.Кипиевтің еңбегі зор.

Сонымен қатар, «Атырау қазақтарының эпиграфиялық ескерткіштері» кітап-альбомының екінші томы шығарылды. Кітапта Ақмешіт, Алтын, Дәрі және Ұшқан ата қорымдарының араб жазулардың мәтіндері аударылған.

«Қазақстанның киелі жерлері географиясы» арнайы жобасы  3 бағытта жүзеге асырылуда. Біріншіден, киелі орындарға зерттеулер жүргізу және оларды реставрациялау, сақтау жұмыстарын  ұйымдастыру. Екінші мәселе – киелі орындарға саяхаттар ұйымдастыру. Ал, үшінші бағыт – киелі орындар туралы ғылыми-көпшілік, ақпараттық-танымдық монографиялар, кітаптар, зерттеулер, оқу құралдары, мақалалар, видео материалдар дайындау.

Аудандарда «Құлшан ата-Ақмешіт, Аралтобе», «Ұшқан – Қарашүңгіл – Ақінген», «Иманқара – Жұбан Тамы – Ақкегершін», «Тас кешу», «Сарайшық»  саяхат маршруттары өтті.

«Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық  филиалының ұйымдастыруымен «Сарайшық-Арыстанбаб-Қожа Ахмет Яссауи-Әйтеке би» бағыты бойынша халықаралық экспедициясы өтті.

Құрманғазы ауданында «Қоғамдық келісім» мекемесі Астрахань облысы, Володар ауданы, Алтынжар селосындағы күй атасы Құрманғазы бабамыз мәңгі тыныстап жатқан мекенге саяхат ұйымдастырды.

 «Saltanat Media Group» ЖШС Түркмения, Әзірбайжан, Ресей, Қазақстан мемлекеттерінің қатысуымен туристік кластерді дамытуға арналған «Өз көзіңмен» халықаралық тележобасын ұйымдастырды.

Өлкенің тарихи-мәдени мұрасы мен киелі жерлерін насихаттау мақсатындағы ақпараттар тұрақты түрде «Facebook», «Instagram» әлеуметтік желілерінде, «Ruh kz», «Atyraueli» сайттарында тұрақты жарияланып отырады.

 «Атырау облысында тарих және мәдениет ескерткіштері болып табылатын киелі жерлер» атты кітапша жарыққа шықты. Басылымда облыстағы республикалық және жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген ескерткіштермен қатар, облыстағы тарихи-мәдени мұра объектілерінің алдынала есепке алу тізіміне енген 49 киелі нысандар берілген.

Атырау облысында алғаш рет жарық көріп отырған бұл кітапқа тарихи-мәдени ескерткіштерге қатысты бұрын жинақталған экспедициялық материалдармен қатар, аңыз-әңгімелер енген. Кітапша Атырау өңірінің тарихи-мәдени ескерткіштері мен киелі жерлеріне қызығушылық танытқан көпшілік оқырмандарға арналған. 

Бұған қоса, киелі мекен – Сарайшық көне қалашығы жөнінде балаларға арналған анимациялық фильм түсіріліп, жергілікті арнадан көрсетілімі ұйымдастырылды.

Атырау облысы әкімдігінің тапсырмасымен түсірілген 10 бөлімдік мультфильм сценаристі – Ринат Сүлейменов, режиссері – Данияр Абдраxманов. Анимациялық туынды балалардың көне Сарайшық қаласына жасаған саяхаты мен бастан кешкен қызықты оқиғалары жайлы сыр шертеді. Түсірілім балалардың бойында туған өлкеге деген сүйіспеншілікті, Отан тарихына деген мақтаныш сезімін ерте жастан қалыптастырады.

«Q-Daily» медиа орталығы түсірген фильм бүгінгі күні жас көрермендердің ерекше қызығушылығын туғызып, сүйіп көретін көрсетілімдерінің біріне айналды. «Сарайшыққа саяхат» – Қазақстанда ең жаңа технологиялардың көмегімен шығарылған анимациялық фильм. Сценарийді жазарда түсірушілер көне қала орнындағы археологиялық қазба жұмыстары орындарына барып, зерттеулермен танысты. Ғалымдардың кеңестерін тыңдап, өлке тарихын сәбилерге мультипликация тілімен жеткізуге бар мүмкіндікті пайдаланды.

Қорыта айтқанда, аталмыш арнайы жоба аясында облыс бойынша ауқымды жұмыстар жүзеге асырылуда. Әлі де жаңа жобалар, болашақ жоспарлар жетерлік. 

Орынтай БИМАНОВА,

Атырау өңірлік «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің жетекшісі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған