КЕШЕНДІ ТЕСТІЛЕУ: НӘТИЖЕ ҚАНДАЙ?

Ағымдағы жылдың 19-22 шілде күндері еліміздің 42 жоғары оқу орны базасында талапкерлер кешенді тестілеуден өтті. Республика бойынша 87060 талапкер колледжде алған білімін жалғастыруға ниет білдіріп, өтініш жіберген болса, соның ішінде 84 496 түлек білімін тексерді.

Биылғы кешенді тестілеуде 56 017 талапкер ең төменгі шекті (50 балл) жинай алмаған, бұл 66,29 пайызды құрайды. Сонымен қатар, шығармашылық емтихан тапсырғандарды қоса алғанда 57 759 талапкер шекті деңгейден өте алмады.  Бұл 56,52 пайызға тең. Бұл жөнінде ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде  өткен брифинг барысында Білім және ғылым вице-министрі Тахир Балықбаев хабарлады.

Вице-министрдің айтуынша, аталмыш сынақтың биылғы нәтижесі өткен жылғыға  қарағанда едәуір жоғары. Тоғыз талапкер тестілеудің ең жоғары балын жинады.

– Кешенді тестілеуді өткізу барысында 46 800-ден астам тыйым салынған құралдар алынды. Сонымен қатар, түлектердің орнына кіріп сынақ тапсырмақ болған 49 азамат анықталды, ережені бұзғаны үшін бірқатар түлек тестілеу барысынан шығарылды,-деді вице-министр Т.Балықбаев.

Сондай-ақ, ҚР Білім және ғылым министрлігінің өкілі жоғары оқу орындарының білім гранттарына өтініштер қабылдау басталғанын да айтып өтті. Құжаттарды қабылдау 31 шілдеге дейін жалғасатын болады. 

Ал, Атырау облысы бойынша 2709 талапкер 19-22 шілде күндері Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде кешенді тестілеуден өтті. Оның басым бөлігі шекті деңгейден өте алмады. Оқу орнының қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Ләйла Қойшығұлованың айтуынша, тестілеуге қатысуға ниет білдіріп, құжат тапсырғандар саны 2772 түлек болатын. Яғни, 63 талапкер белгілі бір себептермен қатыса алмай қалып отыр. Нақтырақ айтсақ, 1781 түлек межелі балды жинай алмай, жоғары оқу орнына түсу мүмкіндігінен айырылды.

Облыс бойынша ең жоғары балл – 98. Оны еншілеген Атырау политехникалық колледжінің түлегі Мұрат Мырзаханов. Кешенді тестілеу қорытындысы бойынша Атырауда орташа балл 35-ті құрап отыр.

Айгүл ЕРТІЛЕУ. 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз