
Каспий кетті тартылып…
КАСПИЙ ТЕҢІЗІНІҢ ТАРТЫЛУЫ ТЕК ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ЕМЕС, ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ МӘСЕЛЕ РЕТІНДЕ ДЕ ӨЗЕКТІ БОЛЫП ОТЫР. БҰЛ ЖАҒДАЙ ҚОҒАМНЫҢ АЛАҢДАУШЫЛЫҒЫН КҮШЕЙТТІ. ЖУЫРДА ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕ АТЫРАУ ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ ОБЛЫС ШЕКАРАСЫНДА ОРНАЛАСҚАН КАСПИЙ ТЕҢІЗІНІҢ ТАБАНЫНА БАРЫП, ОНДАҒЫ ЖАҒДАЙҒА АЛАҢДАУШЫЛЫҚ ТАНЫТҚАН БЕЙНЕЖАЗБАСЫН ЖАРИЯЛАДЫ. БЕЙНЕЖАЗБА АВТОРЫНЫҢ АЙТУЫНША, ТЕҢІЗДІҢ ОРНЫНДА ҚАЗІР КӨЛІК ТҮГІЛІ КІСІНІ КӨТЕРЕ АЛМАЙТЫН БАТПАҚТЫ ЖЕР ҒАНА ҚАЛҒАН.
Су – тіршіліктің тамыры, табиғаттың тынысы. Әрбір тамшының жүріп өтетін жолы – Жер-Ананың жүрегінен тараған өмір өзегі. Адам баласының өркениеті мен табиғаттың тұрақтылығы – мөлдір судың мәңгілік ағысымен тығыз байланысты. Осы шексіз маңызға ие құндылықты ұғыну, оны қорғауға үн қосу – бүгінгі ұрпақтың басты парызы.
Елдік мәселеге үн қосып, шешімін табу мақсатында облыстық «Атырау» қоғамдық-саяси газеті «Сауап пен Жауап» бұдан үш жыл бұрын, яғни 2022 жылдың қазан айында қолға алған болатын. Бұған «Су бергеннің сауабы бар, су төккеннің жауабы бар» деген ата-бабадан қалған астарлы ғибрат негіз болған еді. Қаншама ғасыр өтсе де, өзіндік қадір-қасиеті мен құндылығын жоймаған нақыл сөздің мән-маңызы әлі де жоғары күйінде.
Ал, жуырда Қиғаш өзенінің тартылуына байланысты Құрманғазы ауданында жарияланған төтенше жағдай, Каспий теңізі суының тартылуына қатысты әлеуметтік желілерде таралған бейнежазба, оған қатысты қоғам белсенділері мен арнайы мамандардың пікірлері «Сауап пен Жауап» атты экологиялық шығармашылық-зерттеу жобасын қайтадан қолға алуға мәжбүр етті. Табиғат пен адам арасындағы үйлесімділікке үндеу, су ресурстарының қадірін терең сезіндіретін тағылымды бастама аясында оқырманға ой салар оралымды мақалалар, сараптамалар мен мәселені түп-тамырынан қаузайтын сұхбаттар, сала мамандары мен белгілі ғалымдардың пікірлері мен терең зерттеулеріне сүйене отырып мақалалар легі алдағы уақытта газет бетінде тұрақты жарияланып тұрмақшы.
Қадірлі оқырман!
Бұл тақырыпта сізді толғандырған мәселелер мен орнықты ұсыныс-пікірлеріңіз болса, бізге жолдаңыз. Күрмеулі мәселенің түйінін бірге тарқатайық.
Құрметпен, редакция.

Каспий теңізінің тартылуы тек экологиялық емес, әлеуметтік-экономикалық мәселе ретінде де өзекті болып отыр. Бұл жағдай қоғамның алаңдаушылығын күшейтті. Жуырда әлеуметтік желіде Атырау облысының тұрғыны облыс шекарасында орналасқан Каспий теңізінің табанына барып, ондағы жағдайға алаңдаушылық танытқан бейнежазбасын жариялады. Бейнежазба авторының айтуынша, теңіздің орнында қазір көлік түгілі кісіні көтере алмайтын батпақты жер ғана қалған.
Суды ысырап еткен кім?
«Біз әлі суға жете қойған жоқпыз. Соған қарамастан, топырақ қатты босаңсып кеткен, жеңіл көлікпен жүру қауіпті. Мұнда тек арнайы техникамен ғана жетуге болады», — дейді автор бейнежазбада.
Оның айтуынша, теңіз ортасында орналасқан бұрынғы аралдардың маңы бүгінде құрлыққа айналған.
«Бұрын бұл жердің бәрін су басып жататын. Қазір тіпті Баутино теңіз жағажайына дейін тікелей жол ашылғандай», — дейді.
Осы бейнежазбаға байланысты Атырау облыстық қоғамдық кеңесінің мүшесі, қоғам белсендісі Дидар Хамзин өзінің жеке көзқарасын айтып, пікір білдірді. Ол Каспий теңізінің қазіргі деңгейі аса күрделі жағдайда тұрғанын жоққа шығармайды.
Десе де теңізге қосымша су жіберу арқылы Жайық пен Қиғаш өзендерінің табиғи ағысын тежеп, онсыз да азайып қалған суды ысырап етіп отырғандығын да жасырған жоқ.
– Бұл халық үшін аса қауіпті. Себебі Каспий теңізінің тартылуы – өте қауіпті экологиялық мәселе болғанымен, әуелі тұрғындардың ауыз суға деген сұранысын қанағаттандырған жөн. Ал жүргізіліп жатқан өзен арналарын қазу жұмыстары керісінше жағдайды ушықтырып отыр. NCOC компаниясы ұзындығы 56 шақырым, ені 30 метр, тереңдігі 5 метр болып қазылған арналардың кесірінен солтүстік бөлігінде Каспий теңізінің 30-40 шақырымға дейін тартылуына душар етіп отыр. Екіншіден, Жайық пен Қиғаштың тамағын тереңдету жұмыстарының кесірінен тұщы су проблемасы туындады. Оның себебін Құрманғазы ауданында жарияланған төтенше жағдайдан да көріп отырмыз. Өйткені Жайық пен Қиғаштың деңгейі – Каспийдің деңгейіне қарағанда жоғары. Сондықтан судың бәрі теңізге кетіп қалып жатыр. Мамандардың ескертуіне қарамастан, бұл жұмыстарға әлі тоқтау салынған жоқ, — деп орынды қынжылыс білдірді Д.Хамзин.
Қоғам белсендісінің айтуынша, тағы бір үлкен мәселе – бөлінген қаржының мақсатсыз жұмсалуы. Мысалы, арналарды қазуға жұмсалған ең қымбат техника мен жалға алу бағасын қосқанда 1 миллиард теңгеден аспайды. Бірақ іс жүзінде оған 19 миллиард теңге бөлінген. «Демек, 18 миллиард теңге талан-таражға түсіп отыр», — деп есептейді ол.
Шынында, Каспийге құйылатын судың көбі Еділ өзені арқылы келеді. Бұрын теңізді 80 пайызға дейін Еділ толтырып отырса, қазір оның үлесі екі есе азайып, небәрі 40 пайызды ғана құрайды екен. Еділ солай болғанда, Қиғаштың жағдайы да мәз емес. Тиісінше Жайықтың үлесі де азайған, бұрынғы 12 пайыздан 3 пайызға дейін түсті. Ал Қап тауынан (Кавказ) ағатын өзен сулары да тартыла бастапты. Қоғам белсендісі «мұндай жағдайда теңізді арна арқылы толтырамыз деу – уақытты да, қаржыны да ысырап ету» екенін айтады.
Дидар Хамзин атап өткендей, Солтүстік Каспийдегі арна қазу процесі қорық аймағының тыныштығын бұзып, балық шабақтарына тікелей қауіп төндіреді. Сонымен қатар, шабақтың негізгі азық қоры саналатын бентос секілді ұсақ жәндіктер жойылып, теңіздегі тіршілік балансы да бұзылуы мүмкін.
– Каналдарды бір рет қазып қойсаң болды деп ойлау қате. Жел бағытына байланысты олар үнемі құм мен балшықпен толып, Солтүстік Каспийдің тіршілігін тұрақсыз күйге түсіреді. Сол себепті теңіз деңгейінің төмендейтіні жасырын емес. Ал су тайыздаған сайын NCOC компаниясы өз мүддесі үшін кеме жолын тағы да тереңдете береді. Сонда теңіздің құяр сағасында қазан шұңқырлар пайда болады да, Каспийдің деңгейі бүгінгіден де мүшкіл халге жетеді, — дейді қоғам белсендісі.
Мамандар қажет бұл іске…
Каспий теңізінің тартылуы бүгінде ғалымдарды ғана емес, қарапайым қалың бұқараны да алаңдатып отыр. Бұл құбылысқа әсер етуші бірнеше фактор бар. Ең бастысы – мәселе геофизикалық және гидрогеологиялық жағдайларға байланысты.
Балық шаруашылығы саласының маманы Ғилман Сәрсемалиевті де Каспийдің қазіргі жағдайы толғандырады екен. Оның айтуынша, теңіздегі өзгерістерге тек табиғи факторлар емес, адамның іс-әрекеті де зор кесел келтіріп отыр.
– Соңғы жылдары Еділ өзенінің суы күрт азайып барады. Ресей Федерациясының Саратов және Астрахан облыстарында өзен арнасының тартылуы салдарынан қайраңдар пайда болғандықтан, теңізге жететін су көлемі мүлдем аз. Каспийге құятын басқа өзендердің үлесі де тым мардымсыз, — дейді Ғилман Әміржанұлы.
Әлбетте, жаһандық климаттың жылынуы да теңіздің тартылуына тікелей ықпал етіп отыр. Соңғы онжылдықтарда орташа температура 2 градусқа көтерілген. Мұздықтар еріп, жылынған судың булануы күшейді. Каспийдің суында да осындай процестер жүріп жатқаны жасырын емес.
– Каспийдің тартылуына негізгі себептердің бірі – өзендерге салынған бөгеттер. Әсіресе Еділ өзенінің бойында 10-нан астам ірі су қоймасы бар. Әрбір бөгет салынған жерде жаңа су айдыны пайда болатыны түсінікті ғой. Бұрын өзен тек бір арнамен ағып жатса, қазір мыңдаған гектар жерге жайылады. Бұл судың беткі ауданын үлкейтеді де, булануды күшейтеді. Нәтижесінде Каспийге жететін су көлемі азая береді, — деді Ғ.Сәрсемалиев.
Инженер-технологтың айтуынша, бөгеттер халық санының өсуі, өндіріс пен ауыл шаруашылығының дамуына байланысты салынған. Су ішуге ғана емес, егін мен өнеркәсіпке де қажет. Әрбір өндіріс орны сусыз жұмыс істей алмайды. Сол себепті су тұтыну көлемі жылдан-жылға артып отыр.
– Соңғы жетпіс-сексен жылда үлкен өзендерге жүздеген бөгет салынды. Кеңес дәуірінен бастап су қоймалары көбейіп кетті. Бір жағынан бұл шаруашылық пен қалалардың дамуына қажет болды, екіншіден судың табиғи ағысын тежеп, тапшылық туғызды. Кей жерлерде қарапайым тұрмыстық мұқтаждыққа да су жетпейді, сорғысыз су кіргізу мүмкін емес, — дейді маман.
Ғилман Сәрсемалиев тек бөгеттерді ғана емес, жер қыртысындағы табиғи қозғалыстарды да назардан тыс қалдырмайды. Бұрынғы заманда Каспий теңізі деңгейінің барынша төмендеп, қайта көтерілген кездері болған. Қазіргі құбылыстар да осындай ұзақ мерзімді табиғи заңдылықтардың жалғасы болуы ықтимал.
Сонымен қатар, ол су шаруашылығы саласындағы маман тапшылығын да ерекше атап өтті.
– Бұрын Тараз қаласында Жамбыл гидромелиорация институты болды. Қазақстанның басқа аймақтарында да осындай оқу орындары бар еді. Кейін «тиімсіз» деген желеумен су шаруашылығына арнайы мамандар даярлайтын факультеттер жабылды. Нәтижесінде Қазақстанда бұл сала бойынша кәсіби кадр жетіспей қалды. Ал іс жүзінде су ресурстарын басқару, гидротехникалық нысандарды пайдалану, ауыл шаруашылығын сумен қамту ісінде нағыз мамандар ауадай қажет. Әсіресе соңғы жылдарда бұл тапшылық қатты сезілді, — деді Ғилман Әміржанұлы.
Президенттің қаупі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында Каспий теңізінің тартылып бара жатқанына байланысты пікір айтып, бұл жағдайға қатысты тиісті шаралар қолданбаса, аса үлкен экологиялық апатқа айналуы мүмкін екенін жеткізді.
Бұған дейін де халықаралық дәрежедегі басқосуларда трансшекаралық өзендер, әсіресе Каспий теңізінің ахуалына қатысты бірнеше мәрте айтып жүрген Қазақстан Президенті жақында Қытайда өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының кеңейтілген отырысында осы маңызды мәселеге арнайы тоқталып, Ұйым аясында Су мәселелері жөніндегі орталық құру туралы ұсыныс жасады.
Ал, 24 қыркүйек күні Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 80-ші сессиясындағы Жалпы дебатта сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Кемелұлы Арал қасіретінен сабақ алған Қазақстанның Каспий теңізінің ахуалы бір өңірдің ғана проблемасы емес, жаһандық деңгейде дабыл қағатын мәселеге айналғанын атап көрсетті. Сондықтан барша халықаралық қоғамдастықты Каспийдің су қорын сақтау үшін жедел шараларды бірлесе қабылдауға шақырды.
Демек бұл жеңіл-желпі қарап, немқұрайдылыққа салынатын мәселе емес. Күннен күнге тартылып бара жатқан Каспий теңізі шынында да күрделі құбылыс!..
Мемлекет басшысы Үкіметке Каспий теңізінің су ресурстарын сақтау бойынша мемлекетаралық бағдарлама әзірлеуді қолға алуды тапсырды. Бағдарламаны серіктес мемлекеттермен келісу аса маңызды екенін ескерген саясаткер бұл проблеманы күн тәртібіне шығару үшін БҰҰ-мен, басқа да халықаралық құрылымдармен серіктесе отырып, келесі жылы сәуір айында Астана қаласында Өңірлік экологиялық саммит ұйымдастыратынын мәлімдеді.
Тоқетер сөз
…Бұл өте маңызды шешім болды. Егер бүгін су мәселесі бойынша дұрыс және орынды шешім табылса, ертең соның игілігін кейінгі ұрпақ көреді. Ал, Каспийдің қазіргі жағдайына қатысты сарапшылар мен қоғам белсенділерінің пікірлері түрлі болғанымен, ортақ ой – бұл мәселені шешу кешіктірілмеуі тиіс.
Ең бастысы, бөлінген қаржының тиімді жұмсалуы мен ғылыми негізделген шешімдердің қабылдануы халықтың сенімі мен бүкіл аймақтың тағдырына қатысы бар стратегиялық маңызды ресурстың болашағы үшін маңызды болып қала бермек. Сондықтан мемлекеттер жұмылып, бірлесіп әрекет етуі қажет.
Алмас ҚАБДОЛ



