
Kaspi.kz бірыңғай QR жүйесіне қосылады
Kaspi.kz мақсатты модельдің аясында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ұлттық төлем корпорациясымен бірыңғай QR жүйесіне қосылу туралы келісімге қол қойды, деп хабарлайды Stan.kz.
Компания өкілдерінің айтуынша, жаңа бастама Қазақстандағы төлем инфрақұрылымын жетілдіріп, қаржы операцияларының қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.
Kaspi.kz басшысы әрі негізін қалаушылардың бірі Михаил Ломтадзе бұл жөнінде пікір білдіріп, бірлескен жұмыстың маңыздылығын атап өтті:
– Биыл біз Ұлттық банкпен бірлесіп, әсіресе операциялардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бөлігінде белсенді жұмыс істедік. Бірыңғай QR жүйесіне қосылу – Қазақстанда кең, заманауи әрі қауіпсіз төлем инфрақұрылымын құрудағы маңызды қадам. Сүйікті клиенттеріміз жақын арада кез келген банктің QR-коды арқылы төлей алады, – деді ол.
Бірыңғай QR бойынша төлемдер Ұлттық Банктің орталық инфрақұрылымы арқылы жүзеге асырылады. Барлық банктер бұл жүйеге тең талаптармен қосылады. Мақсатты модель азаматтар мен компанияларды алаяқтық тәуекелдерінен барынша қорғауды көздейді.
Тоғжан ЕРМЕК
Сурет: Tengrinews



