КӘСІПКЕРЛЕРГЕ ҚОЛДАУ ЖАСАЛУДА

Жақында Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов баспасөз брифингін өткізді. Онда ол кәсіпкерлер алдындағы басты міндет – Елбасы Жолдауы жүктеген міндеттерді орындау екенін мәлімдеді.

Айтуынша, кәсіпкерлер Елбасының биылғы Жолдауына үлкен қолдау білдіріп отыр.

– Себебі, Елбасы әлемдік нарықтағы жағдайға қарамастан, елдің экономикасын дамыту туралы міндет қойды. Біз өңірлердегі ірі кәсіпорындар арқылы бизнестің жай-күйін білдіретін сауалнамалар жүр-гіздік. Әлем нарығында, көршілес елдерде орын алған ахуалдарға, санкцияларға қатысты елімізде теріс құбылыстар байқалмады. Экономиканы қолдау үшін Ұлттық қордан 1 триллион теңге бөлінген болатын, оның ішінде 100 миллиард теңге «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі және екінші деңгейлі банктер арқылы игеріліп те қойды. Бұл өңдеу саласына, әсіресе тамақ өнеркәсібіне қолдау, жаңа өндірістерді құру үшін іргетас болды. Қаржыландырылған жобалардың 60 пайызы – жаңа жобалар, олардың жартысы азық-түлік саласына жатады. «Бизнестің жол картасы», «Агробизнес–2020», «Жұмыспен қамтудың жол картасы» және басқа да бағдарламалар белсенді түрде жүзеге асырылуда, – деді Абылай Исабекұлы.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшысы «Нұрлы жол» бағдарламасымен салынатын барлық нысандарды жергілікті мекемелер қолға алып, құрылыс материалдары өзіміздің кәсіпорындарда жасалуы тиіс деп атап көрсетті. «Бұл туралы нақты бағдарламаға қазіргі уақытта 280-ге жуық кәсіпорын кірген. Ұлттық қордан үш жылдың ішінде 3 млрд. АҚШ доллары бөлінеді. Оның сыртында «Даму» қоры арқылы кәсіпкерлікті қолдауға 100 млрд. теңге бөлінген болатын. Енді соңғы енгізген өзгерістер арқылы тағы 100 млрд. теңге қосылады деп жоспарлануда. Бұл қаражат «Даму» немесе «Бәйтерек» қорлары арқылы банкілерге жеткізіліп, банк арқылы кәсіпкерлерге көмек көрсетілмек» деді ол.

Амандық АБДОЛОВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз