КӘСІПКЕРЛЕРДІҢ ЕКІНШІ ТЫНЫСЫ АШЫЛДЫ

Кеше Атырауда «Атырау кәсіпкерлер палатасының өңір кәсіпкерлігін дамытудағы рөлі» тақырыбындағы аймақтық конференция өтті. Онда облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев индустриалды аймақ құру бағытында жұмыс жүріп жатқандығына баса тоқталды.

Оның айтуынша, облыста отыз екі мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі болса, былтыр осы салада 472 млрд.теңгенің өнімі өндірілген. Еліміздің батыс аймақтары арасынан көрсеткіштер бойынша бірінші орынға шықсақ, республика көлемінде алтыншы орында тұрмыз. Бұл – өндірістік аймақ үшін қалыпты жағдай. «Жаңа құрылым кәсіпкерлікті одан әрі дамытуға жұмыстанады деп сенемін. Инвесторларды тарту, мемлекеттік бағдарламаларға қатысу, ішкі экономиканы өркендетуге үлес қосу ұйымның басты ұстанымы деп білемін», – деген Ғұмар Ислямұлы кәсіпкерлерді де түрлі шараларға белсендірек қатысуға шақырды.
Мәселен, аймақтағы 13 жоба өз қуаттылығына шықса, екеуі белгілі себептермен іске қосылмаған. Оның үстіне, соңғы екі жылдан бері айтылып келе жатқан Атырау қаласында индустриалды аймақ құру жайы әлі толық шешімін таппай келеді. «Ақпарат жетіспеушілігінен бе, аймақтың көлемін анықтау үшін жобалық-сметалық құжаттамасы дайын емес. Оған қатысуға ынта білдірген кәсіпкерлерден өтінім жоқтың қасы. Өзге өңірлерде екі-үш, тіпті оншақты индустриалды аймақ бар, ал, біз небәрі біреуін құра алмай отырғанымыз өкінішті. Бұған дейін де айтылғандай, ол үшін инфрақұрылымның 70 пайызы республикалық бюджеттен қаржыландырылса, ішкі инженерлік коммуникациясына қажетті қаражат облыс қазынасынан бөлінбек. Біз кәсіп иелерімен бірлесіп жұмыс жасауға дайынбыз. Олар өз кезегінде жаңадан жұмыс орындарын ашады. Мысалы, мұнай-газ секторында бизнесті дамытуға мүмкіндік бар. ҚР Үкіметі «Теңізшевройл» ЖШС-мен «Келешек кеңею» жобасында қазақстандық үлесті көбейтуге қол жеткізді. Ендеше, сенімді серіктесімізге айналған Атырау облысы кәсіпкерлер палатасымен тығыз қарым-қатынас әрі қарай да жалғасын таба бермек», – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.
Өз кезегінде Атырау облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Асылбек Жәкиев өткен жылдың қазан айында құрылған ұйым шынымен де бизнес иелерінің басын біріктіретін ортаға айналғанын атап айтты. Елімізде қызмет етіп жатқан шетелдік компаниялардан бастап, ұлттық холдингке дейін Ұлттық кәсіпкерлер палатасының мүшесі саналады.
Әлеуетті инвесторлар тартпақ ниетпен ұйым басшылығы шет елдердің бизнес құрылымдарымен келісімге келген болатын. Бұл ретте Парижден келген сарапшылармен бірлесіп бәсекелестікті арттыруда қанатқақты жобаны іске асырмақшы. Осылайша, мұнай-газ саласына сервистік қызмет көрсетуде бірлескен кәсіпорындар саны көбейеді деп күтілуде.
– Кәсіпкерлікке жаңадан аяқ басқан бизнесмендер үшін өткізілетін «старт-аптың» жеңімпаз жобалары іске кірісіп, кәсібін бастап үлгерді. Келесі жылдан бастап бизнеске оқыту кәсіпкерлер палатасының құзырына беріледі. Осы орайда толық бизнес-мектеп ашуға жұмыстанудамыз. Әсіресе, аудандардағы филиал қызметін жандандыруды қолға алдық. Жалпы, кәсіпкерлермен байланысымызды нығайтып келеміз. Атырау облысы кәсіпкерлер палатасына түскен арыз-шағымдар аяқсыз қалмайды. Олардың басым бөлігі шешімін тапты. Жарты жылда бас ұйым – Ұлттық кәсіпкерлер палатасының араласуымен заңдылықтарға 270 түзету енгізіліп, кәсіпкер пайдасына шешілген. Заманауи стандарттарға сай келетін ресурстық орталық ашу жоспарымызда бар,-деген Асылбек Мұхитұлы кезегін күткен мәселелер де жеткілікті екенін жасырмады.
Естеріңізде болса, 2011 жылдан бастап ҚР Үкіметі Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына кіру бағытында бірқатар бастамаларды қолға алған еді. Дамыған елдердің халықаралық экономикалық ұйымға мүшелік етуі мемлекеттік басқарудың үздік тәжірибелері мен соңғы стандарттарын енгізуге, елдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға оң ықпалын тигізбек. Аталған ұйымның сарапшы-талдаушысы Воутер Меестер шикізаттық емес ортада бәсекелестікті күшейту, аймақтық инвестицияларды көбейту бағытындағы жасалынып жатқан жұмыстарға тоқталды. Бүгінде олар инвесторларға арналған онлайн база жасақтауда. Қатарына отыздан астам мемлекет кіретін ұйым әрі қарай да осы мақсаттағы қызметін жалғастыра бермек.
Аймақтық конференция барысында «Kaznex Invest» АҚ корпоративтік даму департаментінің директоры Кәмшат Сағынбекова дамыту институтының міндеттемелерімен таныстырды. Шығындардың орнын толтыру, экспортты көбейтуде институт тегін қызмет көрсеткен. «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры» АҚ Атырау облысы филиалының директоры Әлия Өтепқалиева шағын және орта бизнесті қолдау үшін бөлінген 100 млрд. теңге қаражаттың жұмсалу тетіктерін айтып түсіндірді. Табысты бизнес жүргізіп келе жатқан «Теңізшевройл» ЖШС-нің отандық нарықты дамыту департаментінің үйлестірушісі Қанат Катренов, «Новус Силинг Каспиан» ЖШС директоры Әділбек Дәулетияров баяндама жасап, қазақстандық мазмұнды арттырудағы шаралары жөнінде хабарлады.

Айбөпе САБЫРОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз