
Кәсіпкер неге алаңдаулы?
Мұнайлы өлкеде кәсіпкерлікті дамытуға ден қойылғанмен, шағын және орта бизнестің аяғынан шалушылар әлі де көп. Мәселен, «Ақ Жайық» қонақ үйінің маңындағы екі кәсіпкерлік нысанының жер телімі мемлекет қажеттілігіне берілмекші. Алайда бизнес иесі бұл шешіммен келіспейді. Осыған ұқсас жағдай тағы бір жергілікті тауар сатушының басында бар. Кәсіпкердің айтуынша, бәзбіреулер бизнесін «тұншықтыруға» әрекет еткен.
Атырау облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Сүйінбаевтың айтуынша, биыл жоспардан тыс тексеру 35 пайыз, заңсыз тексеру 5,5 есе өскен. Бұл туралы өткен аптадағы «Бірыңғай есеп беру күнінде» айтылды.
Бизнесті қолдауға – 6 мрд. теңге
Облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиевтың айтуынша, елдегі көмірсутегі шикізатының 60 пайызға жуығы өндірілетін Атырауда 65 мыңнан астам кәсіпорын тіркелген. Бұл көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда 10 пайыз артқан және олардың дені шағын және орта бизнеске тиесілі.
– Әрине, өңірде шағын және орта бизнес ірі кәсіпкерлік нысандары секілді көп болмаса да жылдан-жылға олардың саны артып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, елге инвестиция тартылып, жаңа кәсіпорындар ашылып отыр. Соның нәтижесінде жаңа жұмыс орындары да көбейе бастады. Әсіресе, мұнай-газ химиясы қарқын алды. Биыл бизнесті қолдауға облыстық бюджеттен 6 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінген. Бүгінде құны 108 миллиард теңге болатын 23 инвестициялық жоба жүзеге асып жатыр. Биыл тамыз айына дейін 7 ірі жоба іске қосылды. Нәтижесінде 500-ден астам жұмыс орны құрылды. 2025-2029 жылдарға арналған өңірлік инвестициялық картаға жалпы құны 7 триллион теңгені құрайтын 47 жоба енгізілген. Шағын және орта бизнес саласын дамыту, қолдау бағдарламаларын жергілікті кәсіпкерлермен бірлесіп әзірлеуге әзірмін, — дейді Марат Бисенғалиұлы.
Мүмкіндік бар, қауқар жоқ
Соңғы жылдары облыста өз кәсібін ашуға ынта білдірушілер көбейіп келеді. Бірі өзінің жиған-терген қаражатына кәсіп бастаса, енді бірі сол ісін одан әрі жүргізуге мемлекеттен қолдау алып, жеңілдетілген пайызбен несие алып әрекет етіп жүр. Осылайша, қазір кәдімгі кір сабын мен кір жуғыш ұнтақ көлемі аз болса да Атыраудан шығатын болды.
Шындығында, қабілет тартса, бұдан да биік белеске жетіп, импортты алмастыруға мүмкіндік жеткілікті. «Қара алтынның» құрамындағы газдан алынатын полипропилен, полиэтилен түйіршіктерден өзімізде де әжептәуір өнім өндіруге болар еді. Бірақ оған дейін әлі «іс көп, көмір аз».
Дейтұрғанмен бүгінде өңірдегі шағын және орта бизнесте біршама өсім бар.
Негізсіз тексеру көбейді
Десек те, бизнесті заңсыз тексеріп, тіпті «тырнақ астынан кір іздеушілер» көбейіп кеткен көрінеді. Әрине, бәсекелестік ортада мұндай деректер орын алуы қалыпты құбылыс десек те болады. Алайда, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті Атырау облысы бойынша департаментінің кеңесшісі Жұлдыз Бұламбекованың айтуынша, биыл жыл басынан бері ақпараттық жүйеде 1800-ден астам тексеру тіркелген. Бұл өткен кезеңмен салыстырғанда 16 пайыз көп, профилактикалық бақылау шаралары да артқан.
– Оның ішінде, бизнес субъектілеріне қатысты тексеру былтырғыдан 35 пайыз артық. Әсіресе, микрокәсіпкерлік субъектілеріне 50 пайыз, шағын бизнеске 28 пайыз, орта кәсіпкерлікке 47, ірі бизнеске 34 пайыз көп. Биыл сегіз айда департамент 30 заңсыз тексерудің алдын алды. Мәселен, қала санитарлары негізсіз тексеруді жоспарлады, — деп Ж.Бұламбекова нақты статистиканы келтірді.
Заңсыз тексерудің алдын-алуға жәрдемдесетін «Қамқор» деген мобильді қосымша бар екен, оған кәсіпкерлер де қосыла алады. Қазір бұған 5 мыңдай бизнес иесі тіркеліпті. Қосымшаға қосылған кәсіпкер прокурорларға тікелей шағым айта алады. Бұл хабарламалар бойынша шұғыл әрекет жасалады.
Лицензиясыз 87 нысан
Атырау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы Серіккерей Қуановтың айтуынша, бүгінде облыста 73 007 салық төлеуші бар. Оның 15 991-і – заңды тұлға, 57 016-сы – жеке кәсіпкер. Арнаулы салық режимімен айналысатын салық төлеуші – 61 285.
– Уақытша қаржылық қиындық пен табыстың төмендеуіне тап болған кәсіпкерді қолдау мақсатында департамент салықтық міндеттемелер бойынша төлем мерзімін кейінге қалдыру және бөліп төлеу ресімдерін қарастырған. Мұндай шаралар бизнес нысандарына тұрақтылықты сақтап, берешектің жиналуына жол бермеуге және қызметін жалғастыруға мүмкіндік береді. Қазірде 53 салық төлеушіге жалпы сомасы 10 миллиард 75 миллион теңге кейінге қалдыру ресімі берілген, оның 3 миллиард 381 миллионы өтелді. Берешегі бар шаруашылық субъектілерін сақтап қалудың бір тетігі – оңалту ресімі. Бұл тек сот тәртібімен және кәсіпкерге ғана қолданылады. Жалпы оңалту ресімі кәсіпорынға бес жыл ішінде қаржылық жағдайын тұрақтандырып, қалыпты қызметке қайта оралуға нақты мүмкіндік береді, — дейді департаменттің басқарма басшысы.
Оның айтуынша, оңалту ресімін қолданған борышкерлердің жалпы берешек сомасы – 13 миллиард теңге, өтелген сома – 158 миллион теңге екен. Жүргізілген 56 салықтық тексерудің нәтижесінде жүргізіліп, салықтық тексеру актілері бойынша қосымша 562 миллион теңге бюджетке өндірілген.
Кедендік ресімдеу кезінде де жеңілдіктер бар. Жыл басынан бері сыртқы экономикалық қызметке қатысушы 23 нысанның жалпы сомасы 2,9 миллиард теңгеге 39 тауар декларациясы ресімделіп, қосылған құн салығын төлеу бойынша жеңілдік қарастырылған.
– Келесі жылдан бастап жекелеген қызмет түрлерімен айналысуға лицензия пайдаланғаны үшін, оның ішінде алкоголь өнімдерін сақтап, сату үшін тоқсан сайын төленетін төлемақы алынып тасталады. Жалпы алкоголь өнімдерін сақтау және сату бойынша төлемақы сомасы 100 айлық есептік көрсеткішке тең, бұл ақшаға шаққанда – 393 200 теңге. Келесі жылдан бастап әлеуметтік төлемдер берешегі 6 АЕК-тен (25 950 теңге) асып кетсе шығыс операциялары тоқтатылып, шот бұғатталады. Салықтық берешектің шекті мөлшері айлық есептік көрсеткіштің 20 еселенген мөлшерінде айқындалып, ол салықтық міндеттемені қамтамасыз етудің әрбір тәсілі немесе салықтық берешекті мәжбүрлеп өндіріп алудың әрбір шарасы үшін жеке қолданылады. Биылғы қаңтар-тамыз айларында алкоголь өнімдерін бөлшек саудада лицензиясыз сату фактілерін анықтау мақсатында интернет желісі арқылы Атырау қаласындағы сауда және қызмет көрсету нысандарына талдау жүргізілді. Соның нәтижесінде қаралған 464 нысанның 87-сі алкоголь өнімдерін бөлшек саудада өткізуге арналған тиісті лицензиясыз сатып келген. Сондықтан, кез келген өнімді лицензиясыз сатпауға кеңес береміз. Бұл жұмысты облыстық кәсіпкерлер палатасымен бірге атқарамыз, — деп түйіндеді сөзін С.Қуанов.

Кәсіпті кеңейтуге қаржы керек
Индерлік Асылбек Хасанов көкөніс сақтау қоймасын инженерлік желіге қосу үшін қолдау сұрады. Жиектас жасаумен айналысатын тағы бір кәсіпкер кәсібін кеңейткісі келеді. Алайда, ғимаратты жалдау жайы қинап тұрғандықтан, пайдаланылмаған жер телімін аукционмен алғысы келеді. Облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиев тиісті құрылымдарға мұны шешуді тапсырды.
Тағы бір бизнес иесі кәсібін дамыту үшін екінші деңгейлі банктен несие алыпты. Бірақ «Даму» қорының субсидиясын пайдалана алмай отырған көрінеді. Қор филиалының директоры кәсіпкерге «Өрлеу» бағдарламасына қатысуға кеңес берді. Себебі, несиені субсидиялау бағдарламасы әзірге жабық. Ол ашылған күннің өзінде оның пайызы бұрынғыдай 7-8 пайыз емес, 12,3 пайыз болмақ. Ал «Өрлеу» бағдарламасы несиені 12,6 пайызбен субсидиялайды. Оның өзінде басымдық өнім өндірушілер, туризм, басқа да маңызды салаға ғана беріледі.
«Бірыңғай есеп беру күнінде» бизнес иелері салық органдарының қызметіне де шағым айтты. «Үй жанындағы дүкендер» жеке кәсіпкерлігінің иесі Ләззат Досмағамбетованың айтуынша, бизнес иелері салықты пост-терминал арқылы жасалған сауда мөлшеріне де, жалпы саудаға да, яғни екі рет төлеуге мәжбүр болған. Екінші деңгейлі банк пен салық органы арасында табалдырық тоздырып шаршаған кәсіпкерге мұның себебі де дұрыс түсіндірілмейді.
«Шабуыл жасаушылар» көп
Балық өнімдерін сататын «Долгий-1» ЖШС директоры Луиза Колузанованың айтуынша, балық алатын аумақ ала алмай жүргеніне бірнеше жыл болса да әлі үмітін үзбеген.
– Бұрын балық өнімдерін қаладағы базарлардың бірінде саттық. Алайда, оның талабын қожайынның өзі белгілейді. Мұнда 3 сауда орнымыз болды. Әрқайсысына ай сайын 200 мың теңгеден төлеп келдік. Кейін базар басшылығы ауысқанда талап тағы өзгерді. Өнімді өзіміз аулағасын бағасы да өзгелерден арзан. Ақыры, біз одан кетуге мәжбүр болдық. Көмек сұрап, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына хабарласқанда бізге арнайы орын белгілеп берді. Бірақ, бұл кәсібімізге де «шабуыл жасаушылар» көбейді. Арнайы тапсырыспен блогер келіп дүңгіршегімізді бейнетаспаға түсірді, санитарлық дәрігерлер мен тәртіп сақшыларын қайта-қайта шақырып, оны жаптық. Амалымыз таусылғандықтан «ГАЗель» автокөлігі арқылы жылжымалы сауда ұйымдастырдық. Соның өзінде бізге блогер, полицейлер қайта-қайта келіп, оны да жапқызды. Неге мұндай жағдай жиілеп кетті? Менің құжаттарым толық әрі заңға сай болғандықтан, блогерді сотқа бердім. Енді соттың сөзін күтіп жүрмін. Кімнің жолын кескенімді білмеймін?! Тауар өтпегесін балықшылар да жұмыссыз қалды, — дейді Л.Колузанова.
Ол қазір қала әкімінің қабылдауына кірудің де мұңға айналғанын жасырып қалмады.
«Тоқсаныншы жылдар ма?..»
Кәсіпкер Константин Щербаков жер телімін мәжбүрлі түрде алу әрекеттеріне шағым айтты.
– Менің кәсіпке келгеніме 23 жылдай болды. Ата-анам осы бизнеспен 30 жылдан бері айналысады. Иелігімізде «Ақ Жайық» қонақ үйінің маңындағы екі ғимарат бар. Қазір соларды мемлекет қажеттілігі үшін мәжбүрлі түрде алғысы келеді. Жергілікті атқарушы билік нақты шешімін айтпай отыр. Біресе, автотұрақ болады дейді, біресе басқа нысан салынады дейді. Ал, құқық қорғау органдары бұл жағдайға «көз жұмып» отыр. Ешкім бас қатырғысы келмейді. Егер жеке мүлік заң тұрғысында қорғалмаса, бизнесті қалай дамытамыз? Несін жасырамыз, бизнестің проблемасы сонау тоқсаныншы жылдардағыдай шешіліп келеді, — деп мұңын шақты ол.
Константиннің иелігіндегі жерді алу жағдайы бірінші рет емес екен. Бұған дейін «Жеңіс» саябағының маңындағы бос тұрған 40 гектар жерін алма бағын өсіреміз деген соң мемлекетке қайтаруға келісім беріпті. Енді қонақ үйдің қасындағы тұрақты табыс түсіріп тұрған екі ғимаратқа көз алартқан.
– Мұнда бірнеше адам жұмыс істейді. Оны қалай қайтарамыз? — дейді кәсіпкер.
Қала әкімдігінің өкілі бұл жерде автотұрақ салынатынын айтты, ол үшін қала әкімінің шешімі де шығыпты. Алайда, кәсіпкер бұл шешіммен келіспейді.
– Бұл жерде ешқашан автотұрақ болған емес. Меніңше, бір инвесторға «көмектесу» үшін екінші кәсіптің жолын кесу. Егер бұл жерге саябақ салынса мен қарсы болмас едім, керісінше қолдаймын. Бірақ осы аумақта басқа бизнес нысаны салынатынын біле тұра неге біз өз бизнесімізді жабуымыз керек? — деп ашынды Константин Щербаков.
Р.S.
300-ге тарта кәсіпкер қатысқан «Бірыңғай есеп беру күнінде» өзге де бизнес иелері өздерін толғандырған сұраққа тиісті жауабын алды. Облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиев өзекті мәселені бақылауға алып, қолдайтынын айтты. Бұл кездесу бизнес пен билік арасындағы ашық диалог алаңына айналды.
Айбөпе САБЫРОВА,
cуреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ


