ҚАРЖЫГЕРГЕ – ҚҰРМЕТ

Кеше Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев қаржы саласының ардагері Рысжан Оспановты 70 жасқа толуына орай қабылдады.

 

1944 жылдың қыркүйек айында Мақат ауданының Ескене поселкесінде дүниеге келген ол әуелі Семей қаржы-экономикалық техникумын, кейіннен Алматы халық шаруашылығы институтын қаржыгер-экономист мамандығы бойынша, соңынан Мәскеудегі мұнай бизнесі жоғары мектебін бітіріп, басқа да біліктілігін жетілдіру баспалдақтарынан өткен.

Еңбек жолын 1961 жылы сол кездегі «Ембімұнай» өндірістік бірлестігіне қарасты Қосшағыл кәсіпшілігінде мұнай айдау операторлығынан бастаған Рысжан Дәулетұлының бұдан кейінгі еңбек өтілі қаржы саласындағы қызметтермен жалғасады. Облыстың Ембі (қазіргі Жылыой), Мақат аудандарында қатардағы экономистен бастап қаржы бөлімінің меңгерушісі, аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары сияқты жауапты да басшылық қызметтерді атқарды. Мақат аудандық кеңесінің депутаты болып сайланды. 1987-1992 жылдар аралығында облыстық қаржы басқармасының басшысы, Балықшы аудандық қаржы бөлімінің меңгерушісі, «Казвнешэкономбанк» бөлімшесі басқарушысының орынбасары, «Демеуші» сақтандыру корпорациясының президенті. 1992-1999 жылдары – облыс бойынша қаржылық бақылау, қаржы басқармаларының басшысы, салық комитетінің төрағасы, облыс әкімінің кеңесшісі болды. Бұдан соңғы сегіз жылда  «Эмбаведъойл» бірлескен кәсіпорнының экономика-қаржы мәселелері жөніндегі директоры қызметін атқарды.

Рысжан Дәулетұлы – республика қаржы қызметінің үздігі, салық қызметінің үшінші дәрежелі мемлекеттік кеңесшісі, халықаралық экология және өмір қауіпсіздігі Академиясының академигі, профессор, ұлағатты ұстаз. Абзал аға, ардақты әке, әзиз ата.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Ислямұлы мерейгерге жылы лебізді сөзін арнап, облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің атынан жазылған Құттықтау хатты салтанатты жағдайда табыстады. Халқымыздың дәстүрімен, інілік ізетпен иығына шапан жауып, естелік сыйлығын тапсырды. Өз кезегінде жетпістің жотасындағы мерейтой иесі де көрсетілген құрметке ризашылығын білдіріп, «Жылдар жаңғырығы» атты ғұмырбаяндық кітабын сыйға тартты.

Дәулетқали АРУЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз