ҚҰНДЫ ЖӘДІГЕРЛЕР ЖҮЙЕЛІ НАСИХАТТАЛСА…

Атырау облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қызметкерлері Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауын оқып, өз пікірлерін білдірді.

Мұражай қызметкерлері Елбасының «Қазақ Елінің Ұлттық Идеясы –Мәңгілік Ел! Ендігі ұрпақ – Мәңгілік Қазақтың Перзенті» деген сенімі мен бағдарының астарына терең үңіліп, ой сабақтады. Олар еліміздің ертеңгі ұрпақтарының білімді, қайратты, елжанды болып  өсуі жолындағы негізгі мәселелерді сөз етті.  Мұражай басшысы Серік Мұхамбетов: «Тәуелсіз еліміздің кешегі қиын кезеңінде, қилы тағдырды арқалаған атыраулық асыл ерлер мен жұмыскер аналардың ел мәртебесінің дамуына қосқан үлесі ерекше. Бүгінгі саналы ұрпақ осы қайраткерлердің еңбек жолынан үлгі алуы тиіс. Ол үшін  біздің мұражай қызметкерлері өлкемізге белгілі ардақты азаматтардың ғұмырын халыққа насихаттап, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу шараларын ұдайы ұйымдастыруы керек», - дейді.

Елбасымыз өзінің Жолдауында ел болашағының іргетасын қалауда бірнеше құндылықтардың маңызын атап өткен болатын. Соның бірі – тарихтың, мәдениет пен тілдің ортақтығы. Мекеме басшысының ғылыми істер жөніндегі орынбасары Күміс Аймұқанова бұл орайда өткен жылдың қорытындысын атап, қызметкерлердің бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз байланыста жұмыс жасағандығына тоқталды. «Мұражай қорында әлі де сыры ашылмаған құнды жәдігерлер мен жаңалығы мол деректер сақтаулы тұр. Біз бұл деректерді ғылыми тұрғыда зерделеп,  көркем тілмен кестелеп, баспасөз арқылы халыққа танытуға жұмыстануымыз керек» – дейді ол.

Ғылыми қызметкер Айгүл Рамазанова да Жолдауда көрсетілген негізгі міндеттерге тоқталып, Санкт-Петербургтегі мұражайлардың  ғылыми қызметкерлері дайындаған «Жаңа заманға сай музейлердің дамуы» жөніндегі слайдты көрсетті. Мәдени қызметтің жаңа сапасы жайында қызметкерлер өзара тәжірибе алмасып, ойларын ортаға салды. 

Дулат ХАМЗИН,

облыстық тарихи-өлкетану 

мұражайының ғылыми қызметкері,

Атырау қаласы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз