ІЗГІЛІККЕ ҮНДЕГЕН ІРГЕЛІ ҰЙЫМ

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-ші сессиясына қатысып, сөз сөйледі

Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас ассамблеясының 70-ші сессиясына қатысу үшін 26 қыркүйекте Нью-Йорк қаласына барған.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев алдымен БҰҰ-ның 2015 жылдан кейінгі даму саласындағы күн тәртібін қабылдау саммитіне қатысты.

Саммит барысында 2015 жылға дейінгі дамудың негізгі мақсаттары мен міндеттері көрсетілген Мыңжылдық декларациясын орындау жөніндегі шаралар нәтижесі талқыланды. Сондай-ақ, шараға қатысушылар 2015 жылдан кейінгі кезеңге арналған даму саласының күн тәртібін қабылдады. Жиналғандарға сөз арнаған Қазақстан Президенті біздің еліміз Мыңжылдық дамудың сегіз мақсатын жүзеге асыру ісінде айтарлықтай ілгерілеуге қол жеткізгенін мәлімдеді.

Атап айтқанда, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мемлекеттіліктің негізін нығайтып, азаматтық қоғамның дамуы үшін жағдай жасағанына назар аударды. Сонымен қатар, республиканың ішкі жалпы өнімі 19 есе ұлғайды, ал, халықтың жан басына шаққандағы табысы 13 мың долларға жетті.

Мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласындағы оң көрсеткіштерге де тоқталды: қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығы 70 жастан асты, кедейшілік 11 есеге – 34-тен 3 пайызға дейін қысқарды. Ана мен бала өлімі 65 пайызға азайды, СПИД-ке, безгекке және туберкулезге қарсы күресте елеулі табысқа қол жеткізілді.

Қазақстан Президенті республикамыз парниктік газ шығарылымын қысқартып, планетаның биологиялық әралуандығын сақтауға атсалысып отырғанын да айрықша атап көрсетті.

 

«Біздер «жасыл» экономикаға көшудің ұлттық тұжырымдамасын бекіттік. Жойылып бара жатқан Арал теңізінің мәселесі біздің өңірге ғана емес, бүкіл әлемге қатер төндіреді. Теңіздің тартылуы салдарынан жыл сайын 75 миллион тоннаға дейін шаң мен улы тұзды жел көтеріп, оның тозаңы қазірдің өзінде Еуропа мен Антарктидадан табылып отыр. Дүниежүзілік банктің қолдауымен біз Арал теңізінің солтүстік бөлігін қалпына келтірдік. Біз БҰҰ-мен және халықаралық қоғамдастықпен бұрынғы Семей ядролық полигоны аймағын сауықтыру жөнінде белсенді түрде ынтымақтастық орнатып отырмыз. Орталық Азия елдері бұл экологиялық проблемалармен күресу үшін көмек күтеді», – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев планетамызды дамыту жөніндегі жаһандық құжатты Қазақстанның қолдайтынына назар аударды.

«Орнықты даму мақсаттарын қабылдау әлем елдері мен халықтары үшін бетбұрысты сәт туғанын аңғартып отыр. Саммитіміздің қорытынды құжаты жер бетіндегі даму мен гүлденудің шын мәніндегі жаһандық нұсқаулығына айналады. Орнықты даму мақсаттарын жүзеге асырудың негізгі жауапкершілігінің жүгі ұлттық үкіметтерге артылады», – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы БҰҰ-ның жаңа құжатының мақсаты мен бағдары Қазақстанның басымдығы бар міндеттерімен толық сәйкес келетінін атап өтті. 

Басты мақсат – отыздық

«Қазіргі заманғы қауіп-қатерге біздің берер жауабымыз «Қазақстан – 2050» стратегиясы болып саналады, оның мақсаты – елді әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосу. Біз Ұлт жоспарын, Бес институционалдық реформаны жүзеге асырып жатырмыз. Бұлар мемлекеттік басқару аппаратын жаңғыртуға, азаматтық және құқықтық институттардың жұмысын жетілдіруге, экономиканы индустрияландыруды жалғастыруға бағытталған. Еуразия елдері үшін Ұлы Жібек жолы экономикасын қазіргі заман деңгейінде қайта жаңғырту маңызды болып табылады. Ол Азия-Тынық мұхиты өңірінен Еуропаға шығатын транзит мерзімін қысқарта отырып, көптеген елдерге игілік әкеледі. Біз Тынық мұхитын Еуропамен және Таяу Шығыспен байланыстыратын темір жол және автомобиль жолдарын салу арқылы оның инфрақұрылымының негізін қалап жатырмыз», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

 Қазақстан Президенті осы орайда Еуразиялық экономикалық одақты, Жібек жолының экономикалық белдеуін және Еуропалық одақты ХХІ ғасырдың біртұтас интеграциялық жобасымен біріктіретін Үлкен Еуразия идеясы төңірегінде жұмылудың маңыздылығын атап айтты.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев әлемнің әр түкпіріндегі әркелкі ілгерілеу мәселесін де қозғады. 

«Жағымсыз үрдістер Таяу Шығыс, Африка және Азия елдеріндегі қақтығыстар салдарынан ушыға түсуде. Қазіргі көші-қон дағдарысы, соғыстармен қатар, дамудағы теңсіздіктерге байланысты да туындап отыр. ХХІ ғасырда табысты мемлекеттер қару-жарақ арсеналымен емес, озық идеялар тудыруға және тартымдылық өрісін қалыптастыруға деген қабілеттерімен ерекшеленетін болады. Әлем проблемаларын зерттейтін Стокгольм институтының деректері бойынша, барлық мемлекеттердің әскери шығыстарының жиынтығы 2014 жылы 1,7 триллион доллардан асқан немесе әлемдік ІЖӨ-нің 2,3 пайызын құраған», – деді Қазақстан Президенті.

Осыған байланысты Мемлекет басшысы әрбір мемлекеттің қорғаныс бюджетінің бір пайызын жыл сайын Орнықты даму мақсатына бағыттау үшін БҰҰ-ның арнаулы қорына аударып отыру туралы тағы да ұсыныс жасады. Соңында Қазақстан Президенті осы жолғы іс-шара баршаның перспективалы болашағы үшін бірігудің жақсы мүмкіндігі екенін айтты. 

«Біздің қолымыздан келетін ең игі нәрсе – қазіргі заманғы қауіп-қатерлердің адамзат үмітін үзуіне жол бермеу. Қазақстан жаһандық даму ісіне бар күш-жігері мен ресурсын жұмсауға дайын», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. 

Елбасы АҚШ-қа сапары аясында «11 қыркүйек» ұлттық мемориалында болды.Мемлекет басшысы 2001 жылы қаза болғандарды еске алуға арнап салынған мемориалға гүл қойды. 

Компания басшыларымен кездесті

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Cisco Systems компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Джон Чемберспен кездесті.

 Кездесу барысында трансұлттық компанияның Қазақстандағы қызметін одан әрі дамыту мәселелері талқыланды. Бұл ретте инновациялар және жоғары технологиялар саласындағы ынтымақтастыққа айрықша назар аударылды.

Қазақстан Президенті Cisco Systems компаниясымен ықпалдастық аясын кеңейтудің маңыздылығын, бұл жұмысшыларының саны 70 мыңнан асатын ірі компания екенін атап өтті.

Д.Чемберс компания шешімдері «ақылды қалалар» құру ісінде, білім беру, денсаулық сақтау және қауіпсіздік саласындағы түрлі үдерістерде кеңінен қолданылуы мүмкін екенін айтты.

Мемлекет басшысы Халықаралық қаржы корпорациясының атқарушы вице-президенті Цзин-Юн Каймен кездесті. Кездесу барысында жеке секторды дамыту және инвестиция салу саласындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттары талқыланды.

Тараптар Қазақстанның орнықты дамуды қамтамасыз ету және шетелдік инвесторларға қолайлы жағдай жасау мақсатында қабылдап жатқан шараларының тиімділігіне де айрықша назар аударды.

Дүниежүзілік банк құрылымына кіретін Халықаралық қаржы корпорациясы дамушы елдер нарығына арналған инвестицияларды басқару мақсатында құрылған.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-тың ірі компанияларының өкілдерімен кездесті.

Кездесу барысында компаниялардың Қазақстан экономикасының бұдан әрі дамуына қатысу аясын кеңейту жолдары мен Астана халықаралық қаржы орталығын құру бағытындағы ынтымақтастықтың мүмкіндіктері талқыланды. Іс-шараға Guggenheim, JP Morgan, Pfizer, Blackstone және басқа да жетекші компаниялардың, қорлар мен қаржы институттарының басшылары қатысты.

Қазақстан Президенті Американың бизнес өкілдеріне Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы қалыптасуы мен дамуы жөнінде, сондай-ақ, реформаларды жүзеге асырумен қатар, республиканың халықаралық аренадағы беделін нығайту жолындағы қазіргі табыстары туралы әңгімеледі. Егемендіктің алғашқы жылдарында бірқатар америкалық компаниялар өз әрекеттері арқылы Қазақстанға тиімді инвестиция салудың үлгісін көрсеткені атап өтілді. Нұрсұлтан Назарбаев, сондай-ақ, бүгінде АҚШ компаниялары іс жүзінде экономикамыздың барлық саласына қатысып отырғанына назар аударды.

Сонымен қатар, Қазақстан Президенті ел алдына қойылып отырған қазіргі маңызды міндеттерге де егжей-тегжейлі тоқталды. Олардың қатарында Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру, инвестициялық ахуалды жақсарту шаралары, экономикаға мемлекеттің қатысуын азайту және «Нұрлы жол» бағдарламасы аясындағы ауқымды инфрақұрылымдық құрылыс жұмыстары аталды.

 

Көрмеге қатысуға шақырды

Алдағы ЭКСПО-2017 көрмесіне және соның аясында Астанада халықаралық қаржы орталығын құру мәселесіне айрықша назар аударылды. Мемлекет басшысы АҚШ компаниялары осы жобаларға белсене қатысатынына сенім білдірді.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев кездесуге қатысушыларды өзара тиімді негіздегі ынтымақтастықты дамыту ісіне атсалысуға шақырды. Кездесуде сөз алған бизнесмендер елдің инвестициялық тартымдылығын арттыру және әрі қарай даму үшін қажетті құқықтық, институционалдық, инфрақұрылымдық негізді нығайту бағытындағы Қазақстанның күш-жігерін жоғары бағалады.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жалпы активтері 10 трлн. долларды құрайтын америкалық ірі компаниялардың басшыларымен кездесті.

Бұл туралы Елбасының АҚШ-қа сапарына байланысты ҚазАқпарат тілшісіне эксклюзивті түсіндірме берген ҚР Президентінің баспасөз хатшысы-кеңесшісі Дәурен Абаев айтты.

«Белгілі болып отырғандай, Мемлекет басшысы қазірге дейін БҰҰ-ның 2015 жылдан кейінгі даму кезеңіне арналған күн тәртібін қабылдау жөніндегі саммитіне қатысты. Алдағы күндері Қазақстан Президенті екі ірі саммитке, атап айтқанда, Бас ассамблеяның жалпы пікірталасына және Зорлық-зомбылық экстремизміне қарсы күрес жөніндегі саммитіне қатысып, сөз сөйлейді. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев Бас ассамблея алаңында бірқатар шет елдің мемлекет және үкімет басшыларымен, оның ішінде АҚШ Президенті Барак Обамамен кездесуді жоспарлап отыр. Бұл Мемлекет басшысының әлемнің ірі елдерінің көшбасшыларымен үшінші кездесуі болмақ. Өйткені, бұған дейін осы айда Мемлекет басшысы Владимир Путинмен және Си Цзиньпинмен кездескен болатын.

Толықтай алғанда, Елбасы ірі америкалық бизнес өкілдерімен кездесуге де баса назар аударады. Кеше Президент жетекші америкалық компаниялардың басшыларымен кездесті. Бұл топтың бейресми атауы  – «АҚШ экономикасының капитандары». Аталған компаниялар активтерінің жиынтық құны 10 трлн. доллардан асып жығылады. Миллионерлер туралы жазылған «Селф мэйд» туралы барлық кітаптардың жартысы аталған адамдардың өмірілік сценарийі бойынша жазылған десек асыра айтқандық емес. Нұрсұлтан Әбішұлы үшін бұл кездесу зор маңызға ие. Өйткені, бұл – біздің еліміздің мол инвестиция тартудың тамаша мүмкіндігі. Кездесу барысында баса мән берілген жайттардың бірі Астанада Халықаралық қаржы орталығын құру болды. Іс жүзінде кездесуге қатысушылардың барлығы да Қазақстанға инвестиция салуға пейілді екендіктерін білдірді», – деді Д.Абаев.

Кездесу барысында америкалық корпорациялардың өкілдері болашақтағы жаһандық қаржы нарығына қатысты өз ойларымен бөлісіп, Азия өңірінің дамуына қатысты болжамдарын айтты. Сонымен қатар, олар инновация саласындағы жаңа трендтерді атап өтіп, энергетика нарығының болашағы жайында сөз қозғады.

Айта кетейік, кездесуге Guggenheim, JPMorgan, McKinsey&Company, General Electric, Carlyle Group, Pfizer, Blackstone сынды компаниялардың басшылары қатысты. Сондай-ақ, кездесуде танымал қаржыгер Бен Бернанке, АҚШ президенттері Дж.Буштың, Б.Обаманың инновация жөніндегі бұрынғы кеңесшісі Томас Челуччи болды.

Интернет материалдары бойынша дайындаған  Бақытжан ЖҰМАТ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз