ІСКЕРЛІК БАЙЛАНЫСТЫҢ БЕРІК ҚАДАМЫ

Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов Корея Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Чо Енг-чон мен елшіліктің кеңесшісі Учжин Чжонгты қабылдады.

Кездесу барысында аймақ басшысы өңірде үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды.

– Атырау – өндірісті аймақ. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сай өлкеде соңғы жылдары инвестициялық жобалар көптеп жүзеге асуда. Тәуелсіз еліміздің «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасының алғашқы бесжылдығын тәмамдап, екінші бесжылдыққа көштік. Алда көптеген жоспарлар бар. Бүгінгі таңда Атырауда корейлік капитал салымымен алты кәсіпорын жұмыс жасайды. Тауар айналымы көлемі –300 миллион доллар шамасында, – деген облыс басшысы Бақтықожа Салахатдинұлы Кореяда соңғы онжылдықта медицина саласы қарқынды  дамып келе жатқанына ерекше тоқталып, осы салада бірігіп жұмыс жасауға, медициналық орталық ашуға ұсыныс білдірді. Сонымен қатар, агроөнеркәсіп, мұнай-химия саласында да бірқатар біріккен жобаларды жүзеге асыруға ниет білдірді.

Осыдан бес ай бұрын елшілік лауазымға тағайындалған Чо Енг-чон Атырауға алғаш рет ат басын бұрып отырғанын және бұл сапар екі  ел арасындағы серіктестік қарым-қатынастың орнығуына, біріккен үлкен жобаларды жүзеге асыруға жол ашатынына сенім білдірді.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз