Ішінде балалар бар: Атырауда қарлы боранда жоғалып кеткен тұрғындар аман-есен табылды

img 20210225 wa0006 Жаңалықтар

«17-24 ақпан аралығында Атырау облысы бойынша 63 адам құтқарылып, қауіпсіз жерге көшірілді» деп хабарлайды Atr.kz

Мәселен, Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментіне 22 ақпан күні  сағат 20:17-де  Мақат-Индер теміржолының 20-шы шақырымы бойынан мал іздеуге шыққан  азаматтың үйіне оралмағандығы туралы хабарлама келіп түсті. Мақат ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, жедел іздестіру жұмыстарына жұмылды.

Іздеу нәтижесінде жоғалған азамат 23 ақпан күні сағат 00:44-те табылып, үйіне жеткізілді.

«Осыған ұқсас оқиға 22 ақпан күні сағат 19:08-де тіркелген. Жылыой ауданы, Шоқпартоғай ауылы мен Құлсары қаласы арасындағы жолда Құлсары бағытында жүріп бара жатқан көлік қар құрсауында тұрып қалған. Көліктің ішінде 4 адам болған.

Құтқару жұмыстарына департаменттің құрылымдық бөлімшелерінің 4 қызметкері мен «Трэкол»арнайы жол талғамайтын көлігінің 1 бірлігі жұмылдырылды.

Сол күні кешкілік Құлсары қаласынан 15 км қашықтықта орналасқан Қара-Арна  ауылдық округінің «Игілік» жолағында қарда қалып қойған «Нива» автокөлігі табылды. Оның ішіндегі жолаушылар   құтқарушылардың «Трэкол» автокөлігіне отырғызылып, Құлсары қаласына жеткізілді.

img 20210225 wa0005

Қар құрсауында көліктің тұрып қалу фактісі Қызылқоға ауданында да тіркелді.   23 ақпан күні Сағыз станциясынан 10 шақырым жерде 3 бірлік жүк және 8 бірлік жеңіл автокөліктің тұрып қалғандығы туралы хабарлама келіп түсті.  Көліктерде барлығы 34 адам болған. Оның 5 –і кәмелетке толмаған балалар.

Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаменті жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, көліктерді тазартылған учаскеге сүйреп шығарды. Тұрғындар жақын маңдағы елді мекендерге жеткізілді» делінген Атырау облысы төтенше жағдайлар департаменті таратқан мәліметте.

Осыған ұқсас жағдай Исатай ауданында да тіркелді. 23 ақпанда 1977 жылы туған азамат 2006 және 2007 жылғы  екі баласымен Аққыстаудан Батыс Қазақстан облысына  қара жолмен жолға шығып кеткен. Отбасы мүшелері олардан бірде-бір хабар ала алмаған.

img 20210225 wa0004

Іздестіру тобы оларды 24 ақпан күні сағат 15:30-да Аққыстау ауылынан 80 шақырым жердегі «Насихат» қыстағынан тапқан.

Еске сала кетелік, 17-24 ақпан аралығында Атырау облысы бойынша 63 адам (58 ересек адам, 5 бала) құтқарылып, қауіпсіз жерге көшірілді. Сонымен қатар, облыс бойынша қарда қалып қойған 10 техникаға көмек көрсетілді.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз