Жарнама
Жаңалықтар

Ипотекалық бағдарламалар қайта басталады

«Отбасы банк» басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова қазақстандықтар үшін көптен күткен жаңалықты хабарлады. Оның айтуынша, «Наурыз» және «Наурыз жұмыскер» ипотекалық бағдарламаларына өтінім қабылдау биыл қараша айында қайта басталады. Бұл бастама соңғы аптада ипотека рәсімдеу кезінде туындаған қиындықтардан кейін қолға алынған.

«Соңғы аптада азаматтарда ипотека рәсімдеу бойынша қиындық туындап жатқаны бәріңізге мәлім. Сол себепті халыққа баспана қолжетімді болу үшін тағы бір керемет жаңалық. Қараша айында “Наурыз” және “Наурыз жұмыскер” бағдарламалары басталады. Қазір біз ойлап отырмыз, жаңа конкурс өткізу жайлы. Немесе наурыз айында өтініш жасаған адамдарды жаңадан шақыруымыз мүмкін», – деді ол.

Айта кетсек, биылғы 17 қарашада үкімет жеңілдетілген ипотека көлемін екі есеге 500 млрд теңгеге дейін ұлғайту туралы шешім қабылдады. Осы шешімнің аясында «Наурыз», «Наурыз жұмыскер» және әскери қызметкерлерге арналған ипотекалық бағдарламалар қайта іске қосылмақ.

Еске сала кетейік, аталған «Наурыз» және «Наурыз жұмыскер» бағдарламалары биыл алғаш рет наурыз айында басталып, азаматтардың үлкен қызығушылығын тудырған болатын. Бағдарламалар халықтың түрлі санатына, соның ішінде бюджеттік сала қызметкерлері мен жұмыс істейтін жастарға тиімді шарттармен баспана алуға мүмкіндік береді.

Жаңа кезеңде өтінім қабылдау тәртібі мен шарттары туралы толық ақпарат «Отбасы банк» ресми сайтында және әлеуметтік желідегі парақшаларында жарияланатын болады. Банк өкілдерінің айтуынша, бұл бастама қазақстандықтардың тұрғын үйге қолжетімділігін арттырып, ипотекалық нарықтағы сұранысты тұрақтандыруға бағытталған.

Еркеназ ҚАЛИЖАН
Сурет: Qaz365.kz

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button