ИНВЕСТИЦИЯ – ИГІЛІК БАСТАУЫ

Атырауда мұнай-газ секторын материалдық-техникалық қамтамасыз ету саласы бойынша ІХ Қазақстан-Британ форумы өтті. Аталмыш басқосуға 25 британдық, 45 отандық компания өкілдері қатысты.

Ұлыбританияның сауда және инвестициялар жөніндегі департаменті (UKTI), Қазақстандағы «Шелл» концерні және «Жергілікті қамтуды дамытудың Ұлттық агенттігі «NADLoC» акционерлік қоғамы ұйымдастырған бұл форум аясында екі ел арасындағы іскерлік қарым-қатынастарды дамыту мәселелері талқыланды.

Алқалы жиынның ашылуында сөз сөйлеген Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі Кэролин БРАУН бұл форумның мақсаты мұнай-газ секторындағы Қазақстан-Британ компанияларының арасындағы ұзақ мерзімді іскерлік байланыстарды қалыптастыру, тұрғылықты жердің үлесін ұлғайту, жергілікті компаниялардың жетекші салада тәжірибе жинақтап, әлемдік технологияларды меңгеруі, сонымен қатар кәсіби деңгейін дамытуы үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашу екенін жеткізді.

Шетелдік қонақтарды «Мұнайлы астананың» экономикасымен таныстырған Атырау облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Лариса ЖҰМАҒАЛИЕВА: «Бүгінде Атырау облысы –Қазақстанның ең дамыған индустриалдық аймақтарының бірі. Мұнда шетелдіктердің қатысуымен  600-ге жуық ірі және орта кәсіпорын жұмыс жасайды. Өндірістің республикадағы үлесі 25 пайызды құрайды. «ENI», «LUKOIL», «TOTAL», «BG Group» сияқты көптеген ірі компаниялар мұнай-газ саласында ауқымды жұмыстар атқаруда. Өткен жылы жалпы аймақтық ішкі өнім көлемі 22,4 миллиард долларды құрады. Сондай-ақ, орташа еңбекақы көрсеткіші бойынша (1,2 мың доллар) Атырау облысы – Қазақстанда алдыңғы орындардың қатарында» деп мәлімдеді.

Форумға қатысушылар көршілес Батыс Қазақстан облысының да экономикалық көрсеткіштерімен танысты. Бұл жөнінде Орал қаласы әкімінің орынбасары Қайсар Манқараев сөз сөйледі.

Батыс Қазақстан облысында машина жасау, мұнай-газ, тағам өнеркәсібі және құрылыс материалдары саласы жақсы дамыған. 2014 жылдың мәліметі бойынша негізгі капиталға салынған инвестицияның жалпы көлемі алдыңғы жылдармен салыстырғанда 34 пайызға өсіп, 264 миллиард теңгеге жеткен.  Соңғы екі жылда тікелей шетелдік инвестициялардың көлемі 775 млн. долларға жетті. Батыс Қазақстан облысында «BG Group», «Eni», «Chevron»,  «LUKOIL» секілді ірі шетелдік компаниялар қызмет етуде. Біз Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы қарым-қатынастарға сәйкес, өнеркәсіптік, өндіріс, машина жасау, жоғары технологиялар және жасыл экономиканы кеңейту жолында бірлесіп жұмыс атқаруға дайынбыз, – деді ол.

«Жергілікті қамтуды дамытудың Ұлттық агенттігі «NADLoC» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Қайсар Аманбаев, «KazEnergy» компаниясының өкілі Рүстем Қабжанов, «PSA» компаниясының қызметкері Мұрат Жүребеков  те екі ел арасындағы іскерлік қарым-қатынастарға қатысты өз ойларын ортаға салды.

Жиын соңында қос тарап өкілдері өзара серістестік құруға бағытталған нақты келісімдердің мән-жайымен толығырақ танысты. 

Бағила САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ.

Суретті түсірген

Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз