rlrsh

Инвестициялық монеталар айналысқа шықты

Жаңалықтар Экономика

Atr.kz/17 тамыз, 2020 жыл. Қазақстан Ұлттық Банкі бүгін 10, 20, 50, 100, 200 және 500 теңге номиналдарындағы алтыннан және 1, 2, 5 және 10 теңге номиналдарындағы күмістен «2020 жылы соғылған «ALTYN BARYS» және «KÚMIS BARYS» инвестициялық монеталарын айналысқа шығарады.

«ALTYN BARYS» және «KÚMIS BARYS» инвестициялық монеталарының дизайнында монеталардағы жазулар мемлекеттік тілде өзгертіліп, мүсіндік бейнелер жақсартылды.

Инвестициялық монеталар – 999,9 жоғары сынамалы сапасы жоғары алтын және күміс монеталар. Олардың негізгі мақсаты – қаражатты инвестициялау және жинақтау.

Бүгінгі таңда инвестициялық монеталардың бірнеше ірі брендтері бар – «Крюгерранд» (Оңтүстік Африка), «Америкалық бүркіт» (АҚШ), «Вена филармониясы» (Австрия), «Панда» (Қытай), «Үйеңкі жапырағы» (Канада).

Қазақстанның алғашқы инвестициялық «ЖІБЕК ЖОЛЫ» монеталары 1996 жылы айналысқа шығарылды. 2009 жылдан бастап дизайнының өзгеруіне байланысты түрлі салмақ сипаттамалары бар «АЛТЫН БАРЫС» және «КҮМІС БАРЫС» инвестициялық монеталары шығарыла бастады.

Инвестициялық монеталардың ерекшеліктері:

  • шектелмеген таралымдар;
  • «proof» технологиясы қолданылмастан дайындалады;
  • монета жасалған металдың құны мен салмағына байланысты кіріс алу;
  • Ұлттық Банк Сату және сатып алу ережелеріне1 сәйкес сатып алу монетадағы металдың салмағы бойынша есептелетіндіктен жағдайына (сызаттар, патина және т.б.) қарамастан кері сатып алуға қабылдайды;
  • қосылған құнына салық салынбайды.

Алтын мен күмістен жасалған барлық номиналдардағы инвестициялық монеталар Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында белгіленген құны бойынша төлемдердің барлық түрлері бойынша, сондай-ақ банк шоттарына есепке жазу үшін және аудару үшін қабылдануға міндетті, Қазақстан Республикасының барлық банктерінде шектеусіз ұсақталады және айырбасталады.

«ALTYN BARYS» және «KÚMIS BARYS» инвестициялық монеталары Қазақстан теңге сарайында дайындалған. Оларды Қазақстан Ұлттық Банкінің барлық аумақтық филиалдарынан, сондай-ақ www.nationalbank.kz сайтындағы Интернет-дүкен арқылы сатып алуға болады.

Арайлым АМИН,

«Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі» РММ Атырау филиалы бөлім басшысының орынбасары

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған