ИНТЕГРАЦИЯНЫҢ ЕКІНШІ ТОЛҚЫНЫНДА

екі  ел  арасындағы  ықпалдастықтың  пайдасы  зор

Қазақстан мен Ресейдің ХІ өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында Ресей-Қазақстан іскерлік кеңесінің отырысы өткізілді. Екі ел компанияларының байланысын нығайтып, одан сауда мен инвестициядағы арақатынасты тереңдете түсуге бағытталған шара іскер топтардың басын біріктірді. Басқосуда қазақстандық өнімді Ресей нарығына экспорттау, ірі кәсіпорындар арасындағы өзекті мәселелер талқыға түсті. Пленарлық отырысты ашқан Қазақстан Республикасы Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Рахым Ошақбаев іскерлік кеңес қызметінің маңыздылығына тоқталса, Атырау облысы әкімінің атынан оның бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев қатысушыларға сәттілік тіледі.

 

Осыдан сегіз жыл бұрын Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы сауда-өнеркәсіп палаталарының ұсынысымен құрылған Ресей-Қазақстан іскерлік кеңесі күні бүгінге дейін табысты жұмыс істеп келеді. Ал, осынау кеңес отырысының Атырау облысында ұйымдастырылуы тектен-тек емес. Аймақ басшысының бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаевтың айтуынша, мұнайлы өлке Қазақстандағы инвестициялық ахуалы қолайлы өңірлердің қатарында. Мәселен, тек өткен жылдың өзінде инвестиция көлемі 5,7 млрд. АҚШ долларын, сыртқы тауар айналымы 29 млрд. АҚШ долларын құрап отыр.

– Облыста 170-тен астам Ресей Федерациясымен бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Соның ішінде Каспий Құбыр консорциумы-К компаниясының кеңею жобасының алар орны ерекше. Ал, келесі жылдың қаңтар айынан бастап Еуразиялық Экономикалық Одақтың толыққанды мүшесі атанып, бірыңғай тауар өндірісін, қызметтерді жүзеге асыруда жаңа мүмкіндіктерге жол ашпақ. Іскерлік кеңес те осынау бағытта жемісті жұмыс істейді деп сенеміз, – деген Ғұмар Ислямұлы меймандарға «қош келдіңіз» айтты.

Қазақстан Республикасы Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасының сыртқы экономикалық қызметін іске асырушы еншілес кәсіпорын – «Қазақстанның Сыртқы Сауда палатасы» ЖШС басқарма төрағасы Сабыр Есімбеков ұйымның қызметіне тоқталды. Сондай-ақ, ол отырыста көмірсутекті саладағы инновациялармен қатар басқа да сұрақтар қаралатынын атап өтті.

Ресей Федерациясы Сауда-Өнеркәсіп Палатасы тарапынан сөз алған өкіл 2006 жылы Іскерлік кеңес құру жөнінде шешім қабылданып, сол уақыттан бері атқарылған жұмыстарды атап көрсетті. Бүгінде аталған кеңес іскерлік қатынастың тиімділігін арттыруды үйлестіретін және кеңес беретін басты органға айналды. Қазақстанның Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасымен тығыз қарым-қатынастағы ұйым тиімді келісімдерге кепілдік беретін орталық болды. Екі ел бизнес иелері сенімді серіктес тауып, кәсібін табысты жалғастырып жатқан жайы бар. Ресей Федерациясынан барлық дерлік аймақ пен Татарстан Республикасы қызығушылық танытып, үміт артып отыр. Бірыңғай Экономикалық Кеңістік  интеграциялық үдерістерге жол ашып, қос елдің тауар айналымына оң ықпалын тигізді. Кедендік одақ арқасында кәсіп иелеріне жеңілдіктер жасалды.  «Қазақстанда кәсіпкерлік саласына кең қолдау көрсетіліп жатқанынан хабардармыз. Көптеген кедергілер алынып тасталды. Мұнда бизнесті өркендетуге мүмкіндік мол. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, соңғы жылдардың өзінде мыңдаған ресейлік кәсіпорын осыннан филиалын ашса, бір жылдың өзінде 1300-ге тарта көрші ел компаниясы іске қосылған. Бірлескен мекемелердің Қазақстанда қызметін дамытуы бізді де қуантады. Әрине, шешімін күткен мәселелер де бар. Біз бұл бағытта жұмыстануға әзірміз», – дейді ресейлік өкіл.

Ресейдің Қазақстандағы Сауда өкілі Александр Яковлевтің айтуынша, іскерлік кеңес тарихында атап айтарлықтай оқиғалар орын алды. Күні бүгінде интеграцияның екінші толқынына да өттік. Нәтижесінде екі ел аймақтарының тауар айналымы өсіп, бірлескен кәсіпорындар саны артып келеді.

– Өткен жылы тауарлы-экономикалық бағытта біраз шаруа атқарылды. Ресей Федерациясының Қазақстанмен тауар айналымы 26,5 млрд. АҚШ долларын құрады. Биылдың жеті айында да айтарлықтай өсім байқалады. Қазақстанның экономикалық жағдайының жақсаруына орай жиырмаға тарта ресейлік кәсіпорын өкілдіктерін ашты. Атап айтқанда, «ГазПром», «Лукойл», «Билайн» және тағы да басқа белгілі компаниялар бар. Сондай-ақ, кейбір екінші деңгейлі банктер филиалы қызмет атқаруда. Былтырдан бастап инновациялық жобалар жүзеге асырыла бастады. Биылғы жыл басында екі млрд. АҚШ долларына осындай 14 жоба қолға алынды,-деген  ол қос елдің шекаралас аймақтарының да байланысы нығайып келетінін атап айтты. Тауарлы-экономикалық қатынас шеңберінде бірнеше келісім жасалған. Меморандум мен тиімді келіссөздер игі істердің бастауы болды.

Елімізде кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған жұмыстарды бизнес иелері де сезініп үлгерді. Оның үстіне, Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Рахым Ошақбаевтың сөзінен ұққанымыз, 2016 жылы Қазақстан бизнесті өркендетуге қолайлы 30 елдің құрамына енуге тырысып жатыр. Салық Кодексіне өзгерістер енгізуге ұсыныс, инвестицияға субсидия беру – барлығы да бизнеске оң әсер етері сөзсіз. Мыңдаған ресейлік компанияның осыннан заңды өкілдіктерін ашуы соның айғағы болса керек. Техникалық регламент те бір жүйеге түсіп  келеді.

Іскерлік кеңес отырысын пайдаланып Ресей Федерациясының Сауда-Өнеркәсіп палатасы  Ресейдің Қазақстандағы Сауда өкілі Александр Яковлевке мерейлі жасқа шығуына орай «Құрмет белгісін» табыс етті.

Сонан соң шара панельдік сессияларда жалғасын тапты. Онда «Еуразиялық интеграция: бизнес қауымдастықтың көзқарасы» (модератор – Рахым Ошақбаев, ҚР ҰКП басқарма мүшесі), «Мұнай-газ және мұнай-газ машина құрылысы саласындағы Ресей-Қазақстан арасындағы серіктестік» (модератор – Павел Беклемишев, «Белкамит» ЖШС бас директоры), «Ресей мен Қазақстан арасындағы трансшекаралық өзендеріндегі суда жүзу жолдарын дамыту» (модератор – Индира Сәдуақасова, «KAZLOGISTIS» көлік және логистикалық мекемелер мен ассоциациялар Одағы бас директорының орынбасары) тақырыптары талқыға түсті. Сонымен қатар, «Ресей-Қазақстан іскерлік кеңесінің» отырысы жалғасып, өзекті мәселелер қозғалды. Атап айтқанда, отырыста акциздік маркадағы өнімдерді шығаруда кедергілер, екі елде де салық есептілігі электрондық жүйеге көшірілгенмен шағын және орта бизнес үшін аз-мұз кемшіліктер бар екендігі мәлімделді.

Жалпы, панельдік сессиялардағы негізгі мәселелер интеграцияның қазіргі ахуалы мен ерекшеліктеріне сай Қазақстан мен Ресей арасындағы ықпалдастық турасында өрбіді. Сонымен қатар, Кедендік Одақ пен Еуразиялық Экономикалық Кеңістікке қатысушы елдердің сауда экономикалық қатынастары мен күрделенген проблемаларды шешу жолдары қаралды.

«Самұрық-Қазына Контракт» ЖШС бас директоры Серікбек Елшібеков мұнай-газ саласындағы қазақстандық мазмұн жөнінде тарқатып айтып берді. Аталған ЖШС басшылығының сөзіне қарағанда, мемлекеттік сатып алулар бойынша тендерлерге қатысу, қай компанияға қандай өнім қажеттігі жөнінде ақпар алу жайы біраз жеңілдетілді. Енді «Самұрық-Қазынаның» арнайы сайты арқылы осынау мәліметтерді толық алуға мүмкіндік бар.

– «Самұрық-Қазына» құрамына бес жүзге тарта компания кірсе, оның 240-ы 50 пайыздық қатысумен енеді. Қазақстандық мазмұнды арттыруда бірқатар қадам жасалды.  Соңғы уақытта ұзақ мерзімді келісім-шарттар жасау мәселесі бір жолға қойылып келеді. Биылдың өзінде алты  млрд. АҚШ долларына 705 ұзақ мерзімді келісімдер, тауарлардың, қызмет түрлерінің бірыңғай номенклатуралық анықтамалығы жасақталды. Тиімділігі сол, тендерге қатысушылары сайтта бір-бірін көре алады. Әрине, коммерциялық құпиялар белгілі деңгейде сақталады,-деді Серікбек Кеңесбекұлы.

Біз пікірлескен Алтай Сауда-Өнеркәсіп Палатасының Президенті Борис Чесноков шынымен де Кедендік Одақ арқасында көлеңкелі экономикаға тосқауыл қойылғанын атап айтты. 

– Бүгінде экономикалық болжамдар әнебір тиімді емес. Сондықтан, мұндай кездесулер  тиімді қарым-қатынас бастауы болмақ. Санкцияның салдарынан Ресей компаниялары капиталдың жетіспеушілігін сезініп жатыр. Мұның да екі жағы бар. Мәселен, Ресей қазірде Еуропамен Сыртқы тауар айналымын азайтып жатыр. Форум кейбір түсініспеушіліктерді анықтап, кәсіпкерлерге кейбір мәселелерін оңтайлы шешуіне мүмкіндік береді, – деді Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Рахым Ошақбаев журналистерге берген сұхбатында.

Іскерлік кеңес отырысына қатысушылар ресми бөлімнен кейін Атыраудағы «ЖігерМұнайСервис», «БатысАльянсСтрой», тұрғын үй құрылыс комбинаты, «Атыраумұнаймаш», «Сағат Энерджи», «Алан Бюлдинг Системс» ЖШС-тері секілді ірі кәсіпорындардың қызметімен танысып, тәжірибе алмасты.

Айбөпе САБЫРОВА.

Суреттерді түсірген Самат ҚАЙЫРЖАНОВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз