ИНДУСТРИЯЛАНДЫРУ КАРТАСЫНДА НЕ ЖАҢАЛЫҚ?

ҚР Президенті жанындағы Орталық Коммуникациялық қызметінде кезекті брифинг өтті. Оның бұл жолғы қонағы Инвестиция және даму министрі Әсет Исекешев болды.

Министрдің айтуынша, бүгінде елімізде экономиканы өркендету, өнеркәсіп өнімін көбейту, жұмыс орындарын сақтау бағытында ауқымды жұмыстар жасалып жатыр. Жоспарлы істерді жүзеге асыру үшін Үкімет мүшелері республикадағы өндіріс орындарының біразында болып қайтыпты. «Жергілікті жағдаймен жете танысу дағдарыс кезеңінде өте маңызды» деді брифинг қонағы. Елдің атқарушы билігі сыртқы әсерлердің ықпалынан туындаған автоөнеркәсіп саласындағы ахуалға ерекше назар аударып отыр. Аталған саладағы өндірістің ауқымы айтарлықтай төмендеген жағдайда оны сақтап, дамытатын шаралар кешенін қабылдау қолға алынған.

– Бізде дағдарыстан зардап шеге бастаған қосалқы өндірістер баршылық, солардың бірі – автомобиль өнеркәсібі. Бұл, негізінен, Ресейден екі айдың ішінде елімізге 50 мыңнан астам арзан көліктің келуімен байланысты болып отыр, – деді Ә.Исекешев.

Бүгінгі күні автоөнеркәсіп саласындағы проблемаларды шешу мақсатында арнайы жұмыс тобы іске кірісіпті. Сонымен қатар, Инвестиция және даму министрінің экспорттаушыларды қолдауға қатысты айтқан әңгімесі журналистердің назарын өзіне аударды. Үкімет осы мақсатта 35 млрд. теңге бөлуді жоспарлағаны белгілі болды. Сонымен қатар, Әсет Исекешев Президент тапсырмасымен елдің экспорты туралы жаңа саясаты құрылатынына тоқталды. Ол Орталық Азия, Кавказ бен Иран нарығына шығу мүмкіндіктерін қарастырады екен. «Ақпан, наурыз, сәуірде Түркіменстанға, Қырғызстан-ға, Өзбекстанға, Моңғолияға, Түркияға және басқа да елдерге іс-шараларға шығамыз. Сол жерлерде биылғы жылы біздің экспортшыларды қолдау үшін министрлік жанындағы Kaznex invest инвестиция және экспорт жөніндегі агенттіктің өкілдіктері ашылатын болады» деді лауазымды тұлға. Айрықша тоқталар тағы бір тұс – елдегі индустриялық-үдемелі бағдарламаның жүзеге асуына қатысты. Министрдің сөзінен ұққанымыз, индустрияландырудың екінші бесжылдығына қатысуға ниет білдірген компаниялардың саны 100-ден асқан. Олардың 60-ы Индустрияландыру картасына еніп отырған көрінеді. Үкімет мүшесі екінші бесжылдықты жүзеге асыруда бірқатар қиындықтар кезігетінін де жасырмады. Мәселен, Ресей рублінің құлдырауы мен мұнайдың әлемдік нарықтағы құнының төмендеуі күтпеген жағдайларға әкелуі мүмкін.

– 2015 және 2016 жылдар оңай болмайды. Сондықтан, біз қосымша сараптама жұмыстарын жүргіземіз. Кішігірім өзгертулер енгізуіміз мүмкін. Дегенмен, Елбасының тікелей тапсырмалары мүлтіксіз орындалады. Атап айтқанда, еңбек өнімділігі арттырылып, сапалы өнім өндіріліп, маман даярлау жұмыстары тоқтатылмайды, – деді Инвестиция және даму министрі. 

Брифингте Қазақстанның 2014 жылы дайын тауарлар экспортын 4 млрд. доллар деңгейінде сақтағаны айтылды. «Жалпы экспортты, ең алдымен, шикізат өнімдерін жеткізуді қысқарту есебінен, өңделген тауарлар экспортының қысқартылуын ескере келгенде, жалпы дайын өнімдер экспорты бұрынғы қалпында қалды» деді Әсет Исекешев. Ол, сонымен бірге, еліміздің сыртқы нарыққа локомотивтерді, жүк көліктерін, автобустарды, медициналық құралдарды, тамақ өнімдерін шығара бастағандығына тоқталды.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз