Ядролық отын, металл өңдеу, «жасыл» экономика: Президенттің Кореяға сапары барысында қандай келісімдер жасалды?

2 2 Жаңалықтар

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Корея Республикасына мемлекеттік сапары Көк үйдегі ресми рәсімнен басталды.

 Содан соң Сеулдегі Кибер университеттің аумағына орнатылған ұлы Абай бюстінің ашылу салтанатына қатысты.

– Сеул төрінде қазақ халқының ұлы перзенті, ақын Абай Құнанбайұлының бюсті орнатылды. Бұл – корей бауырларымыздың қазақ халқына деген зор құрметінің белгісі, – деді Қазақстан Президенті. Бюсттің жобасы Қазақстанда дайындалып, тұтас мүсіні Кореяда қоладан құйылған. Қасым-Жомарт Тоқаев бюсттің Корея астанасындағы университет аумағына орнатылуының маңызды екеніне тоқталды.

– Абай – ұлы ақын ғана емес, кемеңгер ойшыл, əйгілі ағартушы. Сондықтан, Абайға арналған бюсттің білім ордасына қойылуы орынды шешім екені сөзсіз.

Мұның символдық мəн-маңызы айрықша. Ол жұртты ғылым игеруге, білімдар болуға үндеді. Жаңашылдық пен жасампаздықты дəріптеді. Абай мұрасы – біздің елімізге ғана емес, барша адамзатқа ортақ құндылық. Дала данышпанының «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нəрселермен озбақ» деген сөзі бар. Бұл қасиеттерді корей халқы да ерекше бағалайтынын білеміз. Осы құндылықтардың арқасында қазіргі таңда Корея Республикасы озық дамыған мемлекеттердің қатарына қосылып отыр.

 Былтыр біз Абайдың 175 жылдық мерейтойын атап өттік. Осыған орай, көптеген ауқымды іс-шаралар ұйымдастырдық. Абай шығармалары əлемнің бірнеше тіліне аударылды. Соның ішінде, корей тілінде «Алтын шаңырақта шырқалған əн» атты кітабы жарыққа шықты. Кореяда ұлы ойшылға арналған маркалар əзірленді. Мұның бəрі екі елдің рухани ынтымақтастығын одан əрі нығайта түсері анық, – деді Мемлекет басшысы.

3 2

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Оңтүстік Кореяға сапары барысында жоғары деңгейдегі келіссөздер өткізді. Содан кейін Корея мен Қазақстанның ірі компаниялары басшыларының жиынына қатысты.

Қазақстан Президенті жиынға қатысушыларға Президент Мун Чжэ Инмен өткен мемлекетаралық келіссөздердің негізгі қорытындылары туралы айтып берді. Қасым-Жомарт Тоқаев Оңтүстік Кореяның Қазақстан үшін аса маңызды стратегиялық әріптес екеніне тоқталды.

 – Соңғы 15 жылда Сіздің еліңізден келетін тікелей инвестиция көлемі 6 миллиард доллардан асты. Қазақстанда кореялық капитал салынған 550-ден астам кәсіпорын табысты жұмыс істеп жатыр.

 Олардың қатарында Samsung, Hyundai, Lotte, Posco, KNOC және басқа да жетекші корпорациялар бар. Осы компаниялардың қатысуымен жалпы құны 2,5 миллиард доллардан асатын 24 ірі жоба жүзеге асырылды. Әсіресе, кореялық SK Engineering & Construction компаниясының қатысуымен жүзеге асырылып жатқан Үлкен Алматы айналма тасжолының (БАКАД) құрылысын айтуға болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысы автомобиль жасау, тұрғын үй құрылысы, металлургия және ауыл шаруашылығы сияқты салаларда жалпы құны 1,5 миллиард доллардан асатын келешегі зор үміт күттіретін 16 инвестициялық жобаның іске асырылатыны туралы айтты.

Президент  экономикалық ынтымақтастықты арттыруға жаңа мүмкіндіктердің бар екеніне назар аударды. Қасым-Жомарт Тоқаев инновациялар мен жаңа технологияларға негізделген экономиканы қалыптастыруға басымдық берілетінін атап өтті.

– Қайта өңдеу өнеркәсібіндегі жоғары технологиялы өндіріс, сондай-ақ, Индустрия 4.0 технологияларына стратегиялық тұрғыдан мүдделіміз. Оңтүстік Корея экономиканы цифрландыру бойынша әлемдік көшбасшы және 5G желілері саласында үздік болып танылды, – деді Президент. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қазақстанда инновациялық технологияларды дамыту үшін заманауи инфрақұрылым бар екенін атап өтті.

– Біз компьютерлік техника, желілік жабдықтар, деректерді өңдеу орталықтары бойынша бірлескен өндірістік жобалар ашуға мүдделіміз. Қазақстан 5G желісін өрістету бағытында жұмыс істеп жатыр. Ірі қалаларда алғашқы сынақтар өткізілді. Корея компанияларын елімізде 5G жобаларын іске асыру үдерісіне қатысуға шақырамын, – деді Президент.

Қасым – Жомарт Тоқаев  жер қойнауын пайдалану саласының зор мүмкіндіктерін пайдалануға шақырды. Қазақстанда жер аумағының 25 пайызына ғана геологиялық зерттеу жүргізілгенін айтты. Бұл ретте, мемлекет басшысы асыл және түсті металдарды өндіру бойынша бес дайын жобаның бар екенін атап өтіп, корей компанияларын Қазақстанның жер қойнауын бірлесіп игеруге шақырды. Қазақстан Президенті кореялық әріптесімен әңгіме барысында біздің елдегі табиғи ресурстарға бірлесіп зерттеу жүргізу туралы ұсыныс айтқанын, кейін табиғи байлықты игеру барысында корей компанияларына құқықтық басымдық берілуі мүмкін екенін жеткізді.

1 28

Президент өз сөзінде Қазақстанда баламалы және жаңартылатын қуат көздерін дамытуға басымдық берілетінін атап өтті. Мемлекет басшысы жел және күн энергиясын пайдаланудың әлеуеті зор екенін айтып, корей компанияларына осы саладағы инвестициялық мүмкіндіктерді қарастыруды ұсынды. Одан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев форумға қатысушыларды Қазақстанда Корея технологиялары бойынша ядролық отынды бірлесіп өндіруге, сондай-ақ, қалдықтарды энергетикалық жою саласындағы жобаларды іске асыруға шақырды. Қасым-Жомарт Тоқаев Оңтүстік Кореямен машина жасау саласындағы ынтымақтастықты жоғары бағалап, бұл елдің ірі компанияларының қатысуымен автомобиль жасау саласы Қазақстан экономикасының қарқынды дамуына үлес қосқанын атап өтті.

Осыған байланысты Президент автомобильдер желісін ұлғайтуға және өндіріс орындарын арттыруға әзір екенін мәлімдеді. Мемлекет басшысы кореялық компаниялармен бірлесіп мұнай-газ өнеркәсібіне арналған жабдықтар мен қосымша бөлшектердің, сондай-ақ, жаңа технологиялар негізінде ауыл шаруашылығы өнімдерін терең қайта өңдеу бойынша өндіріс ашуға мүдделі екенін айтты. Сонымен қатар, ҚасымЖомарт Тоқаев Қазақстан арқылы Азиядан Еуропаға жүк тасымалдау және корей экспортын Еуразиялық экономикалық одақ нарығына да әртараптандыру мүмкіндіктеріне тоқталды.

Президент  инвесторларға арналған институционалдық ортаны қалыптастыру туралы айта келе, «Kazakh Invest» ұлттық компаниясының, арнайы экономикалық және индустриалдық аймақтардың, сондай-ақ, «Астана» Халықаралық қаржы орталығының әлеуетін пайдалануға шақырды.

Мемлекет  басшысы  сөзін қорытындылай келе аталған іс-шара екі ел арасындағы сауда-экономикалық өзара іс-қимылды тереңдетуге жасалған нақты қадам екенін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев кореялық кәсіпкерлермен нақты жұмыс істеу үшін Премьер-Министрдің орынбасары Роман Склярдың жетекшілігімен арнайы жұмыс тобын құру туралы шешім қабылдағанын айтты. Президент ірі инвестициялық, институционалдық, инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруды және оған жеке мониторинг жүргізуді өз бақылауына алатынын атап өтті.

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша жалпы сомасы 1,7 миллиард АҚШ доллары болатын 34 келісімге қол қойылды. Оның 21-і коммерциялық және 13-і коммерциялық емес құжат. Корей технологиясын тартуға басымдық беретін бірлескен инвестициялық жобаларда жоғары тиімділігі мен өндірістің экологиялық тазалығына басты мән берілген. Балама қуат көздерінің болашағы қандай?

Мемлекет басшысы Оңтүстік Кореяның іскер топ өкілдерімен өткен дөңгелек үстелден кейін осы елдің ірі компанияларының басшыларымен – «Samsung Electronics» компаниясының президенті Ин Ёнг Ли және «Doosan Heavy Industries & Construction» президенті Ёнг Инг Чонгпен екіжақты кездесулер өткізді. Қазақстан Президенті Ин Ёнг Лимен кездесуде «Samsung Electronics» компаниясының цифрлық инновациялар саласында әлемдегі жетекші орында екенін атап өтіп, цифрландыру, инновация мен ғылым арқылы технологияларды дамыту мәселелеріне тоқталды.

 Қасым – Жомарт Тоқаев ынтымақтастықтың перспективалы бағыттары «ақылды қалалар» жүйесін енгізу екенін айтып, Қазақстан көлік қатынастарын басқару, жол-көлік оқиғаларының алдын алу, деректерді қашықтан жіберу технологияларын енгізуге мүдделі деді. Бұдан кейін мемлекет басшысы «Doosan Heavy Industries & Construction» президенті Ёнг Инг Чонгпен кездесіп, Қазақстан экономикасының дамуына қосқан үлесі үшін ризашылығын білдірді. – Атырау облысында қуаты 310 МВт газтурбиналық электр стансасының құрылысын сәтті жүзеге асқан жоба ретінде атап өткім келеді. Оңтүстік Кореяның сутегі өндірісінің едәуір үлесі арқылы жасыл энергетиканы дамытудағы әлемдік көшбасшылардың бірі болуға ниетті екенін жақсы білеміз. Қазіргі уақытта Кореяның 3 қаласын сутегі энергиясына көшіру жоспарына дайындап жатырсыздар. Бүгінде Қазақстанда да баламалы энергия көздерін дамытуға ерекше көңіл бөлінуде.

 Біз 2030 жылға қарай баламалы энергияның 30 пайызына қол жеткізуді жоспарлап отырмыз, оның 15 пайызы жаңартылатын энергия көздері болмақ. Осы мақсатта жуық арада 3-4 гигаватт электр энергиясына жаңартылатын энергия көздерінің жобаларын жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Сондықтан сіздердің ұсыныстарыңыз біз үшін өте пайдалы болады, – деді Қазақстан Президенті. Қасым-Жомарт Тоқаев компанияның энергетикалық жобалардағы көп жылдық тәжірибесі мен біліктілігін ескере отырып, оларды қазақстандық жылыту-энергия орт алықт арын жаңғырту және «Қарабатан» кешенін кеңейту бойынша ынтымақтастық орнатуға шақырды. Корейлік компания өкілі баламалы энергия көздері бойынша ортақ жобаларда жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.

akorda.kz

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз