Қиғаш бойында қарқынды даму бар

и аш бойында2 Жаңалықтар

Бүгінде Құрманғазы ауданы барлық сала бойынша қарқынды дамып келеді. Бұл, әрине, Тәуелсіздіктің жемісі. Жиырма бес жыл ішінде қыруар жұмыс атқарылып, ауыл  шаруашылығы өнімі молайып, оны өңдеу бірнеше есе артты. 58 мың тұрғыны бар аудан Ресей елімен қоян-қолтық араласып, мемлекетаралық келісім негізін мықтап қалыптастыруда.

__%d0%b8__%d0%b0%d1%88-%d0%b1%d0%be%d0%b9%d1%8b%d0%bd%d0%b4%d0%b02

Қазіргі таңда ауданда «көгілдір отынмен» қамтылмаған ауыл жоқтың қасы. Осыдан он шақты жыл бұрын даладан отын арқалап күнін көрген құрманғазылықтардың бір кездегі арманы егемендігіміздің арқасында ақиқатқа айналды. Өңірдегі  бұдан  өзге  де  өркенін жайған  жарқын істер мен жасампаз жұмыстарды аймақ басшысы Бибоз Шаяхметов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте кеңінен әңгімеледі.

Алғаш рет 2000 жылы аудан орталығы Ганюшкин мен Ақкөл ауылдарына газ жүргізілсе, қазіргі таңда 49 елді мекеннің 38-і табиғи газбен қамтылған.  Аймақта егін, мал, балық шаруашылықтарында  өрістеу бар.

Атап айтқанда, «Каспий балық» өндірістік кооперативінің Шортанбай селосындағы №1 балық өндеу цехы 21 түрлі балық өнімдерін шығарып, алыс шет елдерге сатып отыр.

Аудандағы тағы бір ерекшелік, Сүйіндік, Құрманғазы, Ақжонас, Мақаш секілді асыл тұқымды мал өсіретін шаруа қожалықтарын ашуға әйелдер бастамашы болған. Мысалы,  ауданда 605 шаруа қожалығы болса, соның 67-сі нәзікжандылардың үлесіне тиіп отыр.

– Соңғы сегіз жылда «Ауыз су» бағдарламасы негізінде Приморье, Орлы, Сафон, Көптоғай, Нұржау, Дәшін, Қызыл оба, Ганюшкин ауылдарына су тазарту имараты мен су құбыры желісі жүргізілді. Кейіннен бұл жұмыстар «Ақ бұлақ» бағдарламасына ұласты. Төрт жылда 23 елді мекенге су тазарту желісі, қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, нысандар пайдалануға берілді.

Тәуелсіздік жылдарында ауданда заманауи 14 мектеп, сегіз балабақша мен алты денсаулық сақтау  нысаны  пайдалануға  берілді. Қазіргі уақытта тағы екі мектептің, бір балабақшаның құрылысы жүруде. Бұдан бөлек, осы жылдың соңында он тұрғын үй тапсырылады, – деді Бибоз Байдәулетұлы.

__%d0%b8__%d0%b0%d1%88-%d0%b1%d0%be%d0%b9%d1%8b%d0%bd%d0%b4%d0%b0

Аймақта екі мыңның үстінде шағын және орта кәсіпкерлік субъектісінде алты мыңға жуық адам жұмыс істеуде. Өңірде кәсіпкерліктің, шағын және орта бизнестің жаңа тобын дамыту есебінен тұрақты жұмыс орындары көптеп ашылуда. Сол себепті,  өткен жылдармен салыстырғанда биыл  жұмыссыздар саны  азайып, олар  1393 адамды құрап отыр.

Аудан әкімі мәлімдегеніндей, үстіміздегі жылы облыстық бюджеттен бөлінген қаражат  есебінен  «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында төрт жобаға 16,5 миллион теңге, «Бизнес аймақ» бағыты бойынша  үш жобаға 11 миллион теңге және «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 48 жобаға 123,3 миллион теңге несие берілді.

Айта  кетейік, ағымдағы жылдың шілде айында облыс әкімі Нұрлан Ноғаев жұмыс сапарымен аудандағы он тоғыз округті төрт күн бойы аралап, тұрғындармен кездесіп, олардың тынысымен  танысып  қайтқан еді. Әсіресе, әлеуметтік мәселелерге назар аударып, аудан басшылығына ең өзекті делінген алпыс жеті тапсырманы міндеттеген болатын.  Брифингте Бибоз Байдәулетұлы тапсырманың 36 іс-шарасы қазіргі күні нақты орындалғанын баса айтты. Қалғанының биыл қаржысы белгіленіп, келер жылы жүзеге асады деп жоспарлануда.

Аудан әкімінің осындай қысқаша есебінен соң, журналистер көкейде жүрген сауалдарын жолдады.

– Кудряшов, Арна (ММС) ауылдарына кіреберіс жолдарының құрылысы қашан аяқталады?

– Аталған ауылдардағы жол құрылыстары биыл басталды. Келесі жылы аяқталуы керек. Жұмыстарды «Қостанай» ЖШС жүргізуде. Қаражаты шешілген.

– Котяев ауылына «Ақ бұлақ» бағдарламасымен ауыз су қашан жүргізіледі?

– Бұрын Котяев пен Кудряшов ауылдарының ортасында су құбыры болған. Бірақ, Котяев ауылының орналасқан жері биіктеу болғандықтан, судың жүруі қиындады. Биыл бұл ауылға жобалық сметалық құны  бойынша  тоғыз миллион теңге қаралып, келесі жылға жоспарланып отыр.

– Ағымдағы жылы «Нодулярлы дерматит» індеті салдарынан  мал өлімі болды. Тәжірибе көрсеткендей, елді  мекендерде ветеринар мамандарының тапшылығы байқалды. Бұл мәселе қаншалықты шешімін табуда?

– Иә, індет салдарынан ауданда 947 мал өлді. Оған Астанадан арнайы комиссия келіп, бас санына өтемақы төлеу жөнінде мәлімет бойынша 149 миллион 250 мың теңгеге есеп алып кетті. Бірақ, өздеріңіз білесіздер, облыс бойынша осы аурудың салдарынан Исатай мен Құрманғазы аудандарында карантин жарияланды. Әлі ашылған жоқ. Ерекше айта кетейін, есепке алынған мал басынан кейін, тағы да шығындалғаны анықталса, оларға да өтемақы жүргізіледі.

Мал дәрігерлері ауданда тапшы. Егер, оқуға ниетті жастар болса, оларды бюджет қаржысы есебінен оқытуға ниеттіміз. Жалпылай алғанда, аймаққа ауыл  шаруашылығына қатысты мамандар, дәрігерлер және математика мен орыс тілі пәндерінің мұғалімдері қажет екенін баса айтқым келеді.

– Биыл өр суының  көп келуіне байланысты кейбір елді мекендерді су басу қаупі болған. «Келер жылы  су одан да көп келеді»  деген болжам бар. Мұның алдын алу мақсатында қандай жұмыстар атқарылуда?

– Қазіргі уақытта жергілікті бюджеттен 47 миллион теңге қаржы бөлініп, Дыңғызыл, Шортанбай, Көптоғай, Кудряшов ауылдық округтерінде судан қорғану бөгеттеріне жөндеу жұмыстары басталды. Осы жылдың желтоқсан айында толықтай аяқтаймыз.

– Киров ауылдық округінде мәдениет үйі жоқ. Қашан салынады екен?

– Бұл мәселені облыс әкімі іс-сапары барысында көрді. Ол ауылға мәдениет үйімен қоса, саз мектебі де қажет  болып отыр. Келесі жылы «КТК-К» компаниясының демеушілігімен құрылысы басталады  деп жоспарлап отырмыз.

– Алға ауылдық дәрігерлік амбулаториясы ескі. Қазіргі таңда бұған қандай шаралар жасақталды?

– Амбулаторияның келесі жылғы жөндеу жұмысына тоғыз миллион теңге қаржы бөлінді.

– Шалғай ауылдағы ағайынның дәрімен қамтылу жайы қалай?

– Бұл мәселе де облыс әкімінің тікелей бақылауында тұр. Балқұдық, Сүйіндік ауылдарының тұрғындарына енді дәрі уақытылы жеткізілмек. Өткен жылы тендердің кешігіп өтуі салдарынан  халық арасында түсініспеушілік орын алғаны рас. Биыл Азғыр өңірі жұртшылығының аудан орталығына келуі үшін автокөліктер берілді. Сондай-ақ 42 миллион теңге дәрі-дәрмекке қаралса, қазір 33 миллионы  жұмсалды. Қалған сомасына дәрілер келесі жылдың басында тапшылық болмауы үшін биыл алынбақ.

– «Атырау-Астрахан» тасжолының құрылысы қашан басталады?

– Бұл  жұмыс  біздің ауданға тікелей қатысты емес. Бірақ, келесі жылы республикалық «Нұрлы жол» бағдарламасымен құрылысы басталады деп күтілуде.

Нұргүл Ысмағұлова

Суреттерді түсірген:

Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз