Халыққа арналған прокуратура қандай болмақ?

P1110606 Жаңалықтар

Кеше Құрманғазы аудандық прокуратурасында жаңадан қабылданған еліміздің «Прокуратура туралы» Заңына сәйкес аталған орган қызметіндегі өзгерістер бойынша ардагерлермен кездесу ұйымдастырылды.

P1110606

Кездесуді ашқан аудан прокуроры Ерлан Хисметуллин:

P1110602

– Бүгінде біздер қылмыстық істерді 3-7 күн ішінде аяқтап отырмыз. Бұрын жәбірленушілер мен куәлар ішкі істер бөліміне бірнеше қайта келетін. Бірде тергеуші, кейде учаскелік инспекторлар болмай, уақыттары текке кететін. Қазір соның бәрін қысқартып тастадық. Осыған қоса прокуратура жанынан көптеген мәселелерді шешетін «Заңдылық» деген жүйе ашылды. Бұл сот реформасы төңірегінде жасалған пилоттық жоба. Соттың шешімінде қателік кетпеуін қадағалайды. Бұрын сол себепті апелляциялық шағым беріліп, іс екі-үш айға созылатын. Сонымен қатар азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының бұзылуына жол бермеу мақсатында полиция ғимаратында күнделікті кезекші прокурор болады. Ішкі істер органының ғимаратында «шыны бөлме» құру жоспарлануда. Одан жауап қалай алынып жатырғанын әр адам көреді. Ішіне бейнекамера орнатылады да кезекші прокурор жауап алуды сол арқылы бақылауда ұстайды. Қазір бұл жұмысты жүзеге асыруға қаржы сұралуда. Аудандық ішкі істер бөліміне ұсыныс бердік. Атырау қаласында да құқықтық қызмет көрсету орталығы ашылады. Оған заңгер, нотариус, медиатор, прокурор орналасады. Кез-келген адам барып тегін кеңес алады. Пилоттық жоба ретінде облыс орталығында алғаш рет қолданысқа еніп, өзін ақтаса оны келесі жылы аудандарда да ашу жоспарлануда. Сіздермен кездесіп отырған мақсатымыз халықты қандай мәселелер алаңдатады соны естіп, пікірлеріңіз мен ұсыныстарыңызды басшылыққа алып, мониторинг жасап, алдағы жұмыс жоспарымызға енгізу. Бүгінде орта буын ағаларымыз бен жастар негізінен барлық жаңалықтарды әлеуметтік желілерден оқитын болғандықтан біз өз жұмыстарды Facebook-тағы парақшамызда жариялап отырамыз, – дей келе, басты мақсат елімізде «Халыққа арналған прокуратура» құру, тұрғындардың сенімінен шығу екенін жеткізді. Жаңа заңға сәйкес үш негізгі міндеттерге яғни, кадрларға, жаңа технологияларға және қылмыстық процесске көңіл бөлінетінін айтты. Ауданымызда қылмыстық ахуалдың тұрақты екеніне, ауыр қылмыс жылдан-жылға түсіп келе жатқанына тоқталды.

P1110607

Ақсақалдарымыздан Иса Қараменов медиация жұмысын жандандыру, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Орынғали Құмарғалиев заңсыз жолаушы тасымалымен айналысатындарға қарсы шара алу, сақал қойып, қара киім киетіндерге тыйым салу жөнінде әңгіме қозғады. Ардагерлерімізден Мақсот Есімғалиев, Сәркен Нұрғожина, Өтеулі Хасанов, Зайр Хидуллин, Болат Қалиев, Өмірзақ Қажымғалиев жат ағымдармен күрес, «Ашық есік» күнін өткізу, мал ұрлығын болдырмау, шаруа қожалықтарының жерді дұрыс пайдаланбауы, жеңілдетілген несие алудағы қиындықтар және т.б жайлы айтып, өз ұсыныстарын ортаға салды. Аудан прокуроры үлкендеріміз тарапынан айтылған кейбір мәселелерге қатысты түсінік беріп өтті. Шара соңында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ө.Қажымғалиев аудан прокуроры Е.Хисметуллинге арнайы дастарқан жайып құрметтеп, пікірлерін тыңдап жатқаны үшін ризашылығын білдіріп, аузы дуалы ақсақалымыз И.Қараменов батасын берді.

Қанат ҒҰМАРОВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз