ГЕРМАНДЫҚ КОМПАНИЯ ӨКІЛДЕРІ – АТЫРАУДА

Баламалы қуат көздерін көптің игілігіне жаратып, өндірістік мақсатта пайдалану, сөйтіп энергияның үнемділігі мен тиімділігіне қол жеткізу – бүгінгі күннің ең өзекті мәселелерінің бірі. Бұл мәселе аймақ басшылығының да ұдайы назарында ұсталып келеді. Осы тұрғыда отандық кәсіпорындармен ғана емес, бұл салада қалыптасқан дәстүрі мен бай тәжірибесі бар шетелдік компаниялармен де іскерлік байланыстар орнатылуда. Солардың қатарында немістің «SOWITEX» компаниясы да бар.

Кеше Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов осында жұмыс сапарымен келген аталмыш компанияның өкілдерін қабылдады. Аймақ басшысы шетелдік қонақтарды облыстың әлеуметтік-экономикалық даму барысымен қысқаша таныстырып, қазыналы өңірде қай салада болмасын әріптестік қатынастар орнатып, бірлесе жұмыс жасауға мүмкіндіктердің барлығына тоқталды.

Өз кезегінде Герман елінен келген топтың жетекшісі, компанияның бас директоры Герц Хюмелц өзі басшылық жасайтын кәсіпорынның құрылғанына жиырма жылдан астам ғана уақыттан бері мейлінше арзан энергия көзін өндіріп шығаратын жел диірмендерін құрастырып, тұтастай сондай қондырғылардан тұратын парктер құрылысын салумен шұғылданып келе жатқандығын баяндады. Оның айтуынша, компанияның өзінің мүмкіндіктерін толығынан көрсетіп, кеңінен қанат жаюына Латын Америкасы елдерінде жүзеге асырған жобаларының септігі тиген. Қабылдау сәтінде пікірлер  де айтылып, ұсыныс-тілектер білдірілді. Оларды мұқият тыңдаған неміс компаниясының өкілдері, бұған дейін өздері зерттеп  білгендеріндей, Қазақстанда баламалы энергия көздерін керекке жаратып, оны өндіру мүмкіндіктері мен алғышарттарының жетіп-артылатындығын алға тартты. Тиісінше қолдау мен көмек көрсетіліп, ынтымақтастық орнатылса, бірлесіп жұмыс жүргізуге болатындығын атап айтты.

Кездесуді қорытындылаған облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлы да германдық кәсіпкерлердің ойын толығымен құптайтындығын, дегенмен нақты шешімін айтып, бір байламға келу үшін «жеті рет өлшеп, бір рет кесу» керектігін, сол үшін де белгілі бір уақыт қажет болатынын қаперледі.

Дәулетқали АРУЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз