Геофизика – бұрғылаудың алғы шебі

Жаңалықтар Экономика

оның жаңа кеніштерді ашуға қосар үлесі мол

Әдетте, геологияны мұнай өндірудің бастапқы баспалдағы санаймыз. Ал, геофизика – бұрғылаудың алғашқы сатысы. Яғни, алдымен геофизикалық зерттеу шаралары жүзеге асырылып, содан соң ғана жетіқат жер астындағы қыруар қазынаны іздейтін нақты орын белгіленеді. Міне, Атыраудағы Жалғасбай Сүлейменов жетекшілік ететін «Атыраугеоконтроль» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі осы іспен шұғылданады.

%d1%8d%d0%ba%d0%be%d0%bd%d0%be%d0%bc%d0%b8%d0%ba%d0%b0

Аталмыш мекеменің де құрылғанына биыл тура он жыл болған екен. Жасыратыны жоқ, тәуелсіздіктің бастапқы кезеңіндегі экономикалық қиындық, бұрынғы берік байланыстардың бұзылуы, қаржы жоқтығы, мамандардың тапшылығы геология саласын да тоқырауға душар етті. Тіпті, сол шақта ешқандай бұрғылау жұмыстары жүргізілмеді. Ал, бұрғышылар тарапынан тапсырыс болмаған соң геофизиктер де қызметсіз қалды. Турасын айтқанда, алпыс жылдан аса уақыт Атырау аймағы және Маңғыстау қазыналы түбегінің ойы мен қырын шарлап, талай кеніштердің ашылуына мұрындық болған тәжірибелі геофизиктердің еңбегі сұранысқа ие болмауы ақылған қонымсыз іс еді. Бірақ, амал қанша, сол шақта кәнігі мамандардың үлкендері зейнетке, жастары басқа жұмыстарға кетті.

Міне, осындай аумалы-төкпелі шақта ұжымның ұйытқысын бұзбауға ұмтылған Жалғасбай Сүлейменов 2006 жылдың тамызында «Атыраугеоконтроль» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрған-ды. «Бітер істің басына – жақсы келер қасына» демекші, сол шақта геологиялық барлау шаралары да біртіндеп жолға түсіп, бастапқы тапсырыстар да бола бастаған-ды. Демек, геофизиктерге де сұраныс табылды. Әйтсе де, қызмет көлемін қамтумен қатар оны сапалы орындау талабы да бар. Міне, мекеме мамандарына осындай жауапкершілік жүктелді. Бүгінде ол аймақтағы мұнай-газ саласында жұмыс жасайтын іргелі кәсіпорындардың біріне айналды. Қазір компанияда геофизикалық зерттеулерді санды тіркеу тәсілі жақсы жолға қойылған. Ұңғымаларды геофизикалық зерттеу мен интерпретациялау саласын жетік меңгерген мамандар бар. Мұндай біліктілікпен мақтануға да болады. Ұңғымаларды бұрғылау мен оларды пайдалану барысында кәсіби геофизикалық зерттеулерді жүргізетін 25 кешенді партия мен он геологиялық-технологиялық зерттеу стансасы қолданыста. Бұдан басқа ұңғымаларды гидродинамикалық тұрғыдан зерттейтін тағы бес партия жұмыс жасайды. Атыраудағы базада жарылғыш материалдар қоймалары, сондай-ақ, ионды көздері болып саналатын құралдарды сақтауға арналған орындар тұрғызылған.

Міне, осындай іргелі компанияның әріптестері де жетерлік. Олардың қатарында «Ембімұнайгаз», «ҚазМұнайГаз-Бұрғылау», «Мәтен», «Сазанқұрақ», «Рауан», «ПотенциалОйл», «Төбеарал» тәрізді жиырма шақты тұрақты серіктестер бар.

%d1%8d%d0%ba%d0%be%d0%bd%d0%be%d0%bc%d0%b8%d0%ba%d0%b03

Осындай іргелі ұжымның жетекшісі биыл алпыс жастың асуына шыққан Жалғасбай Сүлейменов – өз саласының әбден қалыптасқан маманы. Осы мамандықты жан-тәнімен сүйген ол жоғары білім алғанға дейін-ақ Батыс Қазақстан ұңғымаларды геофизикалық зерттеу экспедициясында қатардағы жұмысшы болып істеген. Кейін әскер қатарынан оралып, 1986 жылы Қазақ политехникалық институтын тау-кен инженері мамандығы бойынша тәмамдаған соң лауазымды қызметтерді атқара бастады. «ГеоИгілікСервис Атырау» акционерлік қоғамы №2 кешенді партиясына жетекшілік етті. «Ұңғымаларды геофизикалық зерттеу компаниясы» жабық акционерлік қоғамында да басшылық қызметте болды. Соның бәрінде ұйымдастырушылық қабілетімен дараланған ол Маңғыстау облысы ұңғымаларды геофизикалық тәсілдермен зерттеу ашық акционерлік қоғамы Жаңаөзен филиалының директорлығына тағайындалды. Ал, 2005 жылы «Атыраупромгеофизика» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылтайшысы және техникалық директоры міндетін атқарды.

Міне, осындай өрлеу жолынан өткен ол 2006 жылы қазір өзі басқарып отырған «Атыраугеоконтроль» мекемесін өмірге әкелді. Бүгінде кәсіпорын Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Жамбыл облыстарындағы мұнай-газ саласы компанияларының тапсырысы бойынша геофизикалық зерттеу жұмыстарын сәтті жүргізуде. Мекемеде 180-нен аса қызметкер болса, солардың бәрі дерлік республиканың батыс өңірінің адамдары. «Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала» демекші, ұжым жетекшісі жергілікті жастарды қызметке көбірек тартқанды қалайды. Оларға барынша қамқорлық танытып, бағыт-бағдар береді. Өзі де жас шағында ен даланы еркін кезген оның кейінгі толқынға айтар толымды тәжірибесі бар.

Ия, сонау жылдары Атырау аймағындағы Биікжал, Құмшеті, Үлкентөбе, Мәткен, Көктөбе тәрізді алаңдарда тереңдігі 4500-5000 метрлік ұңғымалар бұрғыланатын. Тіпті, Биікжалда 6200 метрлік жоба да қолға алынған. Бүгінде кейбір  шағын компаниялар тез табысқа жетуге ұмтылып, таяз ұңғымаларды жағалап кетті. Олардың дені бұрын да зерттеліп, мұнай бары анықталған. Демек, көп күш жұмсамай мол өнім алуға талпынғандар тұз қабатының үстіңгі бөлігін ғана қамтып жүр. Ал, «қара алтынның» көп қоры тым тереңде, яғни тұз астында жатыр.

%d1%8d%d0%ba%d0%be%d0%bd%d0%be%d0%bc%d0%b8%d0%ba%d0%b02

Бүгінде республика бойынша «қара алтын» мен «көгілдір отынның» мол қорын жасақтау үшін кешенді шаралар қолға алынуда. Мемлекет басшысы таяу жылдары әлемдегі ең көп мұнайлы бес мемлекеттің қатарынан табылу міндетін қойды. Осы орайда ел территориясын талмай зерттеп, қандай мүмкіндіктеріміз барын саралаған бір топ ғалым-геологтар Қазақстанның мемлекеттік сыйлығына да ие болды. Сол зерттеулер нәтижесінде Атырау алқабының әлі ашылмаған тылсым сыры көп екені анықталды. Демек, «Атыраугеоконтроль» ЖШС-і алдына да мерейлі міндеттер жүктелмек. Іргелі істі мәреге жеткізуге ол да сүбелі үлес қоспақ. Ал, 2013 және 2015 жылдары Қазақстан бойынша алтын рейтингісін иеленіп, «Сала көшбасшысы» атанған компанияның бұл бағытта сапалы қызмет атқаруына мүмкіндігі мол. Оның үстіне, ұжымды бірнеше мәрте түрлі деңгейдегі Алғыс хат пен Құрмет грамоталарын алған тәжірибелі маман, білгір ұйымдастырушы Жалғасбай Сүлейменов басқарып отыр.

Сөз соңында аймаққа танымал азаматтың отбасы туралы да бірер сөз айтқанды жөн санадық. Өкінішке орай, жары Светлана Оразбаева өмірден өткенімен, ері екеуі үш ұл мен бір қызды тәрбиелеп үлгерді. Бүгінде ұлдары аймаққа танымал азаматтар болып жетілді. Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық-техникалық университетін тәмамдаған Нұрбек –  «Атыраугеоконтроль» ЖШС-і бас директорының орынбасары. Манарбек жеке кәсіппен шұғылданады. Ал, Асхат – «ОрдаМұнай» компаниясының директоры. Мейрамхана мен қонақ үй бизнесінде де із қалдырған. Жалғасбай Ерғалиұлы солардан өрген алты немеренің ардақты атасы.

Міне, аймақ геофизиктері еліміздің мұнай-газ саласын дамытуға осылай сүбелі үлес қосуда. Жоғарыда айтқанымыздай, бүгінде геологиялық іздестіру шараларына ерекше көңіл аударылып отыр. Еуразия жобасынан үлкен үміт бар. Мұндағы ұңғыманың жобалық тереңдігі 10-15 мың метр. Кешегі күллі кеңестік кеңістікте мұндай меже алынбаған. Республикада 131 млрд. отын қоры бар екені дәлелденген. Таяу уақытта жылына 130-150 млн. тонна «қара алтын» өндіру жоспарлануда. Міне, соның бәрі салаға соны серпін береді. Жалпы, дүние жүзін дүрбелеңге салған экономикалық тоқырау Қазақстанды да айналып өтпегенімен, 2015-2016 жылдары геологияға 120 млрд. теңге бөлу мүмкіндігі табылды. Сөйтіп, жаңа алаңдар зерттелуде. Соның ішінде Атырау мен Маңғыстау облыстарында 15 шақты кенішті игеру міндеті тұр. Республиканың батыс өңірі бұрынғыша көмірсутегі шикізатына бай аймақ ретінде өзінің көшбасшылық деңгейін сақтап қалмақ. Қашағанның өнімін алу, Теңіз кенішін игеруді жалғастыру тәрізді ірі жобалардың қолға алынуы әлем назарын да бері аударады. Міне, осы істердің басы-қасынан «Атыраугеоконтроль» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіде табылары сөзсіз. Ендеше, жергілікті геофизиктерге тек сәттілік тілейміз.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған