
Газдалған сусын – өзімізден
Өңірде газдалған сусындар өндіретін алғашқы кәсіпорын – «Assu Company» ЖШС өз жұмысын қарқынды жүргізіп келеді. Құрылымның негізі 2023 жылы қаланғанымен, шағын зауыт жақында ресми түрде ашылып отыр.
Жобаның басты мақсаты – отандық өнімді дамыту арқылы нарықтағы бағаны тұрақтандыру және сырт аймақтар мен шетелден жеткізілетін өнімдердің логистикалық шығындарын азайту.
3000 шаршы метрден астам аумақты алып жатқан зауыттың негізгі өндірістік желісі 80 метрге созылып жатыр. Сусындар табиғи қоспалар негізінде дайындалады, ал қаптама ретінде қайта өңделетін экологиялық таза пластик қолданылады. Бұл компанияның қоршаған ортаға деген жауапкершілігін айқын көрсетсе керек.
Компания іске қосылғанға дейін Атырау облысы газдалған сусындар бойынша басқа өңірлер мен елдерге тәуелді болса, енді бұл қажеттіліктің 20 пайызы жергілікті өніммен қамтылып отыр. Биыл өндіріс тестілеуден сәтті өтіп, сапа мен көлемді арттыруға жол ашылды.
Өткен жылы зауытты іске қосу үшін компания «Қазақстан Халық банкі» АҚ-нан 150 млн. теңге несие алған болатын. Бұл қаржы жылдық 20,25 пайыз мөлшерлемемен берілсе, оның 12,25 пайызын мемлекет субсидиялады. Ал қалған 8 пайызын кәсіпкер өз мойнына алды. Қаражат өндірістік құрал-жабдықтар мен шикізат сатып алуға бағытталған.
«Assu Company» ЖШС «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының қолдауымен жаңа деңгейге көтеріліп, жылына 6 млн. дана өнім шығаруға қауқарлы қуаттылыққа жеткен. Бастапқыда небәрі 5 адам еңбек еткен өндірісте бүгінде 30-дан астам маман тұрақты жұмыспен қамтылған. Олардың қатарында инженерлер, автоматтандырылған желілер операторлары мен өзгелері бар.
Қазіргі таңда өнім Атырау облысындағы көтерме сауда клиенттері мен дүкендерге жөнелтіліп, Ресей нарығына да экспортталуда. Келешекте экспорттық бағытты кеңейту жоспарланған.
Компанияның болашақ жоспары да ауқымды. Алдағы екі жылда салқын шай мен ашыған сүт өнімдерін өндіретін автоматты желілер іске қосылмақ. Бұл тұтынушыларға ұсынылатын өнім түрлерін көбейтіп қана қоймай, жаңа нарыққа жол ашады.
А.МҰРАТҚЫЗЫ


