Газ тұтынуда кедергі болмайды

ekm 6783 Жаңалықтар

Жұма күні өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз клубында кезекті брифинг өтті.  Оған «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Атырау өндірістік филиалының директоры Мақсот Әбуов келді.

ekm_6783

Осыдан төрт жыл бұрын құрылған филиалдың атқаратын қызметі өте ауқымды. Құрылым облыс жұртшылығының (Жылыой және Атырау қаласының Авангард мөлтекауданынан басқа) табиғи газбен қамтылуын қамтамасыз етуде.

– Тоғыз автоматтандырылған газ тарату бекеті бар. Сонымен қатар, қысымды тиісті деңгейге түсіретін газ тарату қондырғыларының жалпы саны 7,8 мыңнан астам. Бүгінгі таңда Атырау филиалының газбен қамтамасыз ету қызметін 110 мыңнан астам жеке және 3900 заңды тұлға пайдаланады. 2012 жылмен салыстырғанда, яғни филиалдың құрылған мезгілінен бері абоненттердің саны 10558-ге немесе 11 пайызға өсіп отыр, – деді Мақсот Әбуов.

Филиал басшысының пікірінше, бүгінге дейін «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ның қаражаты есебінен газдандыруды жақсартуға және Атырау өңірінің болашақта дамуына бағытталған бірқатар жобалар қаржыландырылып, жүзеге асырылған. 2015 жылы «Финская» (оң жағалау) және «Орбита» (сол жағалау) нысандарының аралығын қосатын 14 шақырымдық жоғарғы қысымды газ құбыры пайдалануға беріліпті. Ол Жайық өзенінің үстінен өтеді. Бұл ауқымды жоба жоспарлы жөндеу жұмысы кезінде халыққа газ беруді тоқтатпауға мүмкіндік береді.

Брифинг қонағы кәсіпорынның қысқа дайындығы туралы да айтты. Газ тарату құрылғылары жөндеуден өткен. Қаланың аумағы күн санап ұлғаюына байланысты қосымша газ реттегіштер орнатылған. Ол, сонымен қатар, журналистер қойған сауалдарға да толымды жауап берді. Бастысы, газдың бағасы елдің басқа аймақтарымен салыстырғанда едәуір төмен күйінде қалды. «Жергілікті атқарушы орынның ұсынысымен осындай ұйғарымға келіп отырмыз» деді құрылым жетекшісі.

Азамат Базарбаев

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз