ҒАСЫР ҒҰЛАМАсы

chchpapv Жаңалықтар

Atr.kz/14 қараша, 2019 жыл. Заңғар жазушы, сөз зергері, қоғам және мемлекет қайраткері Әбіш Кекілбаевтың 80 жылдығы республика көлемінде атап өтілуде.

Әбіш Кекілбайұлы – Халық жазушысы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының, Қазақстан Республикасы Президентінің Бейбітшілік және рухани келісім сыйлығының, «Тарлан» сыйлығының иегері, ҚР Ұлттық Ғылыми академиясының академигі, Маңғыстау, Атырау облыстарының Құрметті азаматы, «Құрмет белгісі», «Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев», «Отан» ордендерінің кавалері, «Қазақстанның Еңбек Ері» атақтары мен өзге де марапаттарға ие болғаны белгілі.

Бұл атақ-абыройлардың бәрі күні кешегі бұрынғы Гурьев облысының территориясындағы Маңғыстау ауданының Оңды ауылында қарапайым колхозшының отбасында дүниеге келіп, ауылдық мектепті үздік оқып бітірген, ақындығымен сол кездегі Гурьев облыстық партия Комитетінің I хатшысы Нұртас Дәндібайұлы Оңдасыновтың шапағатына бөленген біздің жерлесіміз Әбіштің жас шағынан тасқындаған жылдар толқынының белес-белестерімен өтіп, мерейлік жастарға жетіп тойланғанын жұртшылық біледі.

Жазушының уылжыған жастығын елестету үшін елуінші жылдардың орта кезіне көз жіберіп көрелік. Ылғи балғын жас Гурьев облыстық «Социалистік құрылыс» (қазіргі «Атырау») газетінің редакциясына жиі жиналатын. Бір күні бұйра шашты қараторы балаң жігіт имене еніп, газеттің әдеби қызметкеріне өлеңдерін ұсынады. Бұл оның облыстық әдебиетшілердің кеңесіне келген сәті болатын. Қолжазба дәптерде қауырсын қанат өлеңдер. Жанарында – үміт, жүзінде – тұнған ой.

«Мынау – болатын бала» деп бағалады іштей газет қызметкері. Сол кезден бастап Әбіш өлеңдері мен мақалалары облыстық газет беттерінен әрдайым орын алып, оқырмандарына жетіп жатты. Иә, Әбіштің өлеңдері «Социалистік құрылыс» газетінде 1955 жылдан жариялана бастады. Бұл кездерде Атыраудың жас ақындары Фариза Оңғарсынова, Меңдекеш Сатыбалдиев, Марат Ысқақов, Рахмет Иманғалиев және т.б. өлеңдері газеттің «Әдебиет бетінде» үнемі жарық көретін.

Аталмыш газет 1956 жылы жас ақындардың өлеңдерінен құрастырылған «Алғашқы қадам» атты кітапшаны облыс баспаханасынан басып шығарды. Онда облыс халқына қаламгер ретінде танылып қалған Жұмаш Нақпаевтың, Шөпенғали Дәуеновтің, Төлеубай Ысқақовтың, Жәрдем Тоғашевтің, Марат Ысқақовтың өлеңдерімен қатар әлі мектеп қабырғасында жүрген Меңдекеш Сатыбалдиевтің, Фариза Оңғарсынованың, Әбіш Кекілбайұлының өлеңдері оқырмандарды сүйсіндірген болатын.

1957 жылы Қазан төңкерісінің 40 жылдығына орай ұйымдастырылған ақындар айтысына Маңғыстау ауданынан халық ақыны, қарт жырау Сәттіғұл Жанғабылов, жас ақындар Рахмет Иманғалиев, Әбіш Кекілбаев қатысады. Сол айтыста шәкірт Әбіш жүлделі орынға ие болады. Айтыс жырлары газет бетінде жарияланады. Айта кетер бір жай, жас талапкерлерді тәрбиелеп, қаламгерлікке бағыт сілтеуде облыстық газеттің елеулі орны болды. Қазақ әдебиетінің Әбіш, Фариза, Меңдекеш сынды тарландары Қабиболла, Марат секілді үлкен өкілдері – осы газеттен түлеп ұшқандар.

Әбекеңнің қаламгерлігі мектеп қабырғасынан бастау алады. Елуінші жылдардың орта кезеңінде «Лениншіл жас» газетіне бір автордың мақаласы келіп түседі. Материалдың тақырыбына, көтерген мәселесінің салмақтылығына қарап, редакция оны газет бетіне жариялаған. Мақала астанада қоғамдық пікір туғызады да, зиялы қауым оның авторының кім екенін сұрастыра бастайды.

Сөйтсе, ол Гурьев облысының шалғай ауылындағы сегізінші класс оқушысы екен. Ол бір қазақ жазушысы мен бір орыс жазушысының екі кітабын қатар оқыпты. Шәкірт екеуінің бір-бірінен көшіріп алғанын байқайды. Тоғызыншы класта оқитын әдебиетқұмар бала екеуі әдебиеттегі ұрлықты айтып мақала жазады. Ол әдеби қауымды біраз дүрліктіріпті. Әбіш мақалалары одан бұрын да жарияланған екен.

Бесінші класта жүргенде аудандық газетке «Екпінді егін екпей ме?» деген мақаласы шығады. Ол колхоз басқармасында талқыланады. Мәжіліске Әбішті шақырады. Басқарма мүшелері «Кекілбаевтың мақаласында көрсетілген кемшіліктерді» түгел мойындап, оны жоюдың шараларын қабылдайды. Содан дәндеген Әбіш
аудандық газет қана емес, облыстық газеттердің бетінде көп мақала жариялайды. Әбіштің қаламгерлігі осылай басталған еді.

1957 жылы С.М.Киров атындағы университеттің филология факультетіне түсіп, оны 1962 жылы бітіріп шығады. Одан арғы барлық өмір деректерін шолып өткен жөн деп білемін. Әбіш «Қазақ әдебиеті», «Лениншіл жас» газеттерінде, Мәдениет министрлігінде, «Қазақфильм» киностудиясында, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мәдениет бөлімінде жылдар бойына жұмыстар атқарып келіп, сексенінші жылдардың орта кезінен бастап Қазақ ССР Мәдениет Министрінің орынбасары, Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының екінші хатшысы, Қазақ тарих және Мәдениет ескерткіштерін қорғау қоғамы Орталық кеңесі төралқасының төрағасы сияқты жоғары лауазымды қызметтер атқарады.

Қазақ елі тәуелсіздікке қолы жетіп, егемендік алғаннан кейін, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы, Қазақстан Республикасының Парламент депутаты, Жоғары Кеңестің төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы, Қазақстан Республикасы Парламентінің сенат депутаты болып қызметтер атқарады.

Әбіш Кекілбайұлы осыншама қоғамдық мемлекеттік жұмыстарды жан сала атқара жүріп, өзімен дүниеге бірге келген сөз өнерін жүрегінде тербетумен болды. Оқушы кезінде алғашқы адымдар жасаса, студент атанғаннан кейін әдебиетке дендеп кірісіп, әуелі қазақ қаламгерлерінің, оған ілестіре орыс әдебиетінің, шетел әдебиетінің інжу-маржандарымен танысады.

Әрбіреуінен ой түйеді, әрбіреуінен үлгі алады, әрбіреуінің сырлы тұңғиығына сүңгиді. Осының бәрінде ол болашақ қаламгерлік әлеміне шым-шымдап нәр жинайды. Ол әлемдік поэзия, проза, драматургия маржандарын жүрегінің алтын қазына қоймасына жинай береді. Біз өзінің шығармашылығы Әбекең поэзиядан бастады дедік.

Бірақ, бір айта кететін жай, ол поэзия мен прозаны қатар ұстап, студенттік ғұмырын өткізгенін білеміз. Студент Әбіш буырқанған бұла күшін бойына сыйғыза алмай, жыр да жазды, прозалық шығармалар да тудырды, сыншылықпен де айналысты. Оған куә «Алтын шуақ» өлеңдер жинағы. «Алтын шуақ» шынында да өзінің заты атына сай жинақ болып, Тұманбай, Қадыр, Жұмекен, Мұқағали, Төлегендердің тағы бір ізбасары дүниеге келгенін жария етті.

Поэзияға сын көзбен қарап жүретін Қадыр Мырзалиев айқайлап, бөркін аспанға атты. Прозадағы студенттік кездегі жетістігін жылдар өте Мұхтар Мағауин еске алып: «Әбіш екеуміз әңгімені жарыса жазғанда, ол менен озып кетті» деген болатын. Университеттегі әдебиет үйірмесін басқара жүріп, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің романын талдап сөйлеген сөзі әдебиетіміздің бір шежірелік дерегі болып қалды. Әбекеңнің алғашқы «Ажар» атты әңгімесінен бастап жазылған әңгімелер тізбегін айтсақ, бір-бір классикалық туындысы десе болар.

«Аш бөрі», «Ең бақытты күн», «Галстук сатушы қыз», «Көлденең көк атты», «Есболай», «Тасбақаның шөбі», «Керек адам», «Міне, керемет», «Ақырғы аялдама». Бұл әңгімелердің әрбіреуінің астарында адам тағдыры жатыр. Олардағы әр кейіпкердің арман-мүддесі, қым – қуыт өмірі, махаббаты, сырлы жан дүниесі қызықты суреттеледі. Проза жанрын қазақ әдебиетінде құдіретті биік өнерге айналдырған Б.Майлин, Ж.Аймауытов, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин іргесін қалап, шаңырағын биіктеткен, Ә . Н ұ р п е й і с о в , Ш . М ұ р т а з а , Т.Ахтанов, З.Қабдолов, Б.Соқпақбаев, С.Шәймерденов жалғастырған прозаны дамытқан жазушылардың бірі Әбіш Кекілбаев болды.

О қ ы р м а н д а р ж а з у ш ы н ы ң шығармаларын оқып отырып, ерекше толғанысқа кенелді. Себебі сол кездегі жас қаламгердің қалам тербелістері өзінен бұрынғы салынған дәстүрді жалғастыра және жаңарта келді. ХХ ғасырдың бірінші жартысында басталған тебіреністі «парасатты проза» аса қуатты айшықтармен көрінді. Әбіш алғашқы әңгімелеріне ілестіре болмысы бөлек хикаяттардың сериясын тудырды. Оқырман қауым жас жігіттің қалам сілтесіне елең етті, себебі шын мәнісінде «Шыңырау», «Бәсеке», «Күй» «Ханшадария хикаясы» бірден елді баурап алған болатын.

Бұл шығармалардың адам жанын тылсым тіндерге ұштастырып, оқырман қиялын биік қиырларға сілтегендей. Әр шығармасын оқыған сайын тоқсан толғанысқа түсіргендей. Бұл шығармаларда қазақ жерінде алуан тарихи оқиғалар өткенін қолға ұстатқандай суреттеп, қазіргі заманның шындығына әкеп жалғастырғандай ғажапқа қалдырады. Бұл хиқаяттарды оқып отырып, шетел корифейлері Оноре де Бальзак, Эдгар По, Ги де Мопассан, Проспер Мериме, Стефан Цвейг, Джек Лондон хикаяттары еске түседі.

Әбіш хикаяттарын шетел классиктерімен салыстыра қарап, олардан әлдеқайда биік тұрған шындыққа көз жеткізгендей болдық. Қаламгердің қазақ әдебиетінде өзіндік үнімен, идеялық құпияларымен көркемдік қасиеттерімен көрінген, шындықты бейнелеген хикаяттары «Автомобиль», «Құс қанаты», «Бір шоқ жиде», «Шеткері үй», «Бәйгеторы» болып есептеледі. Осы таңғажайып хикаяттарынан кейінгі Әбіштің тұңғыш романы 1974 жылы «Жұлдыз» журналында жарияланған «Махаббат мұнарасы» әдебиет сүйер қауымға тағы бір сілкініс жасады.

Кейіннен бұл романның аты «Аңыздың ақыры» болып өзгертілді. «Аңыздың ақыры» жетпісінші жылдары дүниеге келсе, сексенінші жылдары «Үркер», «Елең-алаң» романдары туды. Үшеуі де тарихи роман. «Аңыздың ақыры» Ақсақ Темірдің заманы бейнеленген құдіретті хан романда Алмас хан образында көрінсе; «Үркер» мен «Елең-алаңда» ХVІІІ ғасыр шындығы бейнеленіп, бел ортасында Кіші жүз ханы Әбілхайыр тұлғасы суреттелген.

Соңғы екеуі қазақ тарихының бір кезеңін қопара суреттеген эпопея. Үш романды Әбіш шығармасындағы «үш алып» деп атаса болады. Бұл романдарды талай сыншылар да, зерттеушілер де тілдеріне тиек етті. Алуан түрлі ойлар өрбіді. Қанша пікірлер айтылса да, бұл «үш алып» халықты әлі табындырумен келеді. Бұл романдарды қазақ әдебиетінде шыңдарына қарлы боран үйіріп, бұлт ораған үш алып тау деп білеміз.

Сыншы-альпинистер олардың шыңына ту тігу түгілі, ол таулардың етегінде өскен шыршалардың арасында адасып жүр. Бұл туындылар асыл сөз гауһарларынан сомдалған. Қасына жақындағандар миллион спектрлі сәулелерінен көзі ұялып, жанына жуи алмайды. Демек, бұл алыптардың сыры ашылмай келеді. Олар әдебиетте әлі бағасын алған жоқ.

Бір білетініміз Әбіштің «Аңыздың ақыры» мен хикаяттарын шетел тіліндегі аудармасын оқыған шетелдіктер таңғалып, Әбішті «ХХ ғасырдың ең таңдаулы көрнекті жазушыларының» қатарына қосуға мәжбүр болды. Бұл – біз үшін үлкен мақтаныш. Әбіш қаламынан туған көсемсөз, соны мақалалары мен баяндамаларының басын біріктіретін кітаптарының және тарихи зерттеулерінің орны бір төбе.

Олар: «Ұйқыдағы арудың оянуы», «Тырау-тырау тырналар», «Дәуірмен бетпебет», «Заманмен сұхбат», «Азаттықтың ақ таңы». «Шандоз» тарихи баяны, «Абылай хан» тарихи драмасы, «Дүниеғапыл» жырлар жинағы тағы бар. Жазушы шебер аудармашы екендігін шетел, орыс әдебиеті классиктерін қазақ тіліне нұсқалы аударуымен көрсетті .

Әбекеңнің аса зор саяси және мемлекет қайраткерлігі еліміз егемендік алғанда ерекше көрінді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Еңбек Ері» атты Алтын жұлдызды тапсырып тұрып айтқан мына сөзі Әбекеңе берген бағасы деп білеміз: «Басқару дегеніміз – түзеу» деп, Конфуций данышпан айтқандай, біз қателесе жүріп, түзедік, түзелдік.

Бірімізден біріміз үйрендік. Бірімізге біріміз сабақ бердік. Сөйтіп, Тәуелсіздіктің тал бесігін тербетіп, балаң бостандықтың бесік жырын маршқа айналдырдық. Ол «Менің Қазақстаным» болып асқақтады. Сол халықтық хордың жеке дауысты орындаушысы болған шағымда Әбекең де қасымда болды. Сенімді дос, серіктес жолдас, сезімтал бауыр бола алды. Шіркін-ай, осындай қазақ көбірек болса екен деп тілеймін».

Иә, Әбіш Кекілбайұлы Елбасына деген, елге деген қызметін, көмегін халық алдында, парламент мәжілістерінде парасатты сөйлеуімен жүзеге асырды. Әбекеңнің шешендігі, сөзінің асылдығы, ғұламалығы, білімдарлығы бүкіл қазақ халқын таңғалдырды. Мінбеде Әбіштің сөз сөйлегендегі бейнесі мынадай болатын:

«Ол көсіліп сөйлеп тұр. Үлкен зал толы халық түгелдей ұйып тыңдауда. Шыбынның ұшқан ызыңы естілердей. Қиыннан қиысқан логика, кестелі сөз, келісті дауыс мәнері, бұлақтай сылдыраған мөлдір ой құлақтың құрышын қандырады. Жүректен құйылған қоңыр үн сана төрінде күмбірлейді. Ол қиялды бірде биік қиянға алып ұшады, бірде сұлу әлемге енгізеді, терең сезім құшағына бөлейді. Әр адам демін ішінен алып, шалқар шабыт тұтқынына түскен. Бір сағат бойына тылсым тіршілік сырынан нәр татқандай. Бұл телегей теңіз шешендік құдіреті еді».

Академик З.Қабдоловтың Әбіш туралы айтқан лебізі халық аузында жүр: «Әбіш – менің кемеңгер шәкіртім!» Ұстаз көкірегінен жарқ етіп шыққан шынайы, қанатты сөзді еріксіз қостадық. Тағы да замандасы Мырзатай Жолдасбековтің Әбіштің тірі кезінде айтқан мына сөзі ел аспанында қанат қағады: «Әбіш – Маңғыстаудың тірі әулиесі!» Бұл айтылғандар Әбіштің ғұламалығы мен пірлігін мойындаған халық ойы еді. Шіркін, Әбекең туралы айта берсек, сөз таусылмайды-ау!

Бір жазушының тілшімен сұхбатын оқыған едім. Тілші: «XXI ғасырда қазақ әдебиеті қандай дәрежеде болады деп ойлайсыз» дегенде, әлгі жазушы: «XXI ғасырда қазақ әдебиеті дүние жүзі әдебиетінің алдына шығады. Сонда оның басында мен жүремін» – депті. Осыны оқығаннан кейін: «Ол қасиетті орынды ХХ ғасырда-ақ, Әбіш Кекілбайұлы алып қойғанын мына шіркін сезбейді-ау, шамасы», – деген ойға келдім. Әбіш Кекілбаев, XXI ғасырдағы әдебиеттің көшбасшысы болды. Ешкімнің таласы жоқ!

Қадыр ЖҮСІП,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз