Ганюшкиндегі мектепке сыншының есімі берілді

4269d9b640bfc057b8dbbca38ce962d2 Білім

Көптен бері көтеріліп келе жатқан мәселе ақыры оңды шешімін тапты. Ганюшкин мектеп-жатақханасына сыншы, әдебиет зерттеушісі, Қазақстан Республикасы  мемлекеттік, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері  Зейнолла Серікқалиевтің есімі берілді.

4269d9b640bfc057b8dbbca38ce962d2

Салтанатты шарада сөз сөйлеген аудан әкімі Бибоз Шаяхметов елге белгілі тұлғаның  есімін ұрпақ жадында мәңгілікке қалдыру бағытындағы жасалған жұмыс екенін айтты.

Аталмыш жиынға ҚР Парламенті Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегенов қатысып, тарихи сәттің куәсі болды. «Зейнолла Серікқалиев ағамыздың туғанына 75 жыл толуына орай Алматы қаласында да үлкен кеш ұйымдастырылып, осы өңірден сайланған депутат ретінде мені соған қатысуға шақырды. Жазушыларды құрметтеу, есте қалдыру мақсатымен әр облыста, өңірде өткізілетін шараларға қатысып жүріп, сыншы ағамыздың өте ерекше жан, қайталанбас тұлға екеніне көзім жетті. Қазақстанның қай жерінде де  әдеби сыншылардың арасында болған  әңгімеде бұл кісінің есімі құрметпен аталып, әділдігі, турашылдығы, өз саласын терең меңгерген майталман маман екендігі жиі айтылады. Бүгін сол ағамыздың есімі ауданымыздағы 50 жылдан астам тарихы бар  үлкен білім ұясына беріліп отыр екен. Осы топырақта дүниеге келіп,көзі тірі кезінде мойындалған, қоғамнан өзінің айшықты орнын алған Зейнолла ағамыздың есімі ұлығыланып жатқаны бәріміз үшін мерей, – деді ол.

Мектеп-жатақхананың жаңа атауы жазылған тақтайша  лентасын қию құрметі Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегенов пен аталған білім ордасының озат оқушысы Ерғанат Әділжановқа бұйырды.

Одан әрі ардагер ұстаз Мүлкат Шапхатова, 10 сынып оқушысы Аягөз Қалиева сөйлеп, ризашылықтарын жеткізді. Шара Зейнолла Серікқалиұлы  атындағы мектеп-жатақхана ішінде жалғасын тауып, оқушылар З.Серікқалиев туралы жазылған өлеңдерді оқыды. Кітап көрмесі таныстырылды. «Өнеге сабағы» өткізілді. Зейнолла ағамыздың туыстары  Зәуре Лұқпанова, Сағынжан Рахимов және Қазақстанның Құрметті журналисі Таңатар Дәрелұлы өз пікірлерін білдіріп, әсерлі естеліктерді  әңгімелеп берді.

 

Мұрат БИСЕНҒАЛИЕВ,

Ганюшкин мектеп-жатақханасының директоры:

«Тау тұлға еді»

–  Зейнолла Серікқалиевпен үш мәрте кездескенмін. Ол кісінің  бойынан тектілік сезіліп тұратындай. Білімі терең, тегеурінді адам екенін кітаптарымен танысқанда біліп, шығармашылығына деген қызығушылығым оянды. Білім ордасына белгілі тұлғаның есімі берілуі – үлкен мерей, әрі жауапкершілік дер едім. Оңды істің басы-қасында жүріп, атсалысқан барша азаматтарға ұжымымыз атынан ризашылық білдіремін. Алдағы күндері мектебімізде Зейнолла Серікқалиевке арналған бұрыш ашып, шағын мұражайын жасақтауды жоспарлап отырмыз. Зейнолла оқуларын ұйымдастыру да ойда бар.

Қанат ҒҰМАРОВ.

Құрманғазы ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз

  1. Риза Әлмұханова

    Зейнолла ағай керемет адам еді, сабырлы, салмақты, білімді. Жаны жаннатта болсын.