«ГАЛАКТИКА САҚШЫЛАРЫ» – ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ

Қазақ тіліне аударылып, Қазақстан прокатына өткен айдың соңында шыққан «Marvel» студиясының «Галактика сақшылары» фильмі еліміздегі барлық кинотеатрларда көрермен назарына ұсынылуда.
 
Осымен отандық кинонарыққа бейімделген тоғызыншы голливудтық жоба «Болашақ» қауымдастығы және «Нұр Отан» партиясының қолдауымен іске асқан. Бұл жобаны еліміздегі үлкен мәдени жаңалық деуге әбден болады. Өйткені, алғаш рет Голливуд фильмі ағылшын тілінен тікелей қазақ тіліне аударылып, әлемдік премьера негізінде көрерменге жол тартты. Дубляж режиссері – Тимур     Балымбетов.
 
Фантастикалық жанрға негізделген фильм желісі 1988 жылы басталады. Анасынан айырылған Питер Куилл есімді бала фильмдегі басты рөлдердің бірін сомдайды.
Облыстық әкімдіктің қолдауымен «Атырау» ойын-сауық орталығындағы «Chaplin» кинотеатрында ата-ана қамқорлығынсыз қалған, мүгедек, әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан барлығы 120 балаға аталған киноны көруге мүмкіндік жасалды. Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов бастаған топ та қазақ тіліне аударылған фильмді балалармен бірге тамашалады.
«Бұл игі шараның басты мақсаты – қазақ тіліндегі туындыларды өскелең ұрпаққа жеткізу. Балалар шетелдік киноларды тек орыс тілінде ғана көрмеуі керек», – дейді ұйымдастырушылар.
Бүкіл галактиканы бір-ақ сәтте жойып жіберер күші бар құпия сфераны қолға түсіру жолында кезіккен көптеген тартыс, бір-біріне мүлдем ұқсамайтын бес кейіпкердің достасып, бүкіл әлемнің қожасы болуды көздеген Ронанға қарсы шабуылы, әзіл-әсерлі қалжыңдар – бәрі-бәрі балалардың жүзіне қуаныш әкеліп, қызығушылықтарын арттырды.
Айгүл ЕРТІЛЕУ.
Суретті түсірген
Айбек Сакембаев.
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз