ЕСКІ КЕНІШТЕРДІҢ ЕКІНШІ ТЫНЫСЫ АШЫЛАДЫ

Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов елдегі бірқатар жобаларды он жылдан бері табысты іске асырып отырған «Petrofac» компаниясының өкілдерін қабылдады. 
Нақтырақ айта кетсек, Ұлыбритания премьері Дэвид Кэмеронның Қазақстанға сапарынан соң, аталмыш «Petrofacтың» «ҚазМұнайГаз» компаниясымен арада өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойғандығы белгілі. Аталмыш құжат «ҚазМұнайГаз»-дың еншілесі болып табылатын «Ембімұнайгаз» компаниясының ескі кен орындарында мұнай өндіруді және өндірістің тиімділігін арттырудың мүмкіндіктерін зерттеуге жағдай жасайды. Яғни, «Petrofac» «Ембімұнайгаз»-дың көнерген кен орындарында мұнай өндіру көлемін ұлғайтуға жұмыстанатын болады. Осы мәселе төңірегіндегі компания ұсыныстарының өзектілігін атап өткен облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов басты мақсат табысты жұмыс жүргізу екендігін айтты.

Өз кезегінде «Petrofac» компаниясының бизнесті дамыту жөніндегі вице-президенті Джонатон Поппер аталмыш мекеменің инженерлік, құрылыс, пайдалану және техникалық қызмет көрсету бойынша құрылымдық бөлімшелерінің елімізде табысты жұмыс істеп келе жатқандығын, бұған дейін «Қашаған» жобасында қызмет көрсетумен айналысқандығын айтты. 
«ҚазМұнайГаз»-бен арадағы Меморандум ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа ұласатынына сенемін. Бұл құжат бізге стратегиялық маңызды өңірдегі ескірген кен орындарында өндіру көлемін арттыруға бағытталған шараларды басқаруға және техникалық қолдаумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді» деп атап өтті ол.
Одан әрі қос тарап өзара жобалау жұмыстарын талқылады.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.
Суретті түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз