Ерлі-зайыпты Қазақстан полициясының құрдастары

hbefdnxmc Жаңалықтар

Биыл қазақ полициясына – 30 жыл. Қазақстан полициясы тәуелсіздікпен жарыса жүріп, өтпелі қиындықпен дербестікке жетті. Қазақстан полициясының құрдастары  Мейрамбек пен Фаиза -30 жаста. Мейрамбек 2016 жылы ата ізін жалғап құқық қорғау қызметінің бір ұшын ұстауға, еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігін сақтау үшін полиция қатарына қосылған. Жолдасы Файза полиция капитаны. Ол полициядағы кәсіби шеберлігімен қатар қазақша күрес, дзюдо спорт түрлерінен ҚР спорт шебері. Ерлі-зайыпты тәртіп сақшылары бір қызметте қол ұстасып 6 жылдан аса қызмет атқарып келеді.

– Полиция қызметкері болу біз үшін үлкен мәртебе, асқан жауапкершілік – дейді полиция капитаны Мейрамбек Нығметов.

 «Атадан бала туса игі, ата жолын қуса игі», демекші, ата кәсіпті абыроймен жалғастырып келе жатқан біздің бүгінгі кейіпкеріміз ерен еңбектің үлгісін көрсетіп жүр. Мейрамбек Нығметов атасы қызмет еткен Индер аудандық полиция бөлімінде учаскелік полиция инспекторы қызметінде. Нығметовтер әулеті төрт ұрпақ бойына Ішкі істер саласында қызмет етіп келе жатыр.  Мейрамбектің отбасында әкесінен басқа туысқандарының барлығы дерлік Ішкі істер саласының қызметкерлері. «Әрқашан адамгершілік қасиетті биік ұстап, әділ болындар. Алдарыңа дұрыс мақсат қойып, орындай біліңдер» деген ата сөзін өмірлік ұстанымымызға айналдырдық» дейді полиция инспекторы.

-Осы салаға 2016 жылы қызметке келдім. Ата-әкелеріміз, ағаларымыздың жолын қуып, осы ата кәсіптің бір ұшын ұстауға, еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігін сақтау үшін осы саланы таңдадым. Жұмыс барысы оңай деп айтуға келмейді. Аудан тәртібін бақылауда көптеген жұмыстар атқарып жатамыз. Бос уақыт деген нәрсе бізде бола бермейді. Бар бос уақытымды отбасымның, балаларымның жанында өткіземін. Жолдасым Әділбаева Файза Әзидоллақызы да осы аудандық полиция бөлімінде қызметте.

Атырау облысы Индер ауданы полиция бөлімі Жергілікті полиция қызметі бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Мейрамбек Нығметов, аудан халқының тыныштығын қамтамасыз етуде, қоғамдық тәртіпке қосқан үлесі үшін облыс әкімі, аудан әкімдігінің алғыс хаттарымен марапатталған. Полиция инспекторы атадан-балаға, немереге жалғасқан бұл мамандықты абыроймен атқару үлкен мәртебе – дейді.

Полиция капитаны Фаиза Әділбаева Индер аудандық Полиция бөлімінің Кәмелетке толмағандар жөніндегі учаскелік полиция инспекторы қызметінде биыл жетінші жыл жұмыс істейді, басшылары атап өткендей, өзін жағымды жағынан көрсетіп үлгерген. Полиция капитаны кәсіби шеберлігімен қатар қазақша күрес, дзюдо спорт түрлерінен Қазақстан Республикасының спорт шебері. Сонымен қатар, елімізде өткен бірнеше чемпионаттардың жеңімпазы.

Полиция қызметкеріне қашан да қайсарлық керек деп есептейтін полиция капитаны жұмыста көпге үлгі қызметкер, отбасында сыйлы жар және аяулы ана.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз