
Еркіндікке бастаған егемендік
Республика күні қарсаңында елге белгілі тұлғалар тәуелсіздік жылдарындағы ел дамуының басты кезеңдері, жетістіктері мен бүгінгі маңызды мәселелері туралы ой пікірлерімен бөліскен болатын. Мұнда мемлекет дамуының әр кезеңі сараланып, оны жаңа мазмұнда дамытудың жолдары айтылды.
1. Егемендік алған сәттен бері Қазақстанның даму жолында ең маңызды тарихи белес қандай оқиғалармен байланысты?
2. Бүгінгі Қазақстанды 1991 жылмен салыстырғанда қандай ең басты жетістіктермен сипаттар едіңіз? Қоғамның, экономиканың, мәдениеттің сапалық өзгерістерін байқадыңыз ба?
3. Егемен елдің ертеңі – жастар. Сіздің ойыңызша, қазіргі ұрпақтың басты міндеті мен жауапкершілігі неде?
4. Тәуелсіздіктің 30 жылдан астам кезеңінде ұлттың рухани болмысы, тілі мен мәдениеті, ел бірлігі қалай өзгерді деп ойлайсыз? Қай бағытта әлі де күшейту қажет?
Ұлт рухын жаңғыртқан мереке
Өмірзақ ОЗҒАНБАЕВ,
тарих ғылымдарының докторы,
мемлекет және қоғам қайраткері,
Алматы қаласы (арнайы «Атырау» газеті үшін):
1.Халқымыз үшін ең басты жетістік – тәуелсіздік. Соның нәтижесінде қазақ халқы қазақ мемлекеті болып жаңғырып, үлкен үмітпен алға қарап, өз елімізде үлкен шаруаларды іске асыра бастадық. Осы жылдардың ішінде мемлекет құраушы ұлттың саны өсіп, бүкіл елдегі халықтың 75 пайызына жуықтады. Мемлекет үшін аса маңызды оқиғалардың бірі – шетелде жүрген қандастарымыздың елге оралуы. Олар елге маман ретінде келіп, ұлттық дәстүрімізді дамытатын орта қалыптастырып, үлкен еңбегімен елімізді табысқа бастауға атсалысып жатыр.
Басты жетістіктеріміздің бірі – ұлттық сезімнің қалыптаса бастауы. Біз, қазақ халқы, өзінің Отаны, өзінің елі бар үлкен мемлекетке айналдық. Бұл мемлекеттің қол жеткізген табыстарының бірі – Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болып, дүниенің екі жүздей мемлекетімен қатар отырып әлемнің ортақ мәселелерін қарайтын, талқылайтын дәрежеге жетуі. Бұрынғы кеңес Одағы құрамындағыдай бір мәселені шешу үшін Мәскеуге хат жазып, телефон шалып, жалбарынып-жалынып жататын кезең емес. Мемлекет өзінің мәселелерін өзі шешетін, өзі алға қоятын, өзі шешім қабылдайтын дәрежеге жетуі – үлкен табыс деп есептеймін.
Халқымыздың тағы бір үлкен табысы – өз еліміздің дербес саясат жүргізуі. Мысалы, Монтовидео қаласында қабылданған үлкен құжатта тәуелсіз ел болуы үшін оның жері болуы, сол жерде мекендейтін халқы болуы, сондай-ақ сол елді басқаратын мемлекеті болуы керектігі айтылған. Сонымен бірге халықаралық қауымдастық оларды мойындайтын дәрежеде болуы, сол кезде ол тәуелсіз мемлекет болады деп көрсетілген. Осы шешімдердің бәріне сәйкес келетін ел – бүгінгі Қазақстан.
2.Еліміз маңыз берген оқиға – Қазақстанның өз тарихына жаңаша қарауы. Бұл бұрынғы қызыл идеологияның улы тырнағымен бағаланатын дәрежеде емес, ешқандай кінәсіз халықты атып, асып, айдайтын көзқарастан арылған, өз тарихындағы көптеген оқиғаларға жаңаша жауап беретін деңгейге жетуі – жаңа, үлкен оқиға деп айтуымыз керек. Сол айдалып, жазықсыз жапа шеккен азаматтарды толық ақтау жөнінде Қазақстан Президенті қол қойған шешім бар. Сол бойынша елде көптеген үлкен жұмыстар жасалды. Ол адамдардың өздері өмірде болмағанымен, олардың ұрпақтары бар. Солардың алдында бүгінгі ұрпақтың қабылдап жатқан осындай саясаты мен жұмысы – үлкен мәні бар тарихи шаруа деп есептеймін.
3.Жастар мәселесі туралы айтқанда, тәуелсіздік дербес ел жаңаша ойлайтын ұрпақтың пайда болуына маңыз беріп отыр. Сондықтан қазір қазақ елінде жаңаша ойлайтын ұрпақ қалыптасып келеді. Шетелдің көптеген мемлекетінде оқып, білім алған жаңа ұрпақ келіп, біздің тіршілігімізге, тұрмысымызға, өмірімізге қосылып жатыр. Сонымен қатар ұрпақ тәрбиесінде ерекше мән беретін мәселе – жаңа мазмұнды білім беру. Тәуелсіздіктің 34 жылында 17 Білім министрі ауысыпты. Жуырда 18-інші министр тағайындалды. Білім сапасы осы сандарға сәйкес өсе алды ма?
Оңтүстік Африка Республикасында Стелленбос университеті бар екен. Сол жоғары оқу орнына кірген жерде үлкен әріптермен «Кез-келген ұлтты жою үшін атомдық бомбаларға немесе қашыққа ұшатын зымырандарға қажеттілік жоқ. Тек білім сапасының төмендеуі мен емтихандарда оқушылардың алдауына жол берілсе болғаны…» деп жазылған екен.
Сондықтан бүгін жаңа мазмұнда білім беру, жастарды тәрбиелеу – үлкен мәнге ие болып отыр.
4.Тағы бір маңызды мәселе руханиятымыз бен болмысымыз туралы. Қазақтың тіліне, мәдениетіне деген жаңаша көзқарас қалыптасуы керек. Шын мәнінде біз өзіміздің асылдарымыздың барлығын бұрынғы дәуірде бағалай алмай келдік. Қазақтың ханы болса – ол мемлекет басқаратын тұлға емес деп бағаланды. Қазақтың білімді адамдары болса – олар сауатсыз деп бағаланды…
Ал енді олардың барлығы – өзінің ұлттық дәстүрі бар, сана-сезімі жоғары, үлкен мемлекеттің өкілдері екендігіне қазір ерекше мән беріліп жатыр. Қазақ ортасынан шыққан ұлы талантты адамдарды бағалау, олардың белгілі мерейтойларын өткізу, ас беру, халықтың санасына олардың істеген үлкен оң жұмыстары туралы баға беру мәселелері кең өріс алуда. Осындай жетістіктің бірі – Қазақстанның жеті томдық тарихының жазылуы.
Міне, сол жеті томдық тарихтың алғашқы томдары шыға бастады. Бұл – көптеген мәселелерге жаңаша, ұлттық көзқараспен қараудың нәтижесі. Көптеген жайттарды қазақ халқының талабынан туған, қазақ халқының бостандығын көрсететін мәліметтер ретінде қарастыру – жаңа тарихтың негізгі талаптарының бірі болуы керек.
Осыған қоса Желтоқсан оқиғасы, Алаш қайраткерлері секілді көптеген тарихи оқиғаларға да бүгінгі ұлттың, ұлттық мемлекеттің тұрғысынан жаңаша көзқарас қажет. Бүгінгі күнге келсек, жасанды интеллект, цифрлық технология, креативті экономика деп аталатын үрдістер – біздің елімізде де жаңаша өріс алып жатқан қозғалыс, жаңа бағыт. Бұл бүкіл әлем ұмтылып жатқан белес, шекара. Ол үрдістен біздің еліміз де кенже қалып жатқан жоқ.
Мемлекет басшысы елді алдағы үш жыл ішінде толыққанды цифрлық ел болуы керектігін айтқан болатын. Ал жасанды интеллект – цифрлық экономиканың қозғаушы күші екені анық. Бұл талапты іске асыру жастар арқылы іске асады.
Ел Президенті Қазақстан халқына Жолдауында «шикізат өндіріп, шикізат сатумен ғана күн көретін мемлекет емес, сол шикізатты өңдеп, одан өнім алып, сол өнімді шетелге шығарып, одан түсетін қаражатты елдің ұлттық экономикасын дамытуға бағыттауымыз керек» деді. Осылайша біз халықаралық нарыққа шығу мәселелерін ойластыруымыз керек.
Елде жүргізіліп жатқан үлкен бағыт – демократияны өрістету, заңның үстемдігіне қол жеткізу. Бұрынғыдай жақын-туыс, «бармақ басты, көз қысты», не болмаса сол бағыттағы саясаттардан кетіп, адал еңбекпен жаңа қоғам орнату жолындағы үлкен өзгерістер бар. Сол өзгерістердің баянды болуына ұмтылуымыз керек. Осы бағытта елімізде жасалып жатқан үлкен жұмыстардың барлығы лайықты өрісін алуы тиіс.
Қазір елімізде алға қойылып отырған үлкен міндет – 2029 жылға дейін өндірістік өнім көлемін екі есе өсіру. Бұған қосымша айтар бір мәселе – ауыл шаруашылығын өркендету. Бұл – ел экономикасын көтеретін үлкен бағыт. Соңғы жылдары кейбір ауылдық жерлерде халықтың саны азайып, кейбір ауылдар таратылды. Айталық, соңғы 10 жылда 1,5 мыңдай ауыл жойылған. Үкімет 500 ауылды «келешегі жоқ елді мекендерге» қосып отыр.
Ауыл халқының балаларын оқытуға, білім беруге мүмкіндігі бар өңірлерге көшуі – бұл да бір үлкен ойланатын мәселе.
Қазір ауылдық жерде шикізат өндірумен шектелмей, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге көп қаражат бөлініп, жаңаша саясат жүргізіліп жатыр. «Ауыл – ел бесігі». Ауыл түзелмей, ел экономикасы толық өрге басады деп айту қиын. Алынатын өнімдердің барлығы – мұнай да, газ да, басқа бағалы металдар да – ертең болмаса, арғы күні азаюы мүмкін, оны өндіру мөлшері кемуі мүмкін. Сондай кезде халықты асырайтын, экономиканы алға сүйрейтін, ұрпағын өсіретін сала – ауыл шаруашылығы. Қасиетті қара жер, оның бетіндегі өсімдік, орман-тоғай, өзен-көл – мұның барлығы елдің байлығы. Жаңа Конституцияда осының бәрі жаңа позициялармен көрсетілген. Сондықтан бұл мәселелерге үлкен мән беріледі.
Республика күні елімізде жыл сайын аталып өтетін ұлттық мерекеге айналды. Арада біраз жыл бұл айтулы күн ұмыт қалып, мерекелер тізімінен шығып қалған еді. Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайда Ел Президенті осы мерекені қайта жаңғыртуға үлкен бағыт берді. Осылайша ол бүкіл елдің ортақ мерекесіне айналды.
Саяси тұрақтылық – мемлекеттіліктің тірегі
Нұрболат НЫШАНБАЕВ,
саясаттанушы,
Алматы қаласы (арнайы «Атырау» газеті үшін):

1.Шынында да еліміз көптеген тағдыршешті кезеңдерді бастан кешірді. Соңғы отыз жылдың көлемінде мемлекеттік құрылысты сақтап қалуымыз және дәл қазіргі саяси жүйеге, саяси даму кезеңіне келуіміз үшін аса мәнді екі кезеңді бөліп айтар едім.
Біріншісі – символикалық түрде алғашқы он жылдық, яғни 1991-2001 жылдар. Бұл кезеңде біз экономикалық, әлеуметтік тұрғыда ғана емес, жалпы мемлекет ретінде қалыптастық. 2003 жылдан бастап Астанада түрлі дін өкілдерінің съездерін белсенді өткізу, халықаралық ұйымдар аясында бастамалар көтеру, үлкен сауда жолдарымен байланыс жасап, Қазақстанды Еуропа мен Азия арасындағы логистикалық көпір ретінде таныту – осының бәрі сол қалыптасудың жалғасқан көрінісі. 1991-2001 жылдар аралығы біз үшін өте маңызды болды, өйткені дәл осы уақытта Орталық Азия мен посткеңестік кеңістіктегі елдердің қандай ауыр кезеңдерден өткенін көрдік. Кез-келген мемлекеттің тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы он жылы оның болашақ жүз жылдығын айқындайды. Қазақстан, менің ойымша, сол алғашқы он жылдықта тиімді қалыпқа түсе алды.
Екінші ірі кезең – 2001-2022 жылдар аралығы. 2022 жылы ел саяси трансформация мен реформалар тұрғысынан келесі бір даму кезеңіне өткендей болды. 2019 жылға дейін «билік трансформациясы қалай жүреді, басқа Президенттер қандай саясат жүргізеді?» деген сияқты көп сұрақ тұрды. Әркім әртүрлі пікір айтса да, 2022 жылы біз нақты нәтижені көрсете алдық деп ойлаймын. Атап айтқанда, ішкі тұрақтылықты сақтай алдық, президенттік институттың төңірегінде ұйыса алдық, 2022 жылдан кейінгі саяси реформалар, әсіресе референдум – мұның бәрі біздің тек қалыптасып қойғанымызды емес, болашақта қандай Президент келсе де мемлекет ретінде жүйелі жұмыс істей алатынымызды айқындады. Саяси институттар өз қызметін толық жүзеге асыра бастады, әрі қарай дамуымыздың базалық негізі қаланды.
2.Посткеңестік елдерге жиі барып тұрамын. Қазақстанға қайта оралғанда бірден байқалатыны – біз бір мезгілде әрі демократизацияға, әрі жаһандануға кіріскеніміз анық көрінеді. Ең басты жетістік – ұлтаралық татулық. Көптеген ұлттар мен ұлыстар ортақ идеяның аясында біріге алды. Екінші жетістік – шекаралық дауларды толық шешіп алуымыз. Мысалы, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан өз шекара дауларын жақында ғана реттеді, Армения мен Әзербайжан да шекара мәселелеріне нүкте қоюға ұмтылып жатыр. Ал Қазақстан 1991 жылдың өзінде-ақ бұл бағытта жүйелі дипломатия мен нақты саяси шешімдердің арқасында ұзаққа созылар даулардың алдын алды. Демек, басты жетістіктеріміз – ұлтаралық татулық және территориялық біртұтастық.
Әр мемлекеттің кемшілігі де, шешімін күткен мәселелері де болады, бірақ ішкі қауіпсіздікті және ішкі біртұтастықты қамтамасыз ету, әртүрлі тағдырлы, этникалық тарихы мен көзқарасы әр алуан азаматтарды «Қазақстан» деген шаңырақтың астына жинап, ортақ жоба жасай алу – біздің айқын артықшылығымыз. Басқа елдермен салыстырғанда да, өз кешегімізбен салыстырғанда да осылай.
3.Орталық Азияны басқа аймақтармен салыстырсақ, мұнда жастардың үлесі көп. Жапония, Германия немесе АҚШ-пен салыстырғанда біз өсуші ұлтпыз. Әрбір үшінші азамат – жас. Аймақта жастардың үлесі 30 пайыздан асады. Бұл – болашақ жұмыс күші, жоғары бәсекелестік, инновация және тағы басқа мүмкіндіктер. Сол себепті жастардың білімі, көзқарасы, жұмыспен қамтылуы ғана емес, Отанға қатынасы, ел ішінде де, ел сыртында да Қазақстан атынан жұмыс істейтін жастардың бәсекеге қабілеттілігі – бәрі-бәрі біздің саяси тұрақтылығымызға және мемлекет ретінде кемелденуімізге тікелей әсер етеді.
Әлеуметтік тұрғыдан алсақ, 2010 жылдан кейін туған азаматтарды – альфа ұрпағын – ерекше атап өтер едім. Бұлардың ортақ қасиеті – шекара ұғымының тар аяда қабылданбауы. Олар ауыл, аудан, қала деңгейінде шектелмейді. Сондай-ақ олар үшін жеке бірегейлік, «мен кіммін?» деген сауал өте маңызды. Ұлттық бірегейлігін есте сақтай отырып, жаһандық деңгейде жұмыс істей алуға ұмтылады. Мұны қазіргі студент жастардан, мектеп оқушыларынан, 30-ға дейінгі алғашқы ересек буынның өмір салтынан айқын көреміз. Жастар Алматыда, Ақтөбеде, Атырауда отырып-ақ Малайзиямен немесе Америкамен қашықтан жұмыс істейді, кейбір компаниялар АҚШ-та тіркелген. Бүгінгі жастар үшін территориямен шектелу жоқ. Олардың потенциалын максимум қолдану, шекарадан тыс ойлау – тәуелсіздік ұрпағының басты ерекшелігі.
Тәуелсіздікті сақтау мен дамыту – әр азаматтың жауапкершілігі. Алдымен адам болашағын осы елмен байланыстыра алуы тиіс. Өзін үлкен қоғамның бір бөлшегі санауы керек. Бастысы – жауапкершілік. Жауапкершілік пен заң үстемдігі болғанда ғана еркіндік қалыптасады. Еркіндіктің де, тәуелсіздіктің де құнын білу қажет. Осында алған білім мен білігін елге жұмсау, ең бастысы – жаһандық ағында жұтылып кетпеу маңызды. Көп елдерде қазір бір тренд бар. Жас адам 20-дан аса, 30-ға жақындағанда «Мен кіммін? Қайдан келдім? Менің базалық құндылықтарым қандай? Атымды атамай-ақ өзімді қалай таныстыра аламын? Қандай құндылықтарға сүйенемін?» деген сұрақтар мазалай бастайды.
Соңғы уақытта кемінде екі-үш тіл білетін, спортпен белсенді айналысатын, негізгі жұмысынан бөлек басқа дағдыларды дамытатын, тек ауласындағы емес, қаласында, елінде болып жатқан істерге бейжай қарамайтын белсенді жастар көбейіп келеді. Дәл осы буын болашақ үлкен қоғамның негізін қалайды деп ойлаймын. Себебі олар жауапкершілікті жете түсінеді.
Орталық Азия мен Қазақстанда жастардың көп болуы 2030-2050 жылдар аралығына қарай мемлекеттің хал-жағдайын, жаһандық саясаттағы имиджін айқындайды. Еске түсіріп көрсек, 2000-жылдардың басында Оңтүстік Корея мен Жапонияда үлкен экономикалық дүмпуді жасаған толқын – негізінен 1970-1980 жылдары туған азаматтар еді. Менің ойымша, Қазақстанда 2000-жылдары туған буын 2030-2040 жылдары сондай ірі экономикалық серпіліс пен әлеуметтік өзгерістің негізін қалайды. Оның алғышарттарын қазірдің өзінде көріп отырмыз.
4.Бұл өзгерісті архив материалдарынан, 1990-жылдары шыққан басылымдардан-ақ байқауға болады. 2000 жылдарға дейін өзіңді «қазақпын» деп ашық айту, бірегейлігіңді жария көрсету онша кең таралмаған еді. Тарих көп жағдайда «табу» тақырыбы болды. Мәдени әрі рухани ерекшеліктер көбіне отбасылық деңгейде ғана талқыланып, қоғамдық деңгейде еркін айтылмады. 1990-2000 жылдарға дейінгі аралықта осы үрдістер біртіндеп өзгеріп, дәл қазір «қазақ» және «қазақ елі» деген түсініктің айналасына жинала алдық деп айта аламын.
Нақтырақ айтқанда, бүгінде Google-дағы соңғы бір аптадағы ең көп ізделетін ақпараттарды, YouTube, Instagram, Telegramдағы ең көп көрілетін бейнежазбаларды қарасаңыз – қазақ тіліндегі Қазақстан контенті алдыңғы қатарда. Қазақстанда шыққан фильмдер, бағдарламалар, қазақ тілді блогерлер жасап жүрген тақырыптар – барлығы үлкен аудитория жинап жүр. Бұл – соңғы отыз жылда болмаған нәтижелер.
Соңғы кездері бізді біріктіретін мәселелер көбейді. Қай қалада да мемлекеттік маңызы бар оқиға болса, жастар мен ересектер бір азаматтай жұмылып, оған жауап бере алатынын көреміз. Цифрлық әлемде де қауымдастықтың жылдам біріге алатыны айқын байқалды. Мысалы, жақында Орталық Қазақстанда бір азаматша даулы пікір жазғанда, мыңдаған азамат заңды жолмен реакция білдіріп, өтініштер жазып, қоғамдық бақылау көрсетті. Бұл – цифрлық кеңістікте жақсы біріге алатынымызды көрсетеді.
Енді сол онлайн бірлікті офлайн өмірде де көрсете білуіміз қажет. Сонда бізді біріктіретін мәселелер одан әрі көбейеді. Әрине, кез-келген уақытта бізді бөлуі мүмкін ықпалдар да бар. Айталық жершілдік, рушылдық, тіл мен дінге байланысты тар аяда қарау. Бірақ оларды шетке ысырып, керісінше, бізді біріктіретін құндылықтарға – отаншылдыққа, ортақ тарихқа, ортақ Конституцияға, ортақ валюта мен паспортқа, елдің өнерпаздарына, спортшылары мен ғалымдарына – көбірек ден қоя берсек, бізді ыдыратқысы келетін ықпалды күштер әлсірей береді. Оларды түбегейлі жою мүмкін болмауы мүмкін, бірақ біріктіретін идеялардың төңірегінде тұрақты жұмыс істесек, ұлттық бірлік күшейе түседі.
Түйіндей келе, тәуелсіздіктің 30 жылдан астам уақыты – ұлттың қалыптасуы мен кемелденуінің кезеңі болып келеді. Ел еңсесін тіктеп, әлемге танылған осы кезеңде жетістіктермен қатар, жаңа міндеттер де пайда болды.
Республика күні – тек тарихи дата емес, ұлттың ұйысуы мен жаңғыруының нышаны. Осы мереке барша қазақстандықтың жүрегінде тәуелсіздікке деген мақтаныш пен сенімділіктің символы болып қала береді.
Пікірлерді жазып алған Алмас ҚАБДОЛ


