
Ерекше «Құтқарушылар аялдамасы» ашылды
Атырау қаласының Геолог шағынауданында тұрғындар үшін өзгеше әрі тәрбиелік мәні зор нысан пайда болды. Мұнда бұрынғы өрт сөндіру көлігінен жасалған ерекше аялдама пайдалануға берілді.
– Бұл өңірдегі алғашқы «Құтқарушылар аялдамасы». 1988 жылы қызметтен шыққан өрт сөндіру техникасы жаңа кейіпке еніп, қоғам игілігіне қайта жарап отыр. Идеяның авторы Атырау қаласы №14 өрт сөндіру бөлімінің құтқарушылары. Олардың бастамасымен көлікті қайта құрастыру және безендіру жұмыстары бір айға созылды, — деді департаменттің баспасөз хатшысы Фаруза Қайроллина.

Расында, ескі техниканы жаңғырту арқылы орнатылған аялдаманың өзіндік ерекшелігі көп екен. Біріншіден, оның ашық әрі танымдық дизайны өрт сөндіру техникасын еске түсіріп, қала көркіне сән беріп тұр. Екіншіден, қоғамдық көлікті күтуге ыңғайлы, жел мен күннен қорғайды. Үшіншіден, балалар мен жасөспірімдер үшін қауіпсіздік мәдениетін қалыптастырудың, құтқарушылар қызметіне қызығушылық оятудың тиімді тәсілі болып отыр. Сондай-ақ, экологиялық тұрғыдан алғанда, бұл бастама ескі техниканы тиімді пайдалану арқылы табиғатты қорғауға үндейді.
Жоғарыда айтқанымыздай, аялдаманы жасауға №14 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері өз еркімен, ынта-жігерімен атсалысқан. Қала тұрғындары мен қонақтары жаңа нысанды жылы қабылдап, суретке түсіп, әлеуметтік желілерде оң пікірлерін білдіруде.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері атап өткендей, бұл тек көлік күту орны емес, сондай-ақ құтқарушылардың қоғамдағы ерен еңбегін дәріптейтін, қауіпсіздік мәдениетін насихаттайтын ерекше әлеуметтік нысан.
Майра ЕРҒАЛИ



