
Ерекше балаға қол көтерген қызметкер тергеуде
Атырау облысының Құрманғазы ауданындағы «Зейнеткерлер мен мүгедектерге әлеуметтік қызмет көрсету аумақтық орталығында» адам шошырлық жағдай тіркелді. Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбада орталық қызметкерінің дамуында ерекшелігі бар балаға қатыгездік танытып, ұрып-соққаны анық көрінеді. Бұл жайт қоғамда үлкен резонанс тудырып, жұртшылықтың ашу-ызасын тудырды.
Облыстық полиция департаменті бұл дерекке қатысты тергеу басталғанын мәлімдеді. «Тәрбиешінің екінші топтағы мүгедектігі бар балаға қатысты күш қолдану дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиға 2024 жылы болған, алайда полицияға ол туралы арыз тек 2025 жылғы 25 қыркүйекте түсті», – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Қазір құқық қорғау органдары алдын ала тергеу жүргізіп, оқиғаға қатысы бар тұлғалар мен куәгерлерден жауап алып жатыр. Бейнебақылау камераларындағы жазбалар сараптамадан өтуде. Тергеу барысында орталықтың жауапты басшылары мен қызметкерлерінің іс-әрекеттеріне де құқықтық баға берілмек.
Еркеназ ҚАЛИЖАН



