ЕР ЖОЛЫ – ЕЛ ЖОЛЫ

Атыраулық көрермендер Елбасының өміріне арналған жаңа фильмнің премьерасын тамашалады

Алдыңғы жылы Елбасының сәби шағы мен алғашқы аққанат арманы ағынан жарыла баяндалған «Балалық шағымның аспаны», ал, өткен жылы «Отты өзен» мен «Теміртау» фильмдерінің тұсаукесері тамашаланған болатын. Енді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шығармалары негізінде түсірілген «Елбасы жолы» киноэпопеясының төртінші бөлімі саналатын «Тығырықтан жол тапқан» фильмі көрерменге жол тартты. Кеше «Атырау» мәдениет кешенінде облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов бастаған өңір жұртшылығы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» акционерлік қоғамы түсірген фильмнің премьерасын тамашалады.

 

Киноэпопеяның сценарийін Нұрсұлтан Назарбаев кітабының желісімен Шахимардан Құсайынов, Рүстем Әбдірашев және Геннадий Земель сынды қазақстандық белгілі драматург-сценарийстер жазған. «Тығырықтан жол тапқан» фильмінің түсірілімі Қазақстан мен Ресейде, атап айтсақ, Астана, Алматы, Қарағанды, Теміртау және Мәскеу қалаларында жүргізілген. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өміріндегі ең маңызды кезеңнің бірі – 1973-1977 жылдар аралығында Қарағанды металлургия комбинаты партия комитетінің хатшысы қызметін атқарған кезі. Жаңа фильм бас кейіпкер – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының аталған қызметте қалыптасу деңгейін суреттейді, саясат тұғырына жаңадан қадам басқан сәттері көрермен назарына ұсынылады. Бұған дейін оның қалалық партия комитетінің екінші хатшысы бола тұра, комбинаттың партком хатшылығына ауысуын көпшілік қызмет бабында төмендеу деп түсінуі мүмкін. Алайда, сол кезде жасы отыздан асқан жас жігіт үшін бұл нағыз өсу болатын. Нұрсұлтан Назарбаев бұл қызметтің зор жауапкершілігін сезінді. Өзі де жұмысшылармен бірдей жұмысқа тікелей араласты. Уақытпен санаспады. Халықтың тағдырына, бүкіл ел экономикасының ахуалына тікелей қатысы бар мәселелерді шешу жолдарын өз мойнына алып, сол кезден-ақ мемлекетшілдіктің мектебін меңгере бастады.

Нұрсұлтан Назарбаев «Кармет» парткомының хатшылығына барғанға дейін елдегі ең ірі бұл комбинаттың жағдайы аса ауыр еді. Жобалық қуаттардың толық игерілмеуі, материалдық жабдықтардың көп ретте бос тұрып қалуы, осыған орай, өнім сапасының төмендеуі, қаладағы әлеуметтік жаңа нысандардың тым аздығы – міне, осы сияқты көптеген өткір мәселелерге жаңадан тағайындалған хатшы төзе алмады. Ол жігерлілік танытып, ештеңеден тайсалмай, аталған проблемаларды бірден көтеріп, шешу жолдарын ұсынды. Алайда, бұлар жергілікті жерде шешімін таппаған соң, мәселені Мәскеуде секретариатта, Орталық партия комитетінде көтеріп, ақыры көздегеніне жетті. Көп ұзамай қала өзгеріп, ажарлана бастады. Тұтас тұрғын үй орамдары бой көтеріп, балабақша, стадион, жүзу бассейні, сауықтыру-емдеу мекен-жайы, демалыс үйі салынды.  Фильмнің басты мақсаты да негізінен осы оқиға төңірегіндегі талас-тартысты, тіресу-күресуді сюжеттік арқау етіп алып, осы арқылы бас кейіпкердің тағдыр шырғалаңдарында шаршап-шалдықпаған қасиеттерін, Елбасы өнегесін ашып көрсету, үлгі ретінде ұсыну болып табылады.

Сюжет барысында, сонымен қатар, қазақтың аңшылық өнері де ерекше көркемдікпен келтірілген. Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасындағы бейнесін ашатын жанды штрихтар да басым. Әсіресе, Әлжан ананың ұлына, болашақ Елбасына: «Құлыным менің, сен өмірге келмей тұрғанда маған әулиелер аян беріп, жолыңның ұзақ әрі қиын болатынын, ал, арман-аңсарыңның биік болатынын айтқан. Сен жай туған жоқсың. Сен ұлы бабаларыңның көрегендік тілеуінен туғансың. Сен халықтың бағына туғансың, балам. Мен сенің биік шыңға шығатыныңды әуелден білемін. Ал, сол күндерге менің жететінім-жетпейтінім бір Аллаға аян» деп айтқан сөзінде болашақ тәуелсіз Қазақ елінің тағдыры жатыр. Яғни, Әлжан ана ұлының ел үшін туған ер екендігін бастапқыдан-ақ сезгендігін байқаймыз. 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегендігі мен жарқын болмысы көпке үлгі. Көрнекті тұлғалар ел тарихын жасайды. Сондықтан, тарих болар тұлға фильмге арқау болып отыр. Тұлғаның бойындағы бар ізгі қасиетті ашып көрсету арқылы ұлттық құндылықтарды қастерлеуге ұмтылыс жасалғаны анық байқалады. Бұл көрермен бойында да салт-дәстүрімізге деген ерекше ықыласты оятатыны сөзсіз.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз