ЕР САҚАНҒА – ЕРЕКШЕ ҚҰРМЕТ

Атырау облысының Құрметті азаматы, Социалистік Еңбек Ері Сақан Дәулетқалиевтің есімі өңірге ғана емес, бүкіл елімізге белгілі. Кеңес дәуірінде қой шаруашылығын өркендетудегі табыстары үшін омырауына «Алтын жұлдыз» тағып, қос Ленин және «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен марапатталған еңбек ардагері бүгінде 85 жасқа толды.

 

Кеше облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов Сақан ағаны қабылдап, оны мерейлі 85 жасқа толу қуанышымен шын жүректен құттықтады. «Абай атамыз өзінің жиырма тоғызыншы қара сөзінде: «Малды жерден сұрау керек, не аққан терден сұрау керек» деген жақсы ой қозғайды. Сіз сияқты маңдай терін төгіп, адал еңбегінің абыройын көрген, асыл да ардақты ағаларымызды біз қашан да мақтан етеміз. Кешегі кеңес заманында ауыл шаруашылығын дамытуға лайықты үлесіңізді қостыңыз, ал, бүгінгі тәуелсіздік жылдарында да ортамызда сыйлы, құрметке лайықты жансыз. Ендеше, бүгінгі шыққан мерейлі жасыңыз құтты болсын, мықты денсаулық, отбасына амандық тілеймін. Немере-шөберелердің қызығына бөленіп, шалқып жүре беріңіз» – деп ақжарма көңілден шыққан ізгі тілегін жолдаған Бақтықожа Салахатдинұлы өзінің Алғыс хаты мен «Құрмет белгісі» төсбелгісін салтанатты жағдайда табыс етті.

Мерейгерді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуанов құттықтап, Республикалық ардагерлер кеңесі орталық ұйымы атынан Құттықтау хат табыстады.

Бұдан соң сөз алған Сақан Дәулетқалиев облысымыздың өсіп-өркендеуіне, индустриалды-инновациялық дамуына байланысты қолға алынып жатқан игі бастамалар мен тың жобаларды халық игілігіне айналдырудағы облыс басшысының жұмыстарына сәттіліктер тіледі.

Б.ХАМИТҰЛЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз