ЕНДІ ЕЛІМІЗ ЕЛУЛІКТЕ!

ЕЛБАСЫМЫЗ АЛҒА ҚОЙҒАН СТРАТЕГИЯЛЫҚ МАҚСАТ ЖҮЗЕГЕ АСТЫ

Газетіміздің өткен нөмірінде хабарлағанымыздай, Қазақстан Бүкіләлемдік экономикалық форумының Жаһандық бәсекелестікке қабілеттілік жөніндегі биылғы жылғы бағалауы бойынша әлемдегі ең дамыған елу елдің қатарына кіріп отыр. Бұл – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың осыдан біраз жыл бұрынғы алға қойған стратегиялық мақсатының жүзеге асқандығын білдіретін ел тарихындағы аса елеулі оқиғалардың бірі. Мұндайда атам қазақ сүйіншілеп, жан-жаққа жар салатын. Алыстағы ағайын-туысқандардың бәріне ат шаптыртып, қуанышын жария ететін. Ендеше, біз де осы жағымды жаңалықты кең көлемде ақжолтай деп жеткізуді жөн көріп отырмыз.

Қазақстан Бүкіләлемдік экономикалық форумның аталған рейтингіне бірнеше жылдардан бері қатысып келеді. Мәселен, осыдан бес жыл бұрын біздің ел осы рейтинг бойынша 67-ші орында тұрған болатын. Демек, бес жылдың ішінде 17 сатыға көтерілген екенбіз. Бұл – үлкен жетістік. Егер сол кездегі бізбен көршілес, одақтас елдердің сол кездегі жағдайына назар аударатын болсақ, осыдан бес жыл бұрын Ресей – 63-ші орынды, Әзірбайжан – 51-ші орынды, Литва – 53-ші орынды, Түркия – 61-ші орынды, Латвия – 68-ші орынды, Украина – 82-ші орынды, Грузия – 90-шы орынды, Тәжікстан – 122-ші орынды, Қырғызстан 123-ші орынды еншілеген болып шығады. Ал, енді осы елдердің қазіргі жағдайына келетін болсақ, Ресей бес жылдың ішінде бір саты төмен сырғып, енді 64-ші орынмен қанағаттанған. Әзірбайжан 39-шы орынға көтерілген. Түркия 44-ші орынға табан тіреген. Эстония мен Латвия да алға басқан. Украина екі орынға төмен сырғыған. Қырғызстан 121-ші орынды қанағат тұтқан. Грузия 72-ші орында. Тізімдегі осы жағдайлар Қазақстанның орнықты даму үстінде екендігін білдіреді. Осыдан бес жыл бұрынғыдай жаһандық бәсекелестікке қабілеттілік жөніндегі жаңа тізімді Швейцария бастап келеді.
Ал, өткен жылдың нәтижесіне назар аударсақ, Қазақстан онда 51-ші орынға ие болып, біз мақсат еткен елуліктің табалдырығына табан тіреген болатын. Енді міне, елуліктің ішіне ендік. Мұнымен де тоқталып қалмасымыз анық. Өйткені, Елбасымыз Қазақстан дамуының 2050 жылға дейінгі стратегиялық мақсатын айқындай отырып, енді 30 елдің қатарына кіру талабын алға қойып отыр. Демек, келешек көкжиегіндегі алға қойған мақсатымыз қазіргіден әлдеқайда биік.
Бүкіләлемдік экономикалық форумның жаңа рейтингін жасаушы сарапшы мамандар оған қатысқан 148 елдің ішінде алға басқандарды атап көрсеткен. Солардың қатарында біздің Қазақстан да бар. Сонымен қатар, аса ірі елдердің жағдайына тоқтала кеткен. Осындай елдердің қатарындағы Қытай 29-орынды еншілесе, Бразилияның 56-орынға табан тірегендігін, Үндістанның 60-орынмен қанағаттанғандығын, Ресейдің осыдан бір жыл бұрынғы көрсеткішінен үш саты алға басып, 64-орынға қол жеткізгендігін атап көрсеткен. Сонымен қатар, бұрынғы Кеңес Одағы елдерінің арасында Ресейдің алдына Эстония мен Литваның, Әзірбайжан мен Қазақстанның шығып кеткендігін мәлімдеген. Қ азақстан- ның әлемді кернеген дағдарысқа қарамастан жыл өткен сайын жүйелі түрде алға басып келе жатқандығын қазіргі күні әлемнің әр шалғайындағы халықаралық сарапшылар назарға алып, атап көрсетуде. Олардың бірқатары біздің елімізде өтіп жатқан халықаралық форумдарға қатысқан кезде ел жетістігін өз көздерімен көріп, соған деген сүйсіністерін танытуда. Енді осындай сарапшылардың кейбірінің пікірлерін келтіре кетейік.
Роберт МАНДЕЛЛ, экономика бойынша Нобель сыйлығының лауреаты:
– Мен халықаралық валюта жүйесін реформалауды жақтаймын. Нақ осы мәселені талқылау үшін мен басқа бір елде емес, Қазақстанның өзінде болдым. Мұның себебі, Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев – осындай реформаны белсенді түрде жақтаушы және бастама көрсетуші саясаткерлердің бірі. Жаңа рыноктың өкілі болып табылатын ел үшін бұл жаһандық деңгейдегі үдеріске қосылудың әдемі тәсілі екендігі айқын. Өйткені, бұл үдеріс барысында сіз тек қана қатысушы ғана болып қалмайсыз және оны қанағат та тұтпайсыз. Қазақстан – реформа жасаушы ел. Сонымен қатар, сол реформаның жемісін көруші ел. Халықаралық рейтингтер бойынша Қазақстанның жылдан-жылға алға басуы – соның айқын көрінісі.
Доминго КАВАЛЛО, Жаһандық қатынастар мәселесі бойынша бас ғылыми қызметкер, Аргентинаның бұрынғы экономика министрі, осы елдің орталық банкінің бұрынғы төрағасы:
– Кезінде әлемге «Аргентина ғажайыбы» деп танылған біздің еліміздегі реформалар жүргізу ісіне менің де қатысым болды. Дәл осындай жағдайды мен қазіргі Қазақстан бейнесінен көріп отырмын. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен оның бүкіл халқы аз жылдың ішінде осы елде үлкен табыстарға жеткендігі үшін өте бір ризашылық пікірлерге лайықты деп есептеймін. Мені Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған салтанатты мәжілістегі Президент Н.Назарбаевтың сөзі мен сондағы алға қойған мақсаттары сүйсіндірген еді. Соңғы бір-екі жылдың өзінде сол мақсаттардың шынайылықпен орындалып келе жатқандығына көз жеткізу үстіндемін. Бұл елдің болашағының жарқын болатындығына сенімдімін.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз