
Еңбектің мәртебесін көтеретін мереке
*Қыркүйектің соңғы жексенбісі – Еңбек күні
Қазақстандағы Еңбек күні жыл сайын қыркүйектің соңғы жексенбісінде, еңбек етудің маңыздылығын және ел игілігі үшін жұмыс істейтіндердің үлесін атап өту үшін тойланады. Мерекеге байланысты еліміздің барлық кәсіпорындары мен ұйымдарында мерекелік іс-шаралар, шығармашылық және спорттық сайыстар өтеді. Мұның барлығы ұжымның бірлігіне, корпоративтік рухты нығайта түсуге бағытталған.
Біздің еліміздегі Еңбек күні Қазақстан Президентінің Жарлығымен 2013 жылдың қараша айында бекітілді. Бұл күнді атап өтудің мақсаты – барлық мамандықтарға деген құрмет көрсету және кез келген еңбектің маңыздылығын атап өту. Мемлекет басшысының Жарлығымен жарияланып отырған биылғы «Жұмысшы мамандықтары жылында» бұл күннің маңыздылығы артып, мәртебесі биіктей түсті.
Мереке құрметіне саналы ғұмырын адал да абыройлы еңбекке арнаған әр саланың «Еңбек ардагері» медалдары табыс етіліп, өзге де мақтау-марапаттаулармен ұлықталады. Мұндай құрметкееңбек жолында жоғары жетістіктерге қол жеткізген әр саланың майталман мамандары мен алдыңғы қатарлы жұмысшылары ие болады. Еңбек күнін тау-кен металлургия кешені, теміржол көлігі, көмір өнеркәсібі, мұнай-газ кешені, машина жасау, білім, денсаулық сақтау, химия өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, энергетика, банк мекемелерінің жұмысшылары атап өтеді.
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, Қазақстанда 2024 жылы ауыл шаруашылығынан бастап жоғары технологияларға дейінгі салаларда 9,2 миллион адам жұмыс істеген. Оның ішінде 7 миллион адам жалдауда (экономикадағы жұмыспенқамтылғандардың жалпы санының 76,2 пайызы), 2,2 миллион адам өзін-өзі жұмыспен қамтыған.
Дәулетқали АРУЕВ



