Жарнама
Жаңалықтар

Еңбеккердің мүддесі бәрінен де маңызды

Қазан айының 10-ы жыл сайын елде Кәсіподақтар күні ретінде аталып өтеді. Бүгінде Атырау облыстық Кәсіподақтар бірлестігі – өз қатарына 83 мыңдай кәсіподақ мүшесін біріктірген 670 бастауыш ұйымнан тұратын үлкен күш. Қазір облыстағы еңбек етуге қабілетті тұрғындардың 33 пайызы – кәсіподаққа мүше. Ұйым құрамын одан әрі толықтыра түсуге мол мүмкіндік те бар.

Кәсіби мерекеге орай Атырау облысы кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Әлібек СЕМҒАЛИЕВ біздің сұрақтарымызға жауап берген еді.

– Соңғы кезде еңбек қауіпсіздігі мен әлеуметтік қорғау саласында ілгерілеушілік байқалады. Оның нақты көрінісі – өндірісте жарақат алу деңгейінің төмендеуі, өлім-жітімнің азаюы. Екіншіден, қызметкерлердің заңды құқығын қорғау арқылы оларды жұмыстан негізсіз босатуға қарсы әрекеттер жасай бастадық. Жұмысынан заңсыз босатылған немесе қысқартылған азаматтардың бір тобы кәсіподақ ұйымының араласуымен, келісу комиссияларының ықпалымен және сот арқылы жұмысқа қайта алынды. Жұмыс берушілер, әкімдік және кәсіподақтар орталығы арасында келісімдер ресімделіп, еңбек қатынастарын реттеу, жұмыс жағдайларын жақсартып, әлеуметтік кепілдіктерді арттыру сияқты мәселелер қамтылды.

Атап айтуға тұрарлық жайт – кәсіподақтың қоғамдық беделі мен мүшелерінің игілігі үшін мәдени-демалыс іс-шаралары, балалар лагерьлері, санаторийлер, еңбек демалысы, кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік жағдайын көтеру бағытындағы шаралар жоспарлы түрде өткізіліп келеді.

Бүгінде «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы мен оның еншілес кәсіпорындары жанынан құрылған кәсіподақ комитеттері жұмысшылардың әлеуметтік кепілдіктерін қамтамасыз етуге күш салып келеді. Мәселен, былтыр еңбек шарттарына жалақыны индекстеу, қосымша демалыс күндерін беру және медициналық сақтандыру шараларын кеңейту төңірегінде пікірлесу туралы ұсыныстар енгізілді. Кәсіподақ белсенділерінің бастамасымен «Жұмысшыларды кәсіби қайта даярлау бағдарламасы» іске қосылып, 300-ден астам қызметкер қысқа мерзімді қайта дайындық курсынан өтті. Сөйтіп, жұмыс орнындағы қауіпсіздік деңгейі айтарлықтай көтеріліп, өндірістегі жарақаттану деңгейі 2020 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда екі есе төмендеді. Әлеуметтік диалогтың жүйелі жолға қойылуының арқасында жұмыс берушілер мен кәсіподақ ұйымдары арасында туындаған мәселелер сотқа дейінгі келісімдеу жолымен оң шешіліп отыр.

– Әлібек Аманжанұлы, бірлестік құрамындағы ірі ұйымдардың бірі – денсаулық сақтау саласы мен білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одақтары екенін білеміз…

– Иә, ол рас. Сіз айтқан ұйымдар бірінші кезекте ұстаздардың жалақысын көтеру және әлеуметтік мәртебесін арттыру жайын тұрақты көтеріп келеді. Ұжымдық шарттардың қамтылу жағынан алғанда бұл көрсеткіш – 90%. Кәсіподақтың бастамасымен мұғалімдердің кәсіби тұрғыдан дамуына арналған «Педагог беделі – қоғам айнасы» жобасы іске қосылды. Мектептер мен жоғары оқу орындарында ұйым есебінен демалыс орындарына және олардың балаларының жазғы лагерьге баруына жолдамалар, атаулы мерекелерге орай сыйақы беріледі. Басқа да материалдық ынталандыру шаралары қарастырылған. Мысалы, Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде кәсіподақ белсенділері жыл сайын 100-ден аса жас маманды әлеуметтік қолдау бағдарламасымен қамтиды.

Медицина қызметкерлері кәсіподағының Атырау филиалы дәрігерлердің артық жұмыс сағатын есептеу, түнгі кезекшілік үшін қосымша ақы төлеу мәселелерін реттеді. Кәсіподақтың араласуымен ауруханалар мен емханаларда қызметкерлер мен жұмысшылардың еңбек қауіпсіздігі, жеке бас гигиенасы бойынша жаңа стандарттар қарастырылған. Әлеуметтік пакеттер нығайтылып, жас мамандар үшін тұрғын үй көмегі мен қызметтік жатақханаға қол жетті.

– Еңбеккер үшін ең маңызды құжат – ұжымдық шарт. Осыдан туындайтын еңбек қауіпсіздігі мен еңбек қорғау мәселелері төңірегінде не айтар едіңіз?

– Қазір облыста 109 ірі кәсіпорынның 78,2%, ал орта деңгейдегі 110 кәсіпорынның 77,1% және 10 045 шағын кәсіпорынның 33,93%-ымен ұжымдық шарт жасалған. Шартта жұмыс беруші мен жұмысшылар арасындағы заңдылықтардың барлық нормасы айқындалады. Негізгі міндет жұмысшылардың жағдайын жақсартуды көздейді. Ұжымдық шарт кәсіпорын-ұйымдарда жұмыскерлерді әлеуметтік кепілдіктермен қамтамасыз ету және оларға қосымша қолдау көрсету мақсатында жасалады. Енді ұжымдық шарттарды цифрландыру жұмысы жүріп жатыр, яғни Еңбек HR жүйесіне енгізілуде.

Биыл облыс кәсіпорындарында өндірістік 41 жазатайым оқиға тіркеліп, ауыр жарақат алған 46 жұмысшының 7-еуі қайтыс болған. Олар көбінесе мұнай-газ, құрылыс және темір жол салаларында тіркелген. Еңбек кодексінің талаптарына сәйкес жұмыс берушілер жұмысшыларын еңбек міндеттерін орындау кезінде жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыруға тиіс.

Қаңтар-тамыз айларында жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шартының жасалуы – 51%. Бұл талаптар бұзылса, республика Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 230-бабы бойынша жеке тұлғаға – 10, лауазым иесіне, жеке нотариусқа, жеке сот орындаушыға, шағын кәсiпкерлiк субъектiсiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 160, орта кәсiпкерлiк нысанына – 400 және ірі кәсiпкерлiк субъектiсiне 1000 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салынады.

– Уақыт талабына сай қолданысқа енгізілген еңбек тәуекелдері картасы және еңбек шартына қатысты айтарыңыз қандай?

– Еңбек тәуекелдері картасы – облыс кәсіпорындарында еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау талаптарының сақталуын бағалау құралы. Облыстағы еңбек тәуекелдері картасына енгізілген 3062 кәсіпорынның 76-сы – орта, 87-сі – жоғары тәуекелге ие. Жоғары тәуекелге жатқызылған 12 кәсіпорында анықталған жалақы берешегіне қатысты тиісті шара қабылданды. Соның нәтижесінде маусым айында 40, шілдеде 38, тамызда 35 кәсіпорын жоғары тәуекел санатынан шығарылды.

Мониторинг көрсеткендей, тәуекелі жоғары кәсіпорындардың көпшілігі міндетті зейнетақы төлемдері мен әлеуметтік аударымдарды кешіктіруден туындап отыр. Әлеуметтік төлемдер жүргізілмеген немесе толық емес жүргізілген кәсіпорындарда түсіндіру жұмысы жүргізіледі, қажеттілігіне қарай уәкілетті органдарға тиісті ұсыныс жолданған.

Еңбек қатынастарындағы маңызды құжаттың бірі – еңбек шарты. 2021 жылы Еңбек кодексінде еңбек шарттарына қатысты маңызды толықтырулар мен өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, жұмыс берушілерге жұмыскерлердің еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне тіркеу міндеттелген. Қазір облыс бойынша 6298 кәсіпорын 161 670 электрондық еңбек шартын енгізіп, жұмыс 89 пайызға жетті. Ай сайын жүргізілетін мониторингтің нәтижесінде электрондық еңбек шартары енгізілмеген мекеме-кәсіпорындарға хат жолданып, түсіндірме жұмысы ұйымдастырылады.

Бірлестік қызметінің маңызды бір саласы – жергілікті әкімдіктер мен кәсіпорындар арасында жалпы жұмыссыз азаматтарды, оның ішінде мүгедектерді, пробация есебінде тұрған, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғандарды жұмысқа орналастыру жөнінде меморандумдар мен келісімдер жасалған. Заңға сәйкес, кәсіпорындарда бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдар жалпы жұмысшы санының 1%-ын және мүмкіндігі шектеулі жандар 2-4 пайыздың аралығын қамтуы тиіс. Заң аясында жергілікті атқарушы органдар сол үшін квота белгілейді.

Жалақы берешектерін өндіріп алу, еңбек құқығын қорғау, түсіндіру және ақпараттық-түсіндіру науқандары – еңбек қатынастарындағы әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етудің негізі. Бұл ретте еңбек инспекциясы тек қадағалаушы емес, ымыраға келтіруші, қоғаммен байланыс орнатушы институт ретінде де нығайып келеді. Осы бағыттағы көрсеткіштерге қарағанда, халықтың еңбек саласындағы құқықтық сауатының өсе түскенін көрсетеді.

– Биыл мемлекет басшысының Жарлығымен «Жұмысшы мамандықтары жылы» болып жарияланды. Соған орай жүзеге асып жатқан жұмыс бар ма?

– Қарапайым еңбек адамы – мемлекеттің тірегі. Жұмысшылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы – түптеп келгенде отандастардың өмір сүру деңгейінің көрсеткіші. Соны ескерсек жұмысшыларға тек еңбек етуге жағдай жасамай, олардың әлеуметтік проблемасын уақытында шешу – үнемі кәсіподақтардың басты назарында.

Атырау облысының кәсіподақ орталығы мен салалық кәсіподақтарда биыл жұмысшы мамандықтарына ерекше назар аударылды. Олардың мәртебесін арттыру, беделін көтеруге баса мән беріліп отыр. Еңбек адамының мүддесін қорғауда облыстық кәсіподақтар орталығы кәсіподақтар федерациясымен бірлесіп, өкілетті және атқарушы билік өкілдері, жұмыс берушілермен жиі кездесіп, олардың алдында түйінді мәселелерді ұсынумен қатар, шешу жолдарын да ойластырылады.

Елге кәсіби даярлығы жоғары, білікті жұмысшылар өте қажет, бұл – анық нәрсе. Жыл сайын мыңдаған инженер, құрылысшы және ауыл шаруашылығы маманы оқуын бітіріп шығады. Оларға білім беру үшін мемлекет қомақты қаражат бөліп жатыр. Алайда көпшілігі мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Олар арнайы білімді қажет етпейтін, тез табыс әкелетін жұмысты таңдайды.

Соңғы жылдары облыс әкімдігі, жұмыс берушілер мен өңірлік кәсіподақтар бірлестігі арасында үшжақты келісімдер, құқық қорғау органдарымен өзара ынтымақтастық байланысты нығайту мақсатында меморандум жасалып, қол қойылды. Құжатта нақты сектордағы жалақыны инфляция деңгейіне сәйкес міндетті түрде индекстеу, өндірістік кеңестер мен еңбек қауіпсіздігі инспекторларының қызметін жетілдіру, техникалық инспекторларға қатысты қосымша ынталандыру шараларын енгізу сынды міндеттемелер бекітілді.

Кәсіподақ ұйымы бар еңбек ұжымдарында ұжымдық шарт жасалып, орындалуы ұдайы қадағаланып отыр. Кәсіподақ ардегерлері, белсенді әріптестеріміз бен біздің ұсынысымызға бейжай қарамайтын әлеуметтік әріптестерді түрлі деңгейдегі марапаттарға ұсынып, салтанатты жағдайда табыс ету дәстүрге айналды.

– Әлібек Аманжанұлы, әсерлі әңгімеңіз үшін рақмет. Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын!

Сұхбаттасқан Дәулетқали АРУЕВ

Коллажды жасаған Сая РАМАЗАНОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button