Елі сағынған Хамит ақын туған жеріне ескерткіш болып оралды

басты жаналык2 Жаңалықтар

Атырау облысында Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті ақын Хамит Ерғалиевтің 100 жылдығы салтанатпен атап өтілді. Бұл шараға Қазақстан Жазушылар Одағы басқарма төрағасының орынбасары, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, ақын Ғалым Жайлыбай бастаған жас ақындар, Хамит Ерғалиевтің ұрпақтары қатысты. Ақынның 100 жылдығына арналған шара тек Атырау қаласында ғана емес, ақынның туған жерінде – Исатай ауданында да ұйымдастырылды.

%d0%b1%d0%b0%d1%81%d1%82%d1%8b-%d0%b6%d0%b0%d0%bd%d0%b0%d0%bb%d1%8b%d0%ba

«Жанарымда жұмыр жер…»

Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде «Жанарымда жұмыр жер» тақырыбында Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Хамит Ерғалиевтің туғанына 100 жыл толуына орай салтанатты кеш ұйымдастырылды.

«Өзегім толы ақ жалын» деп жырлап өткен ақын шығармашылығына арналған шараны Қазақстан Жазушылар Одағы Атырау филиалының директоры, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Қойшығұл Жылқышиев ашты.

Ақын мұрасын зерделеуге арналған кешке ұрпақтары Мұрат Хамитұлы, Алтын Хамит келіні және шөбересі қатысты. Еліміздің түкпір-түкпірінен арнайы келген жас ақындар, яғни Шығыс Қазақстан облысынан Айдана Сегізбаева, Орал қаласынан Мейірхан Марленов, Оңтүстік Қазақстан облысынан Әлімжан Әлішер, Ақтөбе облысынан Құндыз Жұбаева, Алматы қаласынан Аслан Тілегеновтер ақынға арнаған жырларын оқыды. Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті студенттері Хамит Ерғалиевтің өлеңдеріне кезек берді.

Қазақстан Жазушылар Одағы басқарма төрағасының бірін-ші орынбасары, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Ғалым Жайлыбай:

–  Хамит Ерғалиев – аңызға айналған адам, қазақтың аяулы перзенті. Бұл той – рух тойы, мәдениет тойы, құрметті азаматтарды әрдайым ұлықтап, еске алып отыруды жүзеге асыруды қолға алу керек,- деп тебірене сөйледі. Қаршыға Ахмедияровтың ақынға арнаған «Хамаң тол-ғауы» атты күйі орындалды.

Ақынның ұлы Мұрат Хамит-ұлы Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің  ректоры, профессор Абзал Тәлтеновке, университет студенттеріне үлкен алғысын білдіріп, ақын ұрпақтары атынан сыйлық табыстады.

Кеш соңында Абзал Ахатұлы келген қонақтарымызға зор ықылас білдіріп, алғыс айтып, университет атынан Мұрат Хамитұлына сыйлық табыстады және үшінші курс студенті Айсұлу Жексеноваға Хамит Ерғалиев атындағы стипендия тағайындады.

«Ерғали  күтіріндегі» тақта-белгі

Кеше Исатай ауданында Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Хамит Ерғалиевтің 100 жылдығына арналған шаралар жалғасын тапты. «Өмірім — өзім, өлеңім»  деп аталған әдеби-мәдени кеш өтті.

%d0%b1%d0%b0%d1%81%d1%82%d1%8b-%d0%b6%d0%b0%d0%bd%d0%b0%d0%bb%d1%8b%d0%ba5

Шараның беташары ретінде ақынның кіндік қаны тамған, тал бесікте тербетілген, балалық шағы өткен туған жері «Ерғали күтірінде» қойылған  тақта белгіні ауданның Құрметті азаматы Жанай Беркалиев пен ақынның ұлы Мұрат Хамитұлы ашты. Атырау қаласының Құрметті азаматы Нұрпейіс Мақашев игі тілегін жеткізді.

-Алашқа ортақ ардақты ақынның ғасырлық тойы болып жатыр. Ақ шашы Алатаудың шыңдарына ұқсаған Хамит ақынның күркіреп оқыған жырларын сағынды ел-жұрты. Күй атасы Құрманғазыға жырдан ескерткіш қашаған да дауылпаз  ақын Хамит Ерғалиев болатын. Бүгінгі күні ақын туған жерге тақта белгінің орнатылуы өте дұрыс болды. Бұл — ұрпақ үшін керек іс. Өйткені, ақынның жыры жас өрендермен болашақ ғасырларға жетпек,-деп тебіренді ол.

Тақта белгінің жанында ақын Жәниба Қарасаева да сөз алды.

-Қазақ әдебиетіндегі бірден-бір алып тұлға – Хамит Ерғалиев. Ұлы Отан соғысында да от кешіп жүріп жазған өлеңдерін жоғалтқан ақын жаны сәбидей шырқырады. Бірақ, оған жасыған жоқ. Алға ұмтылды. Сөйтіп, кесек-кесек дастандар дүниеге келді. Өнер тарландары жөнінде жазған дастандарын оқыған адам ақынның ірі эпик екеніне көзі жетері айқын. Бүгінгі шара – осының дәлелі. Тақта белгі арқылы осы жердің жас өрендері өздерінің Хамит ақынмен жерлес екендеріне мақтанатын болады. Ақын жырлары өміршең. Өміршеңдігін бүгінгі шарадан айқын көріп тұрмыз,–  деп толқи тұрып, ақынды еске алды.

Кешке арнайы келген ақынның ұлы Мұрат Хамитұлы да әкесі туралы естелік айтты. Шараға жиналғандарға алғысын білдірді.

 

Атамекендегі айшықты сәттер

Бұдан кейін осы аудандағы Хамит Ерғалиев ауылында орнатылған ақынның кеуде мүсінін ашу құрметіне Қазақстан Жазушылар Одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай, Атырау облысы әкімінің міндетін атқарушы Ғұмар Дүйсембаев, ақынның ұлы Мұрат Хамитұлы және шөбересі Мұстафа ие болды.

%d0%b1%d0%b0%d1%81%d1%82%d1%8b-%d0%b6%d0%b0%d0%bd%d0%b0%d0%bb%d1%8b%d0%ba2

-Ардақты ағайын! Қадірменді ақын ұрпақтары! ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің ірі классигі, теңіздей терең, даладай байтақ Хамит Ерғалиевтің кіндік қаны тамған ата жұрты — Атырауда бірнеше күннен бері ақынның ғасыр тойы тойланып жатыр. Осы тарихи күнге куә болып отырған барша қонақтарды Хамаң туған қасиетті  Аққыс-тауда орнатылған ақын бюстінің ашылу  салтанатымен шын жүректен құттықтауға рұқсат етіңіздер!

Шын талантқа тән қырағылық, көл-көсір терең білім, те-геурінді қуатымен Хамит ағамыз әдебиетте күй атасы — Құрманғазының, әйгілі Ахмет Жұбановтың, Тарас Шевченконың, Қаныш Сәтбаевтың бейнелерін сомдады.

Әсіресе, Құрманғазының сергелдеңге толы тағдыры мен дауылпаз күйлерінің шежіресін поэзия тілінде алтын әріппен өрнектеуі, ақынның туған ел алдындағы азаматтық миссиясын орындағанымен бірдей ғажайып құбылыс болды. Ал, Шекспирдің «Гамлеті» Ерғалиевтің аударуында айрықша құбылды.

Ақынның туған жері Атырауды, Нарын құм шағылдары мен Ақ Жайықты аңсап жазған жырлары сағыныш пен ізгілікке толы жауһар дүниелер еді. Осыншама мол мұра қалдырған маңғаз таланттың ғасыр тойы туған жердің ерекше күткен мерекесі болып табылады. Ақынның өзі: «Армысың, ауыл-аймағым,

Атырау, Нарын, Ақ Жайық.

Қош айтысып сенімен

Біз кеткелі ғажайып,

Талай қаңтар қалшылдап,

Талай жаз шықты-ау мал жайып»,- деп жырлаған атамекені үшін бүгін көңіл тебіренер ғажап күн болғалы тұр.

Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылып отырған шара шын мәнінде жырдың мерекесі болсын! Туған жерге туын тіккен ақынның ұрпақтарына тілеріміз, Хамаң рухы желеп-жебеп жүрсін! Азаттығымыз баянды болғай,- деді Атырау облысы әкімінің міндетін атқарушы Ғұмар Дүйсембаев.

– Қазақ поэзиясының қазынасын ғажап жырларымен толықтырған ақын – Хамит Ерғалиев. Эпикалық сарында буырқанып, Ақ Жайықтың ақжал толқындарындай тебіреніп жазған дүниелері  болашаққа сапар шегуде.  Қазақ жырының көкжалындай тегеурінді мінезі, көкте самғаған сұңқардай шабытпен жазған дүниелері жұртының еншісінде. Бүгінгі күні туған жерінде ақын ескерткішінің ашылуының өзі жұртының Хамаңа деген өлшеусіз махаббатының куәсі,– деді Қазақстан Жазушылар Одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ғалым Жайлыбай.

-Бүгінгі күні әкеміздің 100 жылдығына орай өтіп жатқан шараның қонағы болып қатынасып тұрмыз. Ақын ұрпағы ретінде ол кісінің қайталанбас тұлғасын ұмытпаған ел-жұртына разымыз,-деді ақынның ұлы Мұрат Хамитұлы.

-Қазақтың ұлы ақыны Хамит Ерғалиевке бүгін туған жерінде ескерткіш қойылды. Бұл үшін облыс әкіміне шексіз алғысымды білдіремін. Өйткені, ескерткіш қою үшін бюджетте ақша қаралмаған. Сөйтсе де ақынды ұлығылап отырған әкімге мың сан алғыс,- деді Қазақстан Жазушылар Одағы Атырау облыстық филиалының директоры, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Махамбет атындағы сыйлықтың лауреаты Қойшығұл Жылқышиев.  Хамит Ерғалиев ауылындағы орта мектеп оқушылары ақын өлеңдерін  мәнерлеп оқығанда  оның мәңгіліктің тағында жұртымен бірге екенін еске салғандай болды.

Бұдан кейін  облыс әкімінің міндетін атқарушы Ғұмар Дүйсембаев пен облыстық Мәслихаттың хатшысы Сағындық Лұқпанов ақын ескерткішіне гүл шоғын қойды.

 

«Өмірім – өзім, өлеңім»

Аудан орталығы – Аққыстау  селосындағы аудандық мәдениет үйінде ақынның мұражай бөлмесі ашылды.  «Өмірім – өзім, өлеңім» тақырыбындағы салтанатты жиын ақын өлеңдеріне жасалған әдеби композициямен басталды. Ақын өлеңдерін кезек-кезек жатқа оқыған жас өрендер Хамит Ерғалиевтің әдебиеттегі екінші өмірі басталғанын паш еткендей. Экраннан ақын туралы деректі фильм көрсетілді.

%d0%b1%d0%b0%d1%81%d1%82%d1%8b-%d0%b6%d0%b0%d0%bd%d0%b0%d0%bb%d1%8b%d0%ba4

– Осылайша, айналайын, ақындар,

Ұша алмасаң үніңді кім ма-құлдар?

«Жұртымыздың жүрегі боп соқ деуге,

Қанаты боп самға» деуге хақым бар,- деп саңқылдап жыр оқып отырған Хамаңның бейнесі экраннан көрінгенде көпшілік сағынышын жасыра алмады.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Қадыр Жүсіп Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Хамит Ерғалиевтің шығармашылығы жөнінде баяндама жасады.

Аудан әкімі Тұрарбек Сұлтанбеков сөз алып, аудан тұрғындарын қаламгер мерекесімен құттықтады.

– Қазақ әдебиетіндегі ең кесек тұлға – Хамит Ерғалиев. Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Хамаңның 100 жылдығы Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Осының өзінен-ақ ғажайып сәйкес-тікті, ақын жырларының қазақ әдебиетінің құнды мұрасына айналғанын тануға болады. Бүгін ауданымызда үлкен шара өтіп жатыр. Осыған атсалысып отырған баршаңызды поэзия мерекесімен құттықтаймын,- дей келіп, ақын ұрпақтарын сахнаға шақырды. Мұрат Хамитұлы мен Алтын Хамит келініне сый-сияпат көрсетіп, аудан атынан тілек хат табыстады,  иықтарына шапан жапты. Сонымен қатар, Қазақстан Жазушылар Одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбайға да Алғыс хат ұсынып, шапан табыстады.

Ақбас Алатаудың баурайынан ат арытып арнайы келген Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, ақын Ғалым Жайлыбай Хамит Ерғалиевке арнаған өлеңін оқыса, ұлы Мұрат Хамитұлы барша жер-лестеріне алғысын білдірді.

«Тұтастықты жерден үйрен, ей, досым,

Қашан ғана жер екіге жарылды?!»- деп жырлаған Хамит ақынға арналған кеште жас ақындар өлең оқыды.

Салтанатты  шараны Исатай ауданы әкімінің орынбасары Мәди Өтеғалиев қорытындылады.

 

Өлеңмен өрілген өр тұлға

Кеше Махамбет атындағы облыстық драма театрында Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Хамит Ерғалиевтің 100 жылдығына орай «Поэзия тарланы» тақырыбында салтанатты кеш өтті.

Театр фойесінде Ғабдол Сланов атындағы облыстық әмбебап кітапхананың «Өлеңмен өрілген өр тұлға» атты кітап көрмесі, Атырау облыстық тарихи-өлкетану мұражайының «Мәңгі өшпейтін үнің болам мен сенің…» тақырыбындағы фотосурет көрмесі ұйымдастырылды.

Қазақ әдебиетінің алыбына арналған поэзия кеші әдеби-сазды композициямен басталды. Сахна шымылдығы түріл-генде ақын дастандарындағы лирикалық кейіпкерлер  көрерменге қарап тұрғандай әсер қалдырды. Ортаға шыққан Хамит ақын сол кейіпкерлерімен тілдеседі.Шығармашылық адамының жай-күйін театр актерлері сәтті ойнап шықты деуге әбден болады.

Күй атасы Құрманғазы Сағырбайұлының да қабырғадағы суретіне тіл бітіп, ақын мұңына ортақтасады. Ал, академик Ахмет Жұбанов жардағы портреттен саңқылдай сөйлеп, жігеріне жігер қосқандай. Мұхитты қазақ даласына қайта оралтқан жезтаңдай әнші Ғарифолла Құрманғалиев, сонау Украинадан тағдыр жазуымен Маңғыстау даласына келіп, сүйегі қазақ жерінде қалған Кобзарь – Тарас Шевченко, Халық батыры Бауыржан Момышұлы да Хамитпен сыр бөліседі, жан дүниесінің аласапыран күйін ұғынады. Композиция соңында өзі де мәңгіліктің белдеуінен аттап бара жатқан ақынды көреміз. Көрермендер қойылымды жылы қабылдады.

Әдеби-сазды кешті Атырау облысының әкімі міндетін атқарушы Ғұмар Дүйсембаев ашты.

– Қазақтың аса көрнекті ақыны Хамит Ерғалиевтің 100 жылдығы – атыраулықтар үшін ғана емес, бүкіл еліміз үшін де үлкен мереке. Ақын соңына   сарқылмас қазына қалдырды. Өлеңдері мен дастандары жас ұрпақтың сүйіп оқитын құнды мұрасына айналды. Сонымен қатар, ол – өмір тынысын дөп басатын журналист, ойшыл  публицист. Бір халықты екінші халықпен табыстырған талантты тәржімашы. Отан үшін қан төккен жаужүрек жауынгер.

Хамит Ерғалиев – Атыраудың, Исатай ауданының Құрметті азаматы. Ақынның 100 жылдығының Атырау  топырағында басталғанына қуаныштымын. Екі күн ішінде көптеген шара өтіп жатыр. Ақын туып-өскен «Ерғали күтірі» деген жерде тақта-белгі  қойылса, Хамит Ерғалиев ауылында ескерткіш орнатылды.

Ақынның мерейтойын атап өтуге ұрпақтары қатысып отыр. Ол кісілерге де алғысымызды білдіреміз,- деген Ғұмар  Исламұлы  Хамит ақынның ұлы мен келініне шапан жауып, камзол кигізді, сый-сияпат ұсынды.

Ақынның ұлы Мұрат Хамит-ұлы Атырау облысы әкімдігі мен жұртшылыққа ақынды ұлықтағандары үшін алғысын айтты. Шара одан әрі әр облыстардан келген жас ақындардың «Поэ-зия падишасы» фестиваліне жалғасты.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА.

Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз