«ЕЛБАСЫНЫҢ СЕНІМІ – ЗОР МӘРТЕБЕ»

облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында облыс  әкімі  қайта  тағайындалды

Бақтықожа Ізмұхамбетов Атырау облысының әкімі қызметіне қайта тағайындалды. Бұл туралы кеше өткен облыстық мәслихат сессиясында белгілі болды.

 

Атырау – стратегиялық аймақ

Сессияда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Атырау облыстық мәслихаты депутаттарына жолдаған хаты оқылды. Хатта мемлекеттік қызметте үлкен тәжірибесі бар техника ғылымдарының докторы Бақтықожа Ізмұхамбетовті облыс басшылығына қайта тағайындау туралы ұсынысқа қолдау көрсету сұралыпты. Елбасы ұсынысын облыстық мәслихат депутаттары толық қуаттап, аймақ басшылығына Бақтықожа Ізмұхамбетовтің кандидатурасын бекітті.

Облыстық мәслихат депутаты Александр Думлер кезектен тыс Президент сайлауы кезінде дауыс берушілердің науқанға белсенділікпен қатысуы халықтың Елбасына деген сенімінің жоғарылығын көрсететінін айтты. «Атырау облысы әлеуметтік-экономикалық жағынан маңызды аймақ саналады. Соңғы жылдары облысымызда көптеген жағымды өзгерістер орын алуда. Елбасының аймақтар алдына қойып отырған міндеттерін бір команда ретінде табысты жалғастыратынымызға сенемін. Осы орайда, депутаттар корпусы Елбасы ұсынысын толық қолдайды» деді ол.

Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов Елбасының сенім артуын зор мәртебе деп қабылдайтынын айтты. «Өмір жолымдағы ең үлкен жетістігім – саналы ғұмырымда Елбасымен бірге жұмыс істеуім. Атырау өңіріне басшылыққа келгелі көптеген жұмыстар атқарылды. Әсіресе, үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында көптеген ірі жобалар жүзеге асырылды. Республикадан, жергілікті бюджеттен бөлінген бірде-бір қаржы облыстық мәслихат талқысынсыз жұмсалған жоқ» деген облыс басшысы алда тұрған міндеттерге тоқталды. 

Азғырға  газ  барады

Сессия аяқталған соң облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов журналистердің сауалдарына жауап берді. Бір кездері Құрманғазы ауданы, соның ішінде Азғырдан, Қызылқоғадан Атырау  бағытына шағын ұшақтардың қатынайтыны туралы хабар таратылғаны белгілі. Тіпті, «Аіr Astana» әуе компаниясының инженерлік инфрақұрылым мәселесі толық шешілген жағдайда, халыққа қызмет көрсетуге дайын екендігі айтылып қалған еді. Осы мәселе туралы журналистер сауалына жауап берген облыс әкімі мұның Үкімет деңгейінде шешілуі тиіс дүние екендігін айтты. «Бұл менің дәрежемде шешілетін мәселе емес. Бірақ, Азғыр біз үшін стратегиялық нысан болып қала береді. Сол себепті, бүгінде Азғырға газ құбырын жүргізу мәселесі қарастырылып жатыр. Менің есебімше, бұл күрделі жұмысқа 10 миллиард теңге көлемінде қаражат керек болады. Бірақ, нақты шешім сараптама жұмысынан соң шығады» деді облыс басшысы. 

Концерттік  залдың болашағы  қандай?

Журналистерді қызықтырған мәселенің бірі басы даудан арылмаған концерттік залдың жайы болды. Облыс басшысы жобаны мейлінше ел игілігіне пайдалануға тапсырма берілгенін айтты.

«Ауыл шаруашылығы кешенін не себепті ерекше назарда ұстайтындығым жөнінде менен көп сұрайды. Оған себеп, кейде экономикада дағдарыс жағдайлары орын алып жатады.  Сондықтан, бірінші кезекте біз халықты азық-түлікпен қамтуға тиіспіз» деді кезекті сауалға жауап берген облыс басшысы.

Облыс әкімі сүт өнімдері саласын дамытуда Атыраудың еліміздің өзге өңірлерімен салыстырғанда соңғы орында келе жатқанын да атап өтті. «Рас, бұл салада біз кенжелеуміз. Есесіне, біздің кешендер соңғы технологиямен жабдықталған» деген облыс әкімі ең үлкен жаңалықпен бөлісті. Гидропоника, яғни өсімдіктерді топырақсыз, жасанды қоректендіргіш ортада өсіру жобасы іске қосылыпты. Бір күнде он тонна өнім алынатын жобаны қаржыландыру бірінші жартыжылдықта аяқталады екен.

«Көп жағдайда менен жергілікті ауыл шаруашылығы өнімдерінің өтімділігі туралы сұрап жатады. Бастысы,  бизнес жасау емес, бұқараға мейлінше жағдай жасау. Яғни, халықты жергілікті, экологиялық тұрғыда таза өніммен қамтамасыз ете отырып, бағаны ырықтандыру, тұрғындарға жұмыс орындарын ашу. Жергілікті өнімдер әп дегеннен сатылып кетпеуі мүмкін. Бірақ, біз әлеуметтік тұрғыда жеңіп шығамыз» деді облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов журналистер сауалын қорыта отырып.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА,

Суреттерді түсірген

Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз